Жақсы оқып, бонус ал!
Оқушылардың күздік демалысы аяқталып, екінші тоқсанның сабақтары басталып кетті. Демалыстан тың әсермен, жаңа ынтамен оралған оқушылар бұл жолы да жақсы оқып, бонус жинамақшы. Олай дейтініміз, «Kundelik.kz» пен «Нalyk bank»-тің бірлескен жобасы арқылы оқушылар қыркүйек айынан бері үздік оқығаны үшін ақша табуда. Бұл да бір бала үшін үлкен мотивация болып тұр. Балаңыз жақсы оқитын болса, әр «10» ұпай үшін 100 бонус ала алады. Осылайша еліміздегі оқушылардың оқуға деген ынтасы екі есе артты.
«Нalyk bank» осындай мүмкіндікті 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап ұсынып отыр. Оған 5-11-сынып оқушылары қатыса алады. Баға үшін берілетін бонустарды «Kundelik.kz» ұсынған аймақтарда ғана алуға болады. Ол үшін бар болғаны сабақты жақсы оқуы керек. Бала үшін артықшылықтың бірі – «Нalyk bank»-тің мобильді қосымшасында «Kundelik.kz»-тің электрондық күнделігіне кіре алады. Балаға картаны «Нalyk bank»-тің аталған қосымшасында немесе «Kundelik.kz» сайтында ашуға болады. Қажет деректерді енгізіп, сәйкестендіруден өтеді. Сонымен карта дайын болады. 5-11-сынып оқушылары «Нalyk bank»-тің мобильді қосымшасын смартфонына жүктеп алу керек. SMS-пен келген уақытша парольді енгізіп, кейін оны жеке парольге ауыстыруға болады. «Halyk QR», «Apple Pay», «Google Pay», «Samsung Pay» арқылы төлем жасап, бонустар алуға болады. Бонусты есептеу шарттарына тоқталсақ, максималды бонус – айына 3 000 бонус.
Бонус алып, өз ақшаларын кәдесіне жаратқан оқушылар да бар. Атап айтсақ, Тараз қаласындағы №8 Төле би атындағы мектеп гимназияның 8 «в» сынып оқушысы Имиля Кеңес ұтқан бонустарын «Тұлпар» жол жүру картасына салыпты. Осы сыныптың үздік оқушылары Алима Бекбосын, Томирис Сайлауқұл, Еңлік Абдрайымовалар да тапқан бонустарын алып, сауда дүкендері арқылы жейтін тағамдарын, тіпті тұрмыстық техника дүкендеріндегі 10 мың шамасындағы заттарды алғандарын айтты. Шәкірттердің көбі бонустарын ең бірінші жол жүру картасына салатынын тілге тиек етті. №1 Әлихан Бөкейханов атындағы мектеп-гимназияның 8 сынып оқушысы Іңкар Жаңабай бірінші тоқсанның өзінде 5 000 бонус жинаған. Алған бонустарына дүкендер желісінен керегін сатып алып, өз кәдесіне жаратыпты.
– Бұл білім мен жетістікке ұмтылудың тамаша тәсілі. Оқуда да, өмірде де адамға ең керегі – мотивация. Бұл ата-ана мен оқушы үшін үлкен бастама. Мен алған бонустарымды ақашаға айналдырып, «Март» сауда дүкені жақын болғандықтан сонда барып тамақтанамын, керегімді аламын. Үйде де ата-анамыз, әпкелеріміз «үй жинасаң, тірлік істесең, ақша береміз» деп айтушы еді. Екінші тоқсанда алған бонустарымды жимадым. Уақыты өтсе күйіп кетеді. Сол үшін бонусты күндегісін күнде жаратып жатырмын. Енді мектепте жүріп-ақ оқушы ақша таба алады. Әр бонусты ақшаға айналдырып, қажетіне жарата алады. Бұл жақсы емес пе? – дейді І. Жаңабай.
Қазіргі уақытта «Kundelik.kz»-те 325 мың мұғалім, 2,2 миллион оқушы, 1,6 миллион ата-ана белсенді жұмыс істейді екен. Ведомство мен жүйе арасында әріптестік шарт бар. Ұстаздар тарапынан 10 балл қойылуы төмендеп кетті дейді ата-аналар. Ал мұғалімдер жағы «Неге он балл қоймайсың?» деп оқушының ата-анасынан ұрыс естіп жүргендіктерін жеткізді. Қалай дегенде де жақсы оқығаны үшін оқушының еңбегін бағалау жақсы үрдіс. Жақсы іс жалғасын таба берсін!
Эльмира БАЙНАЗАРОВА
Келесі мақала