Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ОБЛЫСЫМЫЗДА ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ЖАҒДАЙ ТҰРАҚТЫ

ОБЛЫСЫМЫЗДА  ЭКОЛОГИЯЛЫҚ  ЖАҒДАЙ ТҰРАҚТЫ
ашық дереккөз
ОБЛЫСЫМЫЗДА ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ЖАҒДАЙ ТҰРАҚТЫ
Жыл өткен сайын әлем бойынша табиғатты қорғау мен табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Өйткені айналамызда күн сайын туындап жатқан экологиялық мәселелер барша адамзатты алаңдатып отыр. Елімізде бүгінгі күннің ең өзекті мәселесіне байланысты ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Мәселен, 2004-2015 жылдарға арналған Экологиялық қауіпсіздікті сақтау тұжырымдамасы да экологиялық ахуалдың жаңа технологиялық мүмкіндіктерін айқындап берген болатын. Одан кейін де қаншама экологиялық бағытта атқарылған жұмыстардың нәтижесі бүгінде өз жемісін беруде. Атап айтар болсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес әзірленген «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы аясында елімізде жыл санап экологиялық жағдай жақсарып келеді. «Жасыл» экономикаға көшу тұжырымдасы жүзеге асырыла бастағаннан бері жаңартылған энергия көздерін кең ауқымда пайдалану қарқын алуда. Ал Мемлекет басшысының 2020 жылғы желтоқсанда Климаттық амбициялар саммитінде Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді көздейтінін мәлімдеуі де тегіннен-тегін емес. Қазіргі таңда «жасыл» экономикаға көшу тұжырымдамасының екінші кезеңін іске асыру бағытында кешенді жұмыстар атқарылуда. 2021-2030 жылдарға жоспарланған екінші кезең суды тиімді пайдалануға, жаңартылатын энергетика технологияларын дамытуға арналмақ. Сондай-ақ «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының төрт негізгі бағыттары бойынша алдағы уақытта өңір-өңірде қарқынды жұмыстар жүргізілмек. Ұлттық жобаның бірінші бағыты «Таза Қазақстан» деп аталады. Аталған бағыт атмосфералық ауа сапасын жақсарту, қалдықтарды басқару және еліміздегі су нысандарының экожүйелерін сақтау сынды негізгі экологиялық проблемаларды шешуге ықпал етеді. Ал екінші «Үнемді Қазақстан» бағытында табиғи ресурстарды тұрақты пайдалануға ден қойылады. Бірінші кезекте, бұл су ресурстарына және экономиканың энергия сыйымдылығын төмендетуге қатысты екені анық. Ал үшінші «Табиғат» бағытының мақсаты – биоалуандықты сақтау және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамыту. «Экология болашағы» атты төртінші бағыт халықтың экологиялық білімі мен мәдениетінің деңгейін арттыруға арналмақ. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірімізде қандай жұмыстар атқарылуда? Жергілікті халықты алаңдатқан экологиялық мәселелер қалай шешіледі? Жуырда облысымызға жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев аталған мәселелерге назар аударды. Алдымен өңір тұрғындарымен кездескен министр алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарға тоқталып, көпшіліктің сұрағына жауап берді. Министрдің айтуынша, қазіргі таңда облысымыздағы экологиялық жағдай тұрақты. 