Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қазақстанда «ANKA» дрондары өндірілмек

Қазақстанда «ANKA» дрондары өндірілмек
ашық дереккөз
Қазақстанда «ANKA» дрондары өндірілмек
Соңғы жылдары дрондар «Болашақтың қаруы» деп аталып жүр. Бүгінде ұшқышсыз ұшу аппараттарын өндіруге, оны соғыс жағдайында пайдалануға көптеген мемлекеттер қызығушылық танытуда. 2024 жылы Қазақстанда да Түркияның «ANKA» ұшқышсыз ұшу аппараттарын шығару жоспарланып отыр. Бұл жөнінде «ANKA» Turkish Aerospace UAV бағдарламаларын дамыту жөніндегі менеджері Эрол Оғыз мәлім етті. Оның айтуынша, қазір инвестиция көлемі пысықталып жатыр. Бұл бастаманың мақсаты – елімізде ұшқышсыз ұшатын аппараттардың өндірісін жолға қою ғана емес, сонымен қатар қазақстандық мамандарға білім беру. – Біз өндіріс орнын ашып қана қоймай, болашақта Қазақстанның ұшқышсыз ұшу аппараттарын өз бетінше өндіре алатындай тәжірибе мен технологияларға ие болуын мақсат етіп отырмыз, – деп түсіндірді Эрол Оғыз. Айта кетейік, 2022 жылы 10 мамырда Анкарада «Қазақстан инжиниринг» ҰК» акционерлік қоғамы мен «Turkish Aerospace» арасында әскери-техникалық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған. Осы құжатқа сәйкес, Қазақстанда «Қазақстан инжиниринг» еншілес компаниясы базасында «ANKA» ұшқышсыз ұшу аппараттарын құрастыру және техникалық қызмет көрсету желісі ұйымдастырылады. «ANKA» ұшқышсыз ұшу аппараты Таяу Шығыстағы, Таулы Қарабақтағы ұрыс қимылдарында қолданылып, тиімділігін көрсетті. Ұшу аппараттарының жүк көтергіштігі 300 келіге дейін, ал мұздан тазарту жүйесінің болуы суық ауа райында да ұшуға мүмкіндік береді. «ANKA» аппараттарының негізгі артықшылықтары – барлау, нысананы дәлдеу, артиллериялық атысты түзету. Сонымен бірге дрондар жерден нысандарға соққы беретін авиацияны бағыттап, әуе шабуылына қарсы қорғаныс құралдарын анықтап еңсере алады. Дұшпанның аса маңызды нысандарын жою «ANKA»-ның тағы бір артықшылығы. Аталған сипаттамалар жаңа қару түрінің мүмкіндіктерінің бір бөлігі ғана. Ең бастысы ұшқышсыз ұшу аппараты жауынгерлік тапсырмаларды орындау кезінде жеке құрамның зардап шегуінің алдын алады. Ақтоты Жаңабай
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар