Бизнесті дамытуға БАСЫМДЫҚ БЕРІЛУДЕ
Қазақстанда соңғы уақытта әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға айрықша назар аударылуда. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының жұмыспен қамту мен шағын және әйелдер кәсіпкерлігін дамыту департаментінің директоры Айдана Тоғызбаеваның айтуынша, бұл бағытта бірқатар жаңа бастама қолға алынып жатыр екен.
– Біз кәсіпкерлерге қолдау көрсететін мекеме өкілі ретінде әйелдердің жағдайларын, тілектерін, талаптарын, мүмкіндіктерін ескеріп, соған орай бейімделуге тырысамыз. Сондай-ақ оларды әйелдер кәсіпкерлігі орталықтары аясында оқытамыз. Бүгінгі таңда жеті қызмет түрін ұсынып отырмыз. Бұл консультациялық ұйымдастырулар, кәсіптік оқыту немесе өзінде бар дағдысының деңгейін арттыру, жұмыс істеп тұрған бизнесті кеңейтуге бағытталған.
Келесі құрал – бизнеске шолу жасау, яғни кәсібі бар әйелдің ісіне бағалау жасау. Бұл ретте әйелдер бизнесін халықаралық талаптарға сәйкес дамытуды қажет ететінін айта кетуіміз керек. Сонымен қатар бізде тәлімгерлік бағыт та бар. Ірі іскер әйелдер басқаларын тәлімгерлікке алады. Сонда бұған дейін ол әйелдің өз кәсібінен тапқан табысы төмен болса, тәлімгерлердің арқасында табысын арттырып, дағдысын жақсарта бастайды, – деді Айдана Тоғызбаева.
Тәлімгерліктің жас кәсіпкерлерге тигізер пайдасын растайтындар көп. Соның бірі – «Jusan Bank» облыстық филиалының директоры, Тараз қалалық мәслихатының депутаты, Тараз қалалық іскер әйелдер қауымдастығының төрағасы Әмина Қайназарова.
– Тәлімгерлік дегеніміз – ұстаздық ету, үйрету дегенді білдіреді. Нақты айтқанда, тәжірибелі маман немесе кәсіпкер өзінің кәсіби білімі мен шеберлігінің арқасында бар білгенін тиімді әрі танымал әдіс арқылы тәжірибесі аз маманға немесе шәкіртіне үйретеді. Қазіргі таңда кейбір мекемелер мен компанияларда жоғары тәжірибелі қызметкер өзінің көрген-білгенін, түйгенін жаңадан келген қызметкерге үйрету арқылы оның бойына белгілі бір уақытта өзінің ісіне деген сенімділік пен жауапкершілікке машықтандырады. Бұл – бір жағынан, тәжірибелі мамандардың өзінің ісіне жастарды бейімдеу арқылы қалдыра отырып, сол компанияның ішкі ережелері мен жинақталған білімді олардың бойына сіңіріп, қабілетін ашу. Бір жылдан аса жеке кәсіпкер болып тіркелген әйел кәсіпкерлерге арнайы мамандар арқылы тәлімгерлік қызмет көрсетіледі. Қазіргі таңда облыстағы кәсіпкер әйелдерге тәлімгерлік қызметі бойынша анықталған мәселелеріне сүйемелдеу жүргізілуде. Олар қаржылық сауаттылық, команда құру, шығарған өтінімін брендке айналдыру, кәсіпті жүйелендіру, өзін-өзі дамыту сияқты дағдыларды қамтиды, – дейді Ә.Қайназарова.
Танымал бағыттардың бірі – қаржы көздерін тартуға үйрету, қаржылық сауаттылықты арттыру, тегін гранттар. Ең ірі жоба – «Бір ауыл, бір өнім» жобасы. Бұл құрал ауыл-аймақтардағы әйелдерге өндіретін өз өнімін қазақстандық дүкендердің сөрелеріне шығаруға немесе өнімді шетелге жөнелтуге жәрдемдесуге мүмкіндік береді.
Жақында ғана облыстың 300-ге тарта кәсіпкері бас қосты. «Пайдалы coffee-time» бизнес-форумында нетворкинг пен жаңа бизнес кейстер айтылып, мастер-класс ұйымдастырылды. Айта кетейік, игі бастама аясында 9 айда 34 кездесу өткен. Ал жобаға қызығушылық танытқан қыз-келіншектер саны тоғыз жүзден асып жығылады. Жоба Әмина Қайназарова және тағы да кәсіпкерлердің бастамасымен қолға алынған.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА
Келесі мақала