2023 жылдың 9 айында облыста зиянды заттар шығарындыларының көлемі 44,805 мың тоннаны құраған екен. – Жамбыл облысының 2020-2024 жылдарға арналған экологиялық мәселелерді шешу бойынша жол картасында 15 іс-шара көзделген. Іс-шаралардың 10-ы орындалды, төртеуі орындалмады, 1 іс-шара алынып тасталды. Тамыз айында жол картасы жаңартылды және қазіргі уақытта орындалып жатқан 25 іс-шарадан тұрады. Жалпы Жамбыл облысының халқын толғандыратын жүйелі экологиялық бірқатар проблема бар екенін білеміз. Біріншісі – Тараз қаласының айналасында фосфогипс қалдықтары орналастырылған. Бүгінгі таңда көлемі 16 миллион тоннадан асатын фосфогипс жинақталған 2 үйінді бар. Тараз қаласынан 20 шақырым жерде үшінші үйіндіні іске қосу жоспарлануда. Бұл ретте фосфогипсті ауылшаруашылығында тыңайтқыш ретінде, сондай-ақ автомобиль жолдарын салу үшін пайдалануға болатынын атап өткен жөн. Бүгінгі таңда аталған мақсаттарға 140 мың тонна пайдаланылды. Осыған байланысты Жамбыл облысының әкімдігі ауылшаруашылығында, жол құрылысында фосфогипсті пайдалану бойынша жұмысты жандандыруы қажет. Сонымен қатар қатты тұрмыстық қалдық полигондарының нормаларға сәйкес келмеуі, рұқсат етілмеген полигондардың санының едәуір көп болуы да негізгі мәселелер қатарында. Облыс бойынша түзілген қатты тұрмыстық қалдық көлемі 2023 жылдың 9 айында 38,4 мың тоннаны құраса, 6 мың тоннасы қайта өңделді. Бұл түзілген қалдықтардың 15,7 пайызын құрайды. Бұл ретте сұрыпталған коммуналдық қалдықтар Шымкент қаласына қайта өңдеу үшін жіберіледі. Өйткені Жамбыл облысында қалдықтарды қайта өңдеу кәсіпорны жоқ. Бұдан басқа көп полигонда қоршаулар, рұқсат беру құжаттары, тарату қоры, таразы жабдықтары жоқ. Көптеген полигонның иелері мемлекеттік мекемелер болып табылатынын атап өткен жөн. Осы саладағы мәселелер 2023 жылдың 26 қыркүйегінде ҚР Үкіметінің отырысында талқыланып, нақты тапсырмалар берілді. Атап айтқанда, барлық өңірлердің әкімдіктеріне коммуналдық қалдықтарды басқару бағдарламасын әзірлеу тапсырылды. Тапсырманы орындау мақсатында министрлік өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері шеңберінде арнайы кәсіпорындарды субсидиялау тетігін қайта іске қосу жоспарлануда. Бүгінгі таңда ҚР Экологиялық кодексіне түзетулер қабылданған. Заңға тәуелді актілерді қабылдау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қажеттіліктеріне сәйкес өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері шеңберінде өңірлерді материалдық-техникалық жарақтандыруды іске қосу бойынша Экологиялық кодекске түзетулер енгізу үшін жұмыс жүргізілуде. Бұл ретте бүгінгі таңда қалдықтар бойынша жобалардың алдын ала пулы қалыптастырылуда. Стихиялық қоқыс үйінділерінің пайда болуын болдырмау үшін Экология және табиғи ресурстар министрлігі заңнамалық деңгейде бірқатар шара қабылдады. Қалдықтарды басқару жөніндегі кәсіпкерлік субъектілері үшін лицензиялау және хабарлама жасау тәртібі айқындалып, фракциялар бойынша қалдықтарды бөлек жинау жөнінде міндеттеме енгізілді. Сондай-ақ жеке тұлғаларға қалдықтармен жұмыс істеу жөніндегі талаптарды бұзғаны үшін айыппұлдар 10 АЕК-тен 50 АЕК-ке ұлғайтылды, – деген министр облысымыздағы балық және орманшаруашылығы саласындағы жұмыстарға қысқаша тоқталып өтті. Министрдің келтірген деректеріне сүйенсек, орманшаруашылығы саласында 2023 жылға бекітілген кешенді жоспарға сәйкес, облыс бойынша жалпы ауданы 19,1 мың гектар орманды молықтыру және орман өсіру жөніндегі іс-шаралар жоспарланған. Оның ішінде көктемгі кезеңде 6 020 гектарға көшет отырғызу жүзеге асырылыпты. Қазіргі уақытта сексеуілді 13 147 гектарға отырғызу жұмыстары басталған. Ерлан Нұрәлиұлы өңірімізде балықшаруашылығын дамыту мүмкіндігі жоғары екенін атап өтті. Бүгінгі таңда балықшаруашылығын жүргізу үшін 81 пайдаланушыға 88 суқойма бекітілген. Шапағат Әбдір
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар