Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ӘДІЛЕТ ҮСТЕМДІГІНЕ ЖОЛ АШАТЫН ҚҰЖАТ

ӘДІЛЕТ ҮСТЕМДІГІНЕ  ЖОЛ АШАТЫН ҚҰЖАТ
ашық дереккөз
ӘДІЛЕТ ҮСТЕМДІГІНЕ ЖОЛ АШАТЫН ҚҰЖАТ
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде 2020 жылдың 29 маусымында Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс қабылданып, ол 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енгізілген болатын. Осы жаңашылдықты қолданысқа енгізу аясында жаңадан мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттар құрылған еді. Әкімшілік әділеттің басты мақсаты – азаматтарға басқарушылық шешімдер қабылдау процесіне белсенді қатысуға мүмкіндік беретін кепілдіктерді қамтамасыз ету. Сонымен қатар жоғары тұрған мемлекеттік органда немесе сотта жария-құқықтық дауларды қарау кезінде азаматтардың құқықтарын қорғаудың тиімді тетіктерін (механизмін) белгілеу. Өткен аптада сот жүйесіндегі өзгерістердің тиімділігін талқылау мақсатында облыстық сотта «Әкімшілік істер бойынша сот төрелігін іске асырудың өзекті мәселелері» тақырыбында кездесу өтті. Басқосуға судьялар корпусының мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары қатысты. Жиын Мемлекет басшысының осы жылдың 12 қыркүйегінде отандық бизнес және адам құқығын қорғау жүйесі өкілдерімен кездесу барысында айтылған тапсырмасын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылды. Жиынға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қатысты. Басқосуда жергілікті атқарушы, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы, жеке сот орындаушылар палатасы және адвокаттар алқасының басшыларымен тақырып аясында бірқатар мәселе талқыланды. Аймақ басшысы өз сөзінде мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері, құқық қорғау органдары мен соттар әкімшілік істерді қарау барысында тығыз байланыста жұмыс істеп, мәселені заң аясында шешу жолдарына ықпал ету қажеттігін, ең бастысы, азаматтардың заң алдындағы тепе-тендігін сақтаудың маңыздылығын айрықша атап өтті. – Бүгінде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы Мемлекет басшысы саясатының маңызды элементтерінің біріне айналып отыр. Бұл билік пен қоғам арасындағы әріптестіктің бір түрі. Ең алдымен, мемлекеттің ашықтығы, тек өзекті мәселелерді талқылауға ғана емес, сонымен қатар қабылданып жатқан шешімдерге де қатысты – бүкіл ел үшін маңызды шешімдер жабық форматта емес, олардың қатысуымен қабылдануын білдіреді. Мемлекет басшысы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында заң мен тәртіпті қамтамасыз етудің негізі ретінде заң үстемдігі мен сапалы сот төрелігін айрықша атады. Сот жүйесіндегі реформалар биліктің сот тармағын жетілдіру үшін түбегейлі жаңа әдістер мен жүйені енгізу керектігін де айтқан болатын. Сонымен қатар судьялардың кәсібилігі тақырыбын көтеріп, елдегі сот төрелігінің сапасын арттыру мәселесін де қозғады. Халықтың сот жүйесіне деген сенімі – басты міндет. Әрине, судьяларға ешқашан жеңіл болмаған және болашақта да оңай болмайтыны белгілі. Еліміздегі сот жүйесінің дамыған мемлекеттер сапына қосылуына үлес қосу – мәртебе әрі мақтаныш, – деген Ербол Қарашөкеев ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. Облыстық соттың төрағасы, жиын модераторы Ербол Ахметжанов сөз алып, әкімшілік әділетті құрудағы негізгі мақсаттарға қысқаша тоқталды. – Мемлекет басшысы сот билігі биліктің өзге тармақтары сияқты қоғамдық келісімге, саяси тұрақтылыққа, экономикалық дамуға және басқа да негізгі конституциялық қағидаттарға жауапты екенін айтқан болатын. Әкімшілік әділетті құру «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде билік өкілдерімен өзара қарым-қатынаста азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтарын сот арқылы қорғау кепілдіктерін барынша толық қамтамасыз ету үшін, сондай-ақ мемлекеттік аппараттың тәртібін арттыруда үлкен маңызға ие. Жария-құқықтық дауларды қараудағы соттың белсенді рөлі судьяға бұл салада істі бүге-шігесіне дейін зерттеп, даудың мән-жайын анықтауға мол мүмкіндік беріп отыр. Судья процеске қатысушылардың ұсынған дәлелдемелерімен және істегі өзге де материалдармен шектеліп қана қоймай, әкімшілік істі дұрыс шешу үшін маңызы бар барлық мән-жайды жан-жақты, толық және объективті түрде зерттейді. Өз бастамасымен немесе процеске қатысушылардың өтініш хаты бойынша қосымша материалдар мен дәлелдемелерді жинайды, сот ісін жүргізу міндеттерін шешуге бағытталған өзге де әрекеттерді орындайды. Сондай-ақ заңмен мемлекеттік органдарға өз шешімін не әрекетін түсіндіріп, негіздеп, дәлелдеп беру міндетінің жүктелуі азаматтардың теңсіздік ахуалында қалып қоюының алдын алып, қабылданған әкімшілік актінің негізділігін айқындауға сеп болады. Ал заңнамадағы процестік мәжбүрлеу шаралары процеске қатысушылардың жауапкершілігін арттыруға ықпал етуде. Ондағы процестік құқықтарды теріс пайдаланатын немесе процестік міндеттерді орындамайтын тұлғаға белгілі бір мөлшерде ақшалай өндіріп алуды қолдану процеске қатысушыларды процестік міндеттерді дәлме-дәл сақтауына итермелейді, – деді Ербол Ұлатайұлы. Өз кезегінде облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров те тақырып аясында өзінің орамды ой-ұсыныстарын ортаға салды. Прокурордың сөзіне сүйенсек, әкімшілік әділет жүйесін енгізу – Мемлекет басшысының маңызды реформасының бірі болып, бүгінгі күні сот төрелігінің ашықтығы мен сапасын одан әрі дамуына зор үлесін қосып келеді. – Қазақстан Республикасы – құқықтық мемлекет болғандықтан мемлекетіміздің басты кейіпкерлерінің бірі соттар екені барлығымызға анық. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген Төле би бабамыздың сөздерін басты қағидаға айналдырып, сот – әділдіктің басты жаршысы, ақиқаттың айнасы болып келеді. Еліміздің тәуелсіздік алғаннан бері сот жүйесінің кешегі жаңғыруы мен бүгінгі дамуы көз алдымызда және ертеңгі күнге деген мақсаты айқын, сенімі кәміл. Халық үніне құлақ асатын мемлекет құрудың тиімді құралы болатын – әкімшілік әділет Қазақстанда екі жылдан астам уақыттан бері жұмыс істейді. Осы кезеңде облыс соттары 2 мыңнан астам әкімшілік істі қарады, оның 400-і бойынша прокурорлар қатысып, заңдылығын қамтамасыз етті. Шағымданатын істердің басым бөлігі жергілікті атқарушы, әділет, салық және мемлекеттік аудит органдарының іс-әрекеттеріне қатысты болған. Қаралған істердің 60 пайызы бойынша мемлекеттік органдардың әрекеттері заңсыз деп танылған. Проблеманың негізгі себебі – азаматтар мен кәсіпкерлердің жолданымдарын объективті қарауды қамтамасыз етпеуі және қызметкерлердің біліктілігінің жеткіліксіздігі. Прокуратураның қадағалау актілерінің негізінде 60 тұлға тәртіптік және 27 тұлға әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Сондай-ақ мемлекеттік органдардың жеңілген даулар бойынша апелляциялық және кассациялық шағымдарының ұзақ мерзімде қаралуы – кінәлі лауазымды адамдарды әкімшілік жауаптылыққа тарту мерзімін өткізіп жіберуге әкелуде. Осыған байланысты барлық мемлекеттік органдар дауларды сотқа жеткізбей, әкімшілік құқық қағидаттарының, азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз етіп, туындаған сұрақтарды шешулері керек. Оған қоса бұл жұмысқа заң қызметтерін тарта отырып, оларды тек дау сотқа өткен кезде жұмысқа қатыстыру тәжірибесінен бас тарту қажет, – деп атап өтті Нұрғалым Мәжитұлы. Жиында облыстық соттың әкімшілік істері жөніндегі сот алқасының төрағасы Динара Нұрлыбаева баяндама жасап, сот саласындағы реформалардың шын мәнінде ұтымды өзгеріс екенін жеткізді. – Бұған дейін азаматтық сот ісін жүргізуде жария-құқықтық даулардың 85 пайызы мемлекеттік органдардың пайдасына шешілетін. Мұның себебі Азаматтық іс жүргізу кодексінің – тараптардың бәсекелестігі мен теңдігі қағидаттарында жатыр. ҚР Әкімшілік іс жүргізу кодексінде белгіленген қағидаттар жағдайды түбегейлі өзгертуге мүмкіндік берді. Адам құқықтарын қорғау жүйесі және отандық бизнес өкілдерімен өткен кездесуінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев соттардағы әкімшілік сот төрелігінің тиімділік көрсеткіштерін келтіріп, мемлекеттік органдардың осыдан қажетті қорытынды жасамайтынын, олардың жүйелі қателері бойынша жеткілікті жұмыс жүргізбейтінін, бұл азаматтар мен бизнесті қайтадан сотқа жүгінуге мәжбүр ететінін атап өткен болатын. Әкімшілік әділеттің жетістіктері мен аталған институттың азаматтардың өтініштерін қарау тиімділігін арттыруға және бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіруге ықпал еткенін тәжірибе көрсетіп отыр. Әкімшілік әділеттің аясында 2023 жылдың 6 айында 712 әкімшілік іс түсіп, 526 іс қаралды. Шешім шығарумен 180 әкімшілік іс қаралды, оның 100-і талап қоюшылардың (азаматтар мен бизнес субъектілерінің) пайдасына шешілсе, 80-інен бас тартылды. Оның ішінде мамандандырылған аудандық әкімшілік соттарының қатысумен 158 іс оң шешімін тапса, аудандық соттар 22 істің шешімін шығарды. Осы жылдың алты айында 53 іс бітімгершілікпен аяқталды. Оның ішінде талап-арызды қайтарып алуға байланысты (сот отырысы барысында) – 16, медиация тәртібімен – 33, татуласу туралы келісім жасасумен 4 іс дау-дамайсыз шешілді. Әкімшілік істерді қарау барысында судьялар азаматтар мен бизнес субъектілерінің сотқа шағымдары мен өтініштеріне негіз болған лауазымды адамдардың, әкімшілік органдардың жүйелі проблемаларын анықтады. Соңғы алты айда соттармен істерді қарау нәтижелері бойынша әкімшілік орган мен лауазымды тұлғалар атына 40 жеке ұйғарым шығарды, – деді Д.Нұрлыбаева. Өз кезегінде сөз алған облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Еркін Атымтаев биыл облыстық кәсіпкерлер палатасына 136 өтініш түскенін айтты. Оның ішінде кәсіпкерлікті қорғауға қатысты 74 істің 27-сі оң шешімін тауыпты. – ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс қысқа мерзім ішінде кәсіпкерлердің мемлекеттік органдармен дауларды әділ шешуге деген шынайы үмітіне айналды. Бүгінгі таңда жаңа кодекс аясында шешімдердің 64 пайызы қарапайым азаматтар мен кәсіпкерлердің пайдасына шешілуде. Атап айтқанда, мемлекеттік сатып алу саласындағы проблемалар – 23, мемлекеттік органдарға шағымдар – 18, жер мәселесі – 10, құқық қорғау органдарына түскен шағымдар – 4. Одан бөлек өзге де мәселелерге қатысты 12 іс қаралды. Осы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша, қорғалатын меншік құқығының сомасы 1 миллиард 637 миллион 97 мың теңгені құрады. Биыл кәсіпкерлік субъектілерінің мүддесі үшін 23 азаматтық іс тексерілді. Оның 15-і мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында, төртеуі мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында, біреуі Меркі аудандық сотында, төртеуі апелляциялық сатыда қаралды. Мемлекеттік органдардан маман­дан­ды­рыл­ған ауданаралық экономикалық сотына балалар клубтары саласында көрсетілген қызметтер үшін қаражатты қайтару бойынша – 7, мемлекеттік сатып алу саласынан – 2, жер қатынастарына қатысты – 2, берілген грант сомаларын қайтару туралы 1 іс келіп түсті. Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында палата өкілдерінің қатысуымен жер қатынастары саласындағы 2 және мемлекеттік сатып алулар саласындағы 1 дауды қарады. Меркі аудандық сотында берілген грант сомасын қайтару туралы 1 талап-арыз қаралды. Сондай-ақ апелляциялық сот алқасы балалар клубтары, мемлекеттік сатып алулар мен гранттар сомасы, жер мәселелері бойынша талап-арыздарға қатысты, – дейді Еркін Сәдуақасұлы. Сондай-ақ жиында облыстық соттың әкімшілік істері жөніндегі сот алқасының судьясы Оспан Мамытбеков, облыстың ауданаралық мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы Аманжан Жасұзақов, облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Ерлан Байболат және тағы басқалар баяндама жасап, пікірлерін білдірді. Қабылданған заңдарға сәйкес, Президент кәсіби судьялар корпусын сот реформаларының шешуші факторы деп атады. Кейінгі бес жыл ішінде елде парақорлықпен 17 судья ұсталған. Ал 29 адам теріс қылықтары үшін лауазымынан босатылды. Сондықтан бірінші кезекте саладағы кадрларды «тазарту» аса маңызды. Осы тұста Қасым-Жомарт Тоқаевтың сот жүйесіндегі реформаларда, ең алдымен, салаға жаңа мамандарды тартуды басты назарға алу туралы ұсынысы өте өзекті. Сот жүйесінде IT қызметтерді қолдану туралы реформа да сәтті жүзеге асып, бүгінде жүзеге асырылып келеді. Ең алдымен, бұл парақорлықпен күресудің өзіндік әдісі ретінде жұмыс істеп жатыр. Электронды сервистерді енгізу сот ісін жүргізуді едәуір жеделдетіп, сот жүйесінің ашықтығын арттырды. Сондай-ақ азаматтардың шығындарын азайта отырып, сот процесіне жылдам қол жеткізуге септігін тигізді. Сот жүйесіндегі IT қызметтердің мақсаты – азаматтар мен соттар арасында тиімді коммуникация құру, іс жүргізу кезінде туындайтын қиындықтарды болдырмау, қоғам тарапынан соттарға деген сенімді арттыру. IT-технологияларды пайдалану сот ісін жүргізудің әдеттегі процесіне жұмсалатын уақытты едәуір қысқартуға мүмкіндік берді. Реформалар процестердің ашықтығымен қатар, сот жүктемесі мәселесін шешуге де бағытталған. Мәселен, сотта күніне ондаған іс сұрыпталады. Бұл өз кезегінде судьялар жұмысының күрделі екенін көрсетеді. Енді жаңа заңнамаға сәйкес, елдің Жоғарғы Сот органына салықтық құқық немесе жер қойнауын пайдалану құқығы сияқты мамандандырылған құқық салаларында үлкен тәжірибесі бар көрнекті заңгерлерді тартуға болады. Осылайша жұмысты біршама жеңілдету қарастырылған. Жалпы сот жүйесіндегі реформалар, ең алдымен, халықтың судьяларға деген сенімін арттыруға бағытталған. Президенттің ұсыныстары негізінде тәжірибелі мамандарға баса назар аудара отырып, кадрларды жаңадан іріктеу, процесті жеңілдететін және адами факторды жоятын жаңа технологияларды енгізу, сот төрелігінің ашық алаңын құру жұмыстары бүгінде біртіндеп іске асырылып жатыр. ҚР Ұлттық даму жоспарына көз жүгіртсек, алдағы бірнеше жылда отандық сот жүйесін толық трансформация күтіп тұр. Ақтоты Жаңабай
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар