Ислам және медицина
Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға салауаттар мен сәлемдер болсын!
Ассаламуалейкум уа рахматуллаһи уә бәрәкәтуһ!
Асыл дініміз Ислам адам баласына жан саулығымен қатар тән саулығына да мән беруге шақырады. Денсаулыққа аманат деп қарап, саламатты өмір салтын ұстануға үйретеді. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресінің, 195-аятында: «Өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп-қатерге салмаңдар», деп, адамның денсаулығына зиян келтіріп, өліміне себепші болатын бүкіл істерден тыйған. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Денсаулықтың қадірін ауырмастан біл», деп насихат айтқан.
Тарихқа үңілер болсақ, осындай Пайғамбар хадисін басшылыққа алған Ислам ғалымдары медицина саласында керемет жетістіктерге қол жеткізген. Тіпті «медицина» терминінің өзі кейбір нұсқаларда Ислам ғалымы Ибн Синаның есімімен байланысты екендігі, ол «медет» және «сина» сөздерінен алынып, «Ибн Синаның тәсілімен емдеу» дегенді білдіретіні айтылған.
Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадисінде «Алла Тағала қандай да бір дертті түсірсе, оның шипасын қоса жіберген», деп айтқан (Имам Бұхари).
Бұл хадис сырқаттанған жағдайда адамдарды бақсы-балгерлерге бармай, ғылыми дәлелденген медициналық тәсілдермен емделуге ғана шақырып қоймай, сонымен қатар медицина саласындағы ғалымдарға ауруларға қарсы зерттеу жұмыстарын жүргізіп, бұрын белгісіз болған жаңа емдеу тәсілдері мен дәрілерді табуды насихат етуде.
Ендеше, дінімізде медицина ғылымының, денсаулық мәселесінің орны өте үлкен. Тіпті пайғамбарлықты растайтын ең үлкен мұғжизалардың бірі – адам емдеу болған. Иса Пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) мұғжизасы дауасы табылмаған жандардың ауруларын емдеу еді. Адамзаттың асыл тәжі, жер бетіне рақым етіп жіберілген ардақты Пайғамбарымызға да (с.ғ.с) науқастарды емдеуге байланысты білім берілген. Сол арқылы Алла елшісі (с.ғ.с) сырқаттанған уақытында өзін және отбасы мүшелерін, сахабаларын сол кездегі белгілі болған емдеу тәсілдері мен дәрілерді қолдану арқылы емдеген. Кейіннен медицина ғалымдарының зерттеуімен ол емдік тәсілдердің пайдалы екендігі анықталып, «Пайғамбар медицинасы» деген атаумен танымал болды.
Ол пайдалы заттар мен емделу тәсілдерінің негізгілеріне тоқталатын болсақ, мынадай:
Бірінші: Бал.
Бал – көнеден келе жатқан, табиғи емдік өнім. Оның бойында фруктоза, глюкоза, басқа да адам ағзасына пайдалы жетпістен астам пайдалы минералдар мен дәрумендер бар. Алла Тағала қасиетті Құранның «Нахл» сүресінің 68-69-аятында: «Раббың бал арасына: «Тауларға, ағаштарға және адамдар жасаған лапастар (күркелер) мен омарталарға ұя сал!» деп нұсқады. Содан соң «Әртүрлі жемістермен қоректеніп, Раббыңның сен үшін оңтайластырған (яғни жеңілдетіп қойған) жолына түс!» деп аян берді. Араның қарындарынан түрлі түсті сұйықтық шығады. Онда адамдар үшін шипа бар. Шынында ойлайтын қауым үшін мұнда ғибрат бар», деп айтқан.
Бұл аятта Алла Тағала: «Қарындарынан түрлі түсті сұйықтық шығады» деді. Онда «қарындарынан бал шығады» деп нақтылап айтпаған. Балдың өзі шипа, патшайымның азығы да шипа, желімі шипа, гүлінің аталық ұрығы шипа, керек десе уы да шипа. Бұл заттардың кейбірі вирусты жоятын қасиетке ие, екіншілері иммунитетті қуаттайды, тағы біреуі көзге, тері және тістерге пайдалы.
Алайда бал пайдалы екен деп оны бей-берекет қолдана беруге болмайды. Оны пайдаланғанда организмнің ерекшелігіне қарай, белгілі бір тәртіппен жүйелі түрде пайдаланған дұрыс.
Екінші: Қара зере майы.
Қара зере – ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистерінде ең көп кездесетін емдік құрал. Ал кез келген емдік құралдың шипалық әсері оны пайдалануға нұсқаған шипагерге деген сеніммен тікелей байланысты. Сол секілді бұл емді пайдалануға нұсқаушы Алла елшісі (с.ғ.с), ал оған әр нәрсенің қыр-сырын үйретуші сол емдік заттарды жаратушы, барлық нәрседен хабардар һәм барлық нәрсеге Құдіретті Алла Тағала. Қара зере турасында хадисте: «Расында қара зереде шипа көп. Ол өлімнен басқа барлық дертке шипа», деп айтқан (Имам Табарани).
Халид ибн Сағид былай дейді: «Ғалиб ибн Ажжармен бірге жолға шықтық. Ол жолда ауырып қалды. Мәдинаға жеткенде ол ауру болатын. Оның жағдайын білу үшін Ибн Әбу Атиқ келді де, бізге: «Сендер оған мына қара зерені беріңдер. Одан алты не жеті түйірін алып ұнтақтап, оның мұрнының екі жағына кезек-кезек маймен бірге тамызыңдар. Мен Айшадан (Алла оған разы болсын): «Расында, осы қара зере өлімнен басқа барлық дертке шипа», деген хадисті естігенмін».
Осы хадистер қара зерені күнделікті пайдалану тіпті дені сау адамға да денсаулықты жақсарту үшін сүннет болып табылатындығына дәлел.
Қара зеренің құрамында А, Е және С витаминдері мол, пайдалы минералдар көп және эфир майымен байытылған. Көне заман емшілері зерені иммунитет көтеруші, асқазан жұмысын жақсартушы, денедегі зиян қалдықтан арылтушы дәрілік шөп ретінде қолданған. Сондай-ақ қандағы холестеринді азайтып, зат алмасу процесін жақсартады.
Қара зере майы да басқа дәрілік өсімдіктер сынды дұрыс қолданбаса, зиян келтіруі мүмкін. Мәселен, оны аш қарынға ішуге болмайды. Сондай-ақ кей адамның қара зере майына аллергиясы болуы мүмкін.
Үшінші: Қан алдыру (Хижама).
Қан алдыру – бұл ағзада тұрып қалған арам қаннан құтылудың тәсілі. Қан алдыру ағзаға айтарлықтай пайда әкелетіні даусыз. Ата-бабаларымыз бұны шертпе, мүйізбен арам қан шығару деп те атаған. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзі де қан алдыру тәсілімен емделіп, өзгелерге де кеңес берген. Хадисте: «Расында сендердің ең жақсы емделу тәсілдерің – қан алдыру», деп айтылған (имам Муслим).
Ағзаны қанның бір бөлігінен босатудың нәтижесінде, оның ішкі резервті қалыпқа келтіру функциясы қосылып, ағзада жаңа қан бөліне бастайды. Жаңа қан ағзаны жаңартып, көптеген аурулардан емдейді.
Хиджама ағзаны дәрі қабылдамай, өзінің ішкі ресурстарымен емдейтін ем. Медициналық сүлікпен емдеу де хиджама ретінде саналады.
Қан алдыруды ниет еткен адам арнайы оны оқыған маман иесіне жасатуы шарт.
Төртінші: Құрма.
Құрма қасиетті Құран аяттарында көп кездесетін жеміс түрі. Тіпті ол жәннат жемістерінің қатарында екендігі баяндалған. Алла Тағала қасиетті Құранда мән берген бұл жемістің құрамын зерттеген кезде көптеген пайдалы заттар анықталған. Қасиетті Құранда Мәриям анамыздың Иса Пайғамбарды дүниеге әкелген кезіндегі оқиғада: «Сонда оны қатты қысқан толғақ бір құрма ағашына барып сүйенуге мәжбүр етті. Сөйтіп ол: «Әттең, бұдан бұрын ажал құшып, өліп кетіп, біржолата ұмыт болғанымда ғой!» деді. Сол кезде төмен жағынан бір дауыс: «Мұңайма! Раббың астыңнан бір бұлақ жаратты», деп дауыстады. «Құрманың бұтағын өзіңе қарай сілкі. Саған жас құрма түседі» (деген үн келді). Ал енді құрмадан же, судан іш. Көз айым бол!..» – деп айтылған («Мәриям сүресі», 23-26-аяттар).
Толғақ сәті келген кезде Алла Тағала салиқалы Мәриям анамызға құрманың дәмін татырды. Бұл Құрандағы әмір Иләһи даналықты меңзейді. Жақында ғалымдар құрманың әйел адам босанар кездегі берер пайдасын және де аяғы ауыр әйел мен іштегі нәресеге де пайдалы екендігін анықтап отыр.
Ғалымдардың зерттеуі бойынша, 10 түйір құрма адамға магнийдің, мыстың және күкірттің тәуліктік мөлшерін қамтамасыз етеді. Бұл жемісті шикі түрінде де, кептірілген түрінде де жей беруге болады.
Бесінші: Зәйтүн.
Зәйтүн туралы да қасиетті Құранның бірнеше аяттарында айтылған. Соның бірі Алла Тағала «Тин» сүресінің алғашқы аяттарында: «Інжірге және зәйтүнге, Сина тауына, осы бейбіт қалаға серт», деп, зәйтүнмен серт еткен. Алла Тағала қасиетті Құранда қандай да бір затпен ант етсе, оның өте үлкен маңызға ие екендігі белгілі.
Зәйтүн майы жүрек-қан тамырларының ауруын алдын ала емдеп, қанның қоюлануына жол бермей, қан тамырларының жүруін тездетіп, сонымен қатар қан қысымы көтерілген кезде оны түсіруге септігін тигізіп, ас қорыту жүйесін қалыпқа түсіреді, семірудің алдын алады. Зәйтүн майын халықтың басым көпшілігі көп қолданатын елде семіру пайызы төмен.
Зәйтүннің тағы да бір тамаша қасиеті қатерлі ісік ауруына душар болу қаупін сейілтетіндігінде.
Қадірменді жамағат!
Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өсиет еткен біздің денсаулығымызға пайдасын тигізетін сарымсақ, әл-хинди, қына, алоэ, анар, асқабақ сынды өсімдіктер мен жеміс түрлері өте көп.
Алла Тағала баршамыздың денімізге саулық, жанымызға амандық нәсіп етіп, қасетті жұма күнгі дұға-тілектерімізді қабыл етсін!
Жұма уағызын жүргізген облыстық«Һибатулла-Тарази» мешітінің наиб имамы Ғалымбек ЖӘПЕК
Келесі мақала