ЖАТ АҒЫМ ЖАРҒА ЖЫҒАДЫ
Мемлекет тарапынан жастардың сапалы білім алуына, отбасын құрып, еңбек етуіне, өзін-өзі дамытуына барлық жағдай жасалған. Алайда шешілмей келе жатқан, наза аударарлық мәселелер де жоқ емес. Атап айтсақ жастар тәрбиесі, суицид, қылмыстың өсуі, жұмыссыздық, сондай-ақ дәстүрлі емес діни ағымдардың арбауына түсуі алаңдатпай қоймайды.
Әсіресе жастардың арасында жат ағымға жармаса кететіндердің бары көңілге кірбің ұялатады. Әлеуметтік және азаматтық тұрғыдан есею шағында жастар көбіне біз үшін жат ықпалды күштердің алдында әлсіздік танытады. Әсіресе жастар діни экстремизм мен терроризм субъектілері тарапынан жасалған идеологиялық шабуылдардың алдында қорғансыз болып келеді.
Барлық тарихи кезеңдерде жастар қоғамның ең ұтқыр, оқуға, жаңалық енгізуге және реформаларға бейім бөлігі ретінде сипатталғанын бәріміз білеміз. Қазіргі таңда тек білімді, ой-санасы терең, ақыл-ойы дамыған және кәсіби дайындалған жастар ғана сапалық, серпінді және инновациялық дамудың маңызды шарты мен кепілі болатынын, еліміздің болашағын қамтамасыз ете алатынын ешкімге дәлелдеп жатудың қажеті жоқ.
Қазақ халқының ұлы ойшылы Абай Құнанбаев өзінің қара сөздерінде: «Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оған замандастарының бәрі кінәлі» деп ұлағатты сөз айтты. Бұл жағдаят адам, қоғам, мемлекет дамуының маңызды қырларын ашып көрсетеді. Сондықтан мемлекеттің жастарды тәрбиелеуге, тәні сау және рухани бай жастар ортасын қалыптастыру үшін қолайлы жағдайлар жасауға ерекше көңіл бөлуі өте маңызды.
Бұған қоса, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қатысы бар азаматтық қоғам институттарының барлығы біздің болашағымыз алдындағы жауапкершілігін түсінуі қажет. Бірінші кезекте бұл, әрине, ата-аналар мен жақын туыстарға қатысты, өйткені, тәрбиелеу ісі адамның дүниеге келген сәтінен бастау алатыны айтпаса да түсінікті.
Дүниетаным негізі, адамның ақиқатқа деген көзқарасы балалық, жасөспірімдік және жастық шағында қалыптасады. Қазақ жастары үшін аға буын өкілдері – аталарымыз бен әжелеріміздің, әкелеріміз бен аналарымыздың ғибратты сөздері, мінез-құлқы мен даналығы тәрбиелік жағынан үлкен әсер еткен. Сондықтан отбасылық тәрбие институттарын барынша қолдау қажет.
Ұлт жанашыры, Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының «Балам деген жұрт болмаса, жұртым деген бала қайдан шықсын?!» деген терең мағыналы сөзі үлкен жауапкершілік жүктесе керек. Сонымен қатар ұлттық діни сананы әрбір отбасында насихаттап, дастарқан басында өсиет етіп айту керек. Қазақ халқының ислам дінін ұстанған ата-бабаларының тарихи, әдеби шығармалары, аңыз-дастандары, батырлар жыры, ертегілер, мақал-мәтелдері мен қара сөздерін жастардың бойына сіңіріп айтып отырудың маңызы бөлек. Сонда жастардың дәстүрлі діни санасы қалыптасып, рухани жаңғырған тұлға болып шығады. Ең бастысы радикалды, деструктивті, дәстүрлі емес жат діни ағымдарға қарсы иммунитет қалыптасады.
Бексұлтан БЕКМОЛДАЕВ, облыс әкімдігінің дін істері басқармасының діни экстремизмге қарсы насихат бөлімінің инспекторы
Келесі мақала