Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

COVID-19 жайлы жалған ақпараттар

COVID-19 жайлы  жалған ақпараттар
ашық дереккөз
COVID-19 жайлы жалған ақпараттар
Газетіміздің өткен санында COVID-19 пандемиясы кезінде жұрттың үрейін алып, ойын сан-саққа жүгірткен қауесеттердің, яғни фейк ақпараттардың бір парасын ұсынып едік. Әлемді шарлап кеткен бұл аңызға бергісіз контенттердің бәрі кейін жалған ақпарат екені дәлелденді. Ендеше біздің оқырмандар да мұндай фейктер жайлы біле жүрсін деген ниетпен осы тақырыпқа тағы бір оралып отырмыз. Тұмау қайда кетті? «Telegram» арналарда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының статистикасы талқылануда. Оған сәйкес 2021 жылы тұмау жойылып, былтыр қайта шыққан. Шын мәнінде не болды? Нақты ақпараттарды бір шолып көрейік. 2020-2021 жылдар аралығында тұмау жойылған жоқ. Оның аурушаңдық көрсеткіші өте төмен болды. АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының (CDC) мәліметтеріне сүйенсек, 2020 жылдың қыркүйегі мен 2021 жылдың мамыры аралығында АҚШ-та тұмау вирусына оң нәтиже небәрі 0,2 пайыз болды. Ал пандемияға дейін, яғни 2020 жылға дейін тұмау маусымында аурушаңдық 26,2-30,3 пайызға жеткен. Мұндай төмен көрсеткіш АҚШ-та ғана емес, бүкіл әлемде тіркелген. Тұмаудың таралуының төмендеуіне және аурушаңдықтың азаюына бірқатар себеп бар – COVID-19 пандемиясы кезіндегі шектеулер мен сақтық шаралары. Бұл маскалар тағу, қашықтықты сақтау, қолды жиі жуу және антисептиктерді қолдану. Сонымен қатар сауда-ойын-сауық орталықтары, кинотеатрлар, тамақтану орындары мен дүкендер сияқты қоғамдық орындардың жұмыс режиміндегі шектеулер де тұмаудың таралуының төмендеуіне ықпал етті. Демек, 2021 жылы тұмаудың толық жойылып, өткен жылы кенеттен қайта пайда болғаны туралы ақпарат жалған. Тұмау болды, карантиндік шектеулердің енгізілуіне байланысты онымен ауру жағдайлары азайған. Вакцина және қатерлі ісік Желі пайдаланушылар пабликтерде COVID-19-ға қарсы вакциналардан қатерлі ісік тудыратын зат табылғаны туралы видеомен бөлісуде. Бұл туралы видеода америкалық доктор Питер МакКаллоу мәлімдейді. Бұл қаншалықты рас? Алдымен роликке және оның қатысушыларына тоқталайық. Доктор Питер МакКаллоу covid-диссиденттік және вакцинацияға қарсы көзқарастарымен белгілі. Ол пандемия мен вакциналар туралы бірнеше рет қате және ғылымға қарсы ашық мәлімдеме жасаған. Мәселен, ол вакциналар өлімге әкеледі, ал инфекцияны жұқтырмас үшін вакцинацияланған адамдармен жақын қарым-қатынасқа түсуге болмайды деп айтқан. Видеодағы екінші кейіпкер – сұхбат алушы Алекс Джонс. Ол Америкадағы танымал конспирологтардың бірі, ол «Сэнди Хук» кіші мектебінде жаппай атыс болмаған және құрбан болғандар – актерлер деп мәлімдегені үшін сот алдында жауапқа тартылған. Яғни видеодағы ер адамдарға сенуге болмайды. Сонымен қатар вакцинада табылған SV40 заты туралы айтылған теория толығымен жалған. SV40 – бұл маймыл вирусы. 1955-1963 жылдары АҚШ-та полиомиелитке қарсы вакциналардың кейбір партияларынан осы ауру анықталған. Бұл жағдай препараттың негізі ретінде пайдаланылған маймылдардың бүйрегінен алынған жасуша сызықтарынан болған. Алғашқы зерттеулер аталған вирус пен вакцина алғандарда қатерлі ісіктің дамуының арасында ешқандай байланыс жоқ екенін көрсетті. Кейіннен Медицина институтының Иммундау қауіпсіздігін тексеру комитеті ауру анықталған полиовакцина қатерлі ісік ауруын тудырады деп қорытынды жасау үшін қолда бар дәлелдер жеткіліксіз деп мәлімдеді. Сондай-ақ вирус жұқтырған адамдарда ол қатерлі ісіктің дамуына ықпал етуі мүмкін деген ғылыми мәліметтер жарияланды. Дегенмен бұл жағдайдың COVID-19-ға қарсы вакциналарға ешқандай қатысы жоқ, өйткені олардан SV40 мүлдем анықталмаған және препараттарды жасағанда ауру жұқтырған жасушалар пайдаланылмаған. Қорыта айтқанда, таралған хабарлама – фейк. COVID-19-ға қарсы вакциналардан SV40 вирусы табылмаған, ал вакциналардың өзі қатерлі ісік тудырмайды. Мутант балалар Қазақстандықтар «Instagram»-да қорқынышты ақпарат таратуда. COVID-19-ға қарсы вакцинацияланған аналардан дамуында ауытқуы бар бала туады екен. Ақпаратта құйрығы мен бір көзі бар сәбилер туралы айтылады. Шындығында, бұл да ескі фейк. Түрік «Әл-ауқат» партиясының төрағасы Фатих Эрбакан 2021 жылы ауытқуы бар сәбилердің қорқынышты суреттерін ұсынды. Ол суреттерде көрсетілген барлық балалар, соның ішінде құйрығы бар бала – жүктілік кезінде COVID-19-ға қарсы вакцина алған аналардан туған деп мәлімдеді. Саясаткерді бірден әшкереледі. Ол көрсеткен суреттердің COVID-19-ға қарсы вакциналарға ешқандай қатысы жоқ екені белгілі болды, ал кейбіреулері графикалық реакторларда жасалған. Құйрығы бар сәбидің суреті – фотограф Саймон Стоунның 2009 жылы жасаған жұмысы. Түпнұсқа суретте құйрығы жоқ нәресте бейнеленген, автор суретте оған құйрық салып берген. Денесін түк басқан бала бар екінші суреттің де COVID-19 пандемиясына немесе вакциналарға қатысы жоