Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Азаттықтың айрықша атрибуты

Азаттықтың айрықша атрибуты
ашық дереккөз
Азаттықтың айрықша атрибуты
15 қараша – еліміздің ұлттық валютасының, яғни төл теңгеміздің айналымға енген күні. Ұлттық валюта – бұл елдің заңымен белгіленген ақша бірлігі. Валюта– тауарлар құнының шамасын өлшеу үшін пайдаланылатын ақша өлшемі. Бүгінгі күні өзіміздің валютамыз да елдің қаржылық тәуелсіздігінің ажырамас символына айналды. Сәл өткен күндерге шегініс жасасақ, біз Кеңес одағының ақшасымен өскен ұрпақпыз. Мектепте оқып жүргенде ата-анамыз берген 20 тиынды алып, асханаға қарай құстай ұшатынбыз. 20 тиынға төрт пряйник келетін. Бертінде, студент болғанда 3 сомға бір торт алып, ауылдан келген сәлемдемені «жуатынбыз». Ал ұлттық валютамызды қолымызға 4-курста оқып жүргенде ұстадық. Әрине, мақтаныш болды. Ол енді есейе бастаған, ел іргесіне бір кірпіш болып қалануды мақсат тұта бастаған шағымыз болатын. АҚШ-тың доллары, Қытайдың юаны, Швецияның кроны, Кувейттің динары бар, ал біз кімнен кем едік, өз алдымызға отау құрып, егемен ел атанып, осыдан 29 жыл бұрын біз де төл валютамызды шығардық. Иә, Қазақстан жаңа ұлттық валютасын енгізу қадамын 1992 жылы бастап кетті. Алдымен құрамына Меңдібай Әлин, Тимур Сүлейменов, Ағымсалы Дүзелханов және Хайролла Ғабжалилов сынды жоғары дәрежелі мамандар кірген арнайы комиссия құрылып, олар жаңа валютаны әзірлеу жұмысына бірден кірісіп кетті. Жаңа валютаның кескінін дайындау жұмыстары Алматы қаласында ерекше құпия жағдайда жүргізілген. Жаңа валютаның атауын «теңге» деп атау туралы шешім қабылданады. «Теңге» сөзі бастауын орта ғасырлардағы түркі мемлекеттерінің күміс ақшасы «денге», «таңғадан» алады деді сарапшылар. Ал қағаз ақшаға халқымызға белгілі ақын-жазушы, ғалым, ойшылдардың бейнелерін салу ұйғарылды. 1992 жылдың тамызында Ұлттық Банкте теңге купюрасының үлгілерін бекіткен дизайнерлер тобы Англияға жол тартады. Біздің мемлекетте ақша бастыратын фабрика жоқ еді. Құнды қағаз бастыратын қаржы да тапшы болған. Тегеурінді әрі жедел жұмыстардың нәтижесінде Ұлыбританияның «Harrison & Sons» деп аталатын шағын отбасылық баспаханасы қағаз ақшамыздың бірінші партиясын басып шығарды. Бұл жұмыс оларға бүкіл әлемге танымалдылық және ең жақсы экспорттық тауар үшін патшайым II Елизаветаның алтын белгісін алып келді. Ал алғашқы металл монеталарымыз Германияда жезден және никель күмістен жасалды. Шетелде әзірленген ақшаларымыз елге жалға алынған «Ил-76» ұшағымен тасымалданды. Сөйтіп 1993 жылғы қарашаның 13-і күні барлық газет ағартушы әл-Фараби, дәулескер күйшілеріміз Сүйінбай мен Құрманғазы, ғалым Шоқан Уәлиханов, ақын Абай, Әбілқайыр хан бейнеленген жаңа валютамыздың суреттерін басты. Ал 15 қарашада сағат 08.00-ден Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы – теңге айналымға енгізіліп, 18 қарашада сағат 08.00-ден бастап теңге Қазақстан Республикасының заңды төлем құралына айналады. Осы жылы қарашаның 22-сінде зейнетақы мен еңбекақы теңгемен беріле бастады. Елімізде валюта айырбастау пунктері ашылып жатты. Кейінірек Алматы қаласында Ұлттық Банктің Банкнот фабрикасы, Өскеменде Монета сарайы ашылды. Уақыт талабына сай теңгенің дизайны өзгерді. Бүгінде купюраларымыз 18 деңгейлі қорғаныс қабатына ие, қолдан жасау мүмкіндігі барынша шектелген қаржылық айналым құралы болып саналады. Демек біздің теңге дамыған елдердің валютасымен бәсекелесе алады. Осы орайда үш жыл қатарынан – 2011, 2012, 2013 жылдары әлемдегі ең әдемі ақша (10 мың, 5 мың және 1000 теңгелік банкноттар) деп танылғанын да атап өтейік. Теңге десе, елге белгілі сатирик, марқұм Үмбетбай Уайдин ұстазымыздың еске оралатыны бар. Ол кісі менің диплом жетекшім болған. Сондай жұмсақ, мейірімді жан еді. Бірде дәріс кезінде патриоттық сезім, отаншылдық туралы сөз болғанда, айтқан әңгімесі бар-ды. – Жерде жатқан тиынды көрсем, міндетті түрде көтеріп аламын. Ол 1 тиын болсын, 5 тиын болсын, мейлі. Сосын үйге әкеліп ыдысқа жинай беремін. Бұл ісіме үлкен екенмін деп намыстанбаймын. Бұл менің ұсақтығым емес, керісінше, ұлттық символымызға деген құрметім деп білемін. Себебі, әр тиында елдігіміздің басты белгісі – Елтаңба бейнеленген. Ал Мемлекеттік рәміздеріміз жерде жатпауы керек, табанға тапталмауы тиіс, – деген еді үлкен жүректі ұстаз. Бізге де төл теңгемізді құрметтеп жүрсін деп құлаққағыс қылып айтқаны екен-ау. Расымен де, біле-білген адамға елдігімізді айғақтап тұрған Мемлекеттік рәміздерді қастерлеуде ұсақ-түйектік болмаса керек. Ыдысқа жинау демекші, біздің бір таныстарымыз болды, қыз бен жігіт. Екеуі алғаш көңіл жарастырып жүрген кезде жігіт 3 литрлік банкаға 1 тиындарды жинай бастады. Ол да сол аяқасты болмасын деген ниетпен жинаған секілді болып көрінетін маған. Кейін уақыт өте келе жігіт: «Осы банка толғанда, біз үйленеміз» деп әзілдейтін. Расымен де екеуі үйленіп, балалы-шағалы болды. Қызық, ә?! Нұржамал ӘЛІШОВА, журналист
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар