Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ҚАЗАҚ-ҮНДІ ҚАРУЛЫ КҮШТЕРІ ЛАҢКЕСТЕРГЕ ТОЙТАРЫС БЕРДІ

ҚАЗАҚ-ҮНДІ ҚАРУЛЫ КҮШТЕРІ ЛАҢКЕСТЕРГЕ ТОЙТАРЫС БЕРДІ
ашық дереккөз
ҚАЗАҚ-ҮНДІ ҚАРУЛЫ КҮШТЕРІ ЛАҢКЕСТЕРГЕ ТОЙТАРЫС БЕРДІ
Қазақ-үнді қарулы күштері лаңкестерге тойтарыс берді. Құрлық әскері мен әуе десанттарынан құралған сарбаздар таулы аймақта жұмыла әрекет етіп, жаудың бетін қайтарды. Бұл облыстағы «Мәтібұлақ» әскери полигонында өткен оқу-жаттығу жұмыстарының сценарийі. Қос ел әскерінің әлеуеті қандай? Жиынды өткізудегі мақсат не? Таулы аймақта жаудың жасырынған жерін табудың ең тиімді тәсілі – әуеден бақылау жүргізу. Ол үшін арнайы тікұшақтар мен дрондар қолданылады. Қазақстанда да, Үндістанда да тау көп. Сондықтан екі елдің жауынгерлері тәжірибе алмасып, әскери тактикаларын бірге пысықтайды. Жақында аталмыш «KAZIND-2023» халықаралық қазақ-үнді оқу-жаттығуы қорытындыланды. Терроризмге қарсы операцияның барысын оқу-жаттығу жетекшісі, полковник Бауыржан Күреңкеев пен Үндістанның әскери атташесі, полковник Дхирадж Рамананд бақылады. – Мұндай бірлескен оқу-жаттығулар екі елдің әскерлері арасындағы қарым-қатынасты жоғары деңгейде құруға мүмкіндік береді. Біз әскери қарым-қатынасымызды жыл сайын жаңа оқу-жаттығу арқылы нығайтып отырмыз, – Д. Рамананд. Оқу-жаттығудың жоспарына сәйкес, заңсыз қарулы топ содырларының жасақтары шалғай таулы аймақта лагерь құрды. Біріккен тактикалық құрама командирі мобильді топтармен содырлар лагерін қоршауға шешім қабылдады. Олардың құрамында атқыштар, пулеметшілер, мергендер мен гранатометшілер болды. Содырлар лагерін сақинамен қоршап алған мобильді топтар рельефтің қатпарларын, шыңдардың беткейлерін және табиғи баспаналарды пайдалана отырып, биіктерге жақындады. Екі ел армиясының әскери қызметшілері құрама батальонға бірігіп, иық тіресе шабуылға шықты. Оқу-жаттығуға қатысушылар жауынгерлік жұптасу арқылы жұмыс істеді. Осылайша жұптасқан әскерилер ұрыс алаңында бір-бірін жауып, батальонның содырлар тығылған биікке жетіп, шабуыл жасады. Жаттығудың қорытынды кезеңіне дейін нұсқаушы-әдістемелік сабақтар топтамасы мен тренинг сабақтары өтті. Оларды жүзеге асыру барысында Қазақстан-Үндістан құрама батальонының әскери қызметшілері бірлескен іс-қимыл элементтерін кезең-кезеңімен зерделеп, жауынгерлік үйлестіру мәселелерін пысықтады. Оқу-жаттығу жетекшісі, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшысының жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары полковник Бауыржан Күреңкеевтің сөзінше, екі ел арасындағы оқу-жаттығу жұмыстарының арқасында сарбаздар тәжірибесін арттырып, білім алмасып, өзара іс-қимыл деңгейін арттырып келеді. – Оқу-жаттығудың кезінде біздің әскерлер тау шатқалында қалай қимылдау әдістерін үйренді. Екіншіден, үндістердің қалай қимылдайтынын үйренді. Олардың тактикасынан біз өзімізге керектісін аламыз. Және біз таулы жерде қалай жүру, қалай көмек көрсету, қалай қару-жарақпен қимылдау керек екенін көрсете алдық. Жаттығу барысында әріптестер бірлескен жұмыста жақсы нәтижелерге қол жеткізіп, тапсырмаларды жоғары деңгейде орындап шықты, – деді Б.Күреңкеев. Айта кетсек, Қазақстан Қарулы Күштерінен «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының бөлімшелері жыл сайын «KAZIND» оқу-жаттығуларына қатысады. Биыл оқу-жаттығудың жауынгерлік даярлық тапсырмаларын майор Мейрам Асылбеков басқаратын мотоатқыштар батальонының әскери қызметшілері орындады. Оқу-жаттығудың бастапқы кезеңінде қатысушылар көршілес әріптестерімен бір дегенде достасып кете алмай, аудармашыларға мұқтаж болды. Бірлескен жұмыс барысында Қазақстан мен Үндістанның әскери қызметкерлері бір-бірінің тілін үйреніп, аудармашысыз сөйлесіп, пікір алмасуға үйренді. Ұрыс қимылдары кезінде әскерилер қазақ, орыс, ағылшын тілдері арқылы сөйлесіп, үйлесімді әрекет ете бастады. Биылғы оқу-жаттығуға алғаш рет Қазақстанның Әуе-шабуылдаушы күштері мен Үндістанның Әскери-әуе күштерінің бөлімшелері қатысты. Біріккен Ұлттар Ұйымының ұзақ мерзімді миссиясы аясындағы оқу-жаттығу жиыны осымен 5 рет ұйымдастырылды. Үндістан Қарулы күштерінің әлеуеті жағынан әлемдік держава саналады. Сондықтан олармен осындай шараларды бірлесіп өткізу Қазақстан әскеріне тиімді. Келесі оқу-жаттығу Үндістанда өтеді. Ақтоты Жаңабай
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар