Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ЕЛІМІЗДЕГІ ЕКІҰШТЫ мәліметтер

ЕЛІМІЗДЕГІ ЕКІҰШТЫ  мәліметтер
ашық дереккөз
ЕЛІМІЗДЕГІ ЕКІҰШТЫ мәліметтер
Ғаламторды ашып қалсаңыз еліміздің қай саласында болмасын адамды екіұдай пікірде қалдыратын ақпараттар аз емес. Әсіресе әлеуметтік желіде азық-түлік бағасына қатысты халықтың арыз-шағымына негізделген мәліметтер де толып жүр. Бірақ ондағы айтылған бағалар расымен қымбат па? Міне, осындай мәселелердің байыбына бармай жатып байбалам сала беретін желі қолданушылары да қоғамдық пікір туғызып жатады. Сондай-ақ өтірік әлеуметтік төлем, тауар жеткізу қызметіндегі алаяқтар туралы да жалған жарнамалар толып жүр. Осындай контенттерді шолып көрсек. Әрбір қазақстандыққа өтемақы төлене ме? Әлеуметтік желілерде «төлемдер туралы жаңа қаулы» жөніндегі видео жарияланды, оған сәйкес Қазақстанның әрбір тұрғынына 150 мың теңгеден бастап өтемақы беріледі. Бұл ақпарат – фейк. Бейнероликте пайдаланушыларға «Төленбеген ақша қаражатын қайтарудың ресми өтемақы орталығы» – ТАҚҚ РӨО сайтына алып баратын сілтеме бойынша өту ұсынылады. Онда сатып алу кезінде банк картасын қолданған пайдаланушыларға салықтың қайтарылатыны айтылады. Ол үшін нұсқаулыққа сәйкес сауалнаманы толтырып, деректерді және өтемақы алатын тиісті картаның деректерін көрсету керек. Олай істеуге болмайды. ТАҚҚ РӨО – бұл бұрыннан белгілі алаяқтық схема, оның көмегімен қылмыскерлер ақшаңызды иемденуі мүмкін. Мұндай төлем жасау жарнамасы бұған дейін Ресей мен Беларусь елінде таралған. Қазақстанда мұндай видеолар 2020 жылы болған. Оларды ҚР Мемлекеттік кірістер комитеті ресми түрде теріске шығарды. Демек, әрбір қазақстандыққа өтемақы төленетіні туралы таралған ақпаратқа сенбеген жөн. «Төлемдер туралы қаулы» туралы ақпарат ҚР мемлекеттік органдарының ресми сайттарында да, БАҚ-та да жоқ. Алаяқтардың жеткізу қызметі Қазақстандықтар «WhatsApp»-та пошта жәшіктерінен табылған хабарламаның суретін таратуда. Бұл алдаудың жаңа түрі екен. Оған сенбеген жөн. Бұл хабарлама Қазақстанға Ресейден келді. Нақтырақ айтсақ, мұндай ескертулер өткен аптада Удмуртия пайдаланушыларының арасында тараған. Ақпаратта фейктің белгілері бар, онда нақты ақпарат ұсынылмаған. Желіден іздегенде фотосуретте көрсетілген телефон нөмірінің Башқұртстанда тіркелгені анықталды. Бірақ мұндай хабарлама арқылы жасалған алаяқтық фактілері тіркелмеген. Ол туралы барлық ескертулерде мессенджерде тараған ақпараттың мәтіні ғана қайталанады. Ресейлік «Сердитый гражданин» сайтында мәтіні ұқсас 2017 жылғы хабарлама табылды: «Назар аударыңыз! Жеткізушілер келді. Сіз үйде болмадыңыз, мына нөмірге қоңырау шалуыңызды сұраймыз». Онда басқа телефон нөмірі көрсетілген. Автордың айтуынша, хабарламаны коллекторлар қалдырған. Демек, таралған ақпарат шын екендігі расталмаған вирустық хабарлама болып шыққан. Ажырасудан алғашқы бестікке ендік пе? Интернет кеңістікте «Қазақстан ажырасу көрсеткіші бойынша әлемде бестікке енді» деген тақырыпта ақпарат желдей есіп жүр. Біз бұған дейін де Марғұлан Сейсембайдың ажырасу туралы айтқан мәлімдемесін тексерген едік. Ал жыл басында «Қазақстан ажырасулар саны бойынша әлемде екінші орында» деген тағы бір ақпаратты «Stopfake.kz» жоққа шығарды. Оқырманның сұрауы бойынша «Factcheck.kz» соңғы деректерге үңіле отырып, ақпаратты тексеріп көрді. БҰҰ-ның 2021 жылғы демографиялық жылнамасындағы (Demographic Yearbook-2021) ақпаратқа сай, Қазақстанда 1000 адамға шаққанда ажырасу коэффициенті 2,5 болды және алғашқы ондыққа кіреді. Дегенмен БҰҰ-ның жылнамасы рейтинг жасаумен айналыспайды, олар әрбір өңірді жеке-жеке береді. Сонымен қатар бұл жылнамада тек 118 мемлекеттің тізімі бар, ал БҰҰ-да 193 елдің бар екенін ескерсек, үкім дәлелденбеген. Өткен жылғы дерек жыл соңында жарияланады. Сондай-ақ 2014-2018 жылдағы тіркелген ажырасу коэффициентін қарасақ, Қазақстан «қызыл» аймаққа кіреді, яғни ажырасу көрсеткіші жоғары. Алайда статистика барлық мемлекетті қамтымайды. 2002 жылы Мальдив аралдарында ажырасудың ең жоғарғы көрсеткіші тіркеліп, Гиннестің рекордтар кітабына енді. Ажырасу коэффициенті 1000 адамға шаққанда – 10,97. Ажырасу – еліміздегі ең маңызды тақырыптардың бірі. Кейінгі жылдары (2020-дан бері) ажырасу көрсеткіші азайса да жалпы контексі азаймай тұр. Тіпті 2019 жылы 139 504 неке тіркелсе, 59 796 отбасы ажырасқан. 1000 адамға шаққандағы коэффициент 3,23-ті құрап, ХХІ ғасырдағы ең жоғарғы көрсеткішке жетті. Сарапшылардың пікірінше, жыл сайын тіркелетін неке саны азайғанымен ажырасу көрсеткіші әлі де жоғары. Қазақстан қоғамдық даму институты 2021 жылы «Ажырасу және оның салдары» атты әлеуметтік зерттеу жүргізді. Зерттеуде еліміздегі кейінгі жылдардағы ажырасудың негізгі себептерін жазды. Респонденттердің жауабы бойынша, ең көп таралған себептерге ерлі-зайыптылардың опасыздығы, ата-ана, туысқандардың отбасылық өмірге араласуы және тұрмыстық зорлық-зомбылық, маскүнемдік, қызғаныш және қаражаттың жетіспеушілігі жатады. Біздегі алма бағасы ТМД елдерінен қымбат па? Кейінгі бірнеше күнде түрлі сайттарда «Қазақстан алманың бағасы рейтингінде ТМД елдерінен жоғары тұр» деген ақпарат тарады. Рейтингке 98 мемлекет енген, оның ішінде Қазақстан 19-орында. Көптеген сайттар алғашқы дереккөз ретінде «EnergyProm»-ға сілтеген. Оқырманның сұрауы бойынша «Factcheck.kz» ақпаратты тексеріп көрді. Көптеген сайт сілтеген «Energyprom.kz» ақпаратты «Numbeo»-ның деректеріне сүйене отырып жасаған. Ал біз бұған дейін бірнеше рет «Numbeo» деректерінің әрі методологиясының күмәнді екенін жаздық. Себебі олар ақпаратты сауалнама түрінде жинайды және рейтингте тек 98 мемлекет бар. ТМД елдері арасындағы алманың бағасын салыстыру үшін әр мемлекеттің ресми статистикалық сайтына кіріп, талдау жасадық. Қазіргі таңда ТМД құрамына 11 мемлекет кіреді. Түркіменстан статистика сайтында ешқандай ақпарат жоқ, ал Тәжікстанда ең кейінгі ақпарат 2019 жылы жарияланған. Қолда бар ақпаратқа сай, ең қымбат қымбат алма Арменияға (1 килограмы – 1,42 доллар), ең арзаны Украинаға (1 килограмы – 0,56 доллар) тиесілі екенін анықтадық. ҚР Ұлттық статистика бюросының қазандағы дерегі бойынша, 1 килограмм алманың бағасы 601 теңге болды. Ең қымбат 761 теңге Өскеменде, ең арзан 471 теңге Түркістан қаласында тіркелген. Біз бұған дейін «Numbeo», «Studee.com», «ТурСтат» аналитикалық агенттігі, «Best countries» және тағы басқа методологиясы күмәнді, статистикалық сенімділігі сын көтермейтін әрі барлық елді қамтымайтын «халықаралық» деректер туралы жаздық. Алдағы уақытта егер де жоғарыдағы аталған дереккөздерге сілтеген қандай да бір материал байқасаңыздар, оны ары қарай таратпауларыңызды сұраймыз. Талғат Нұрханов
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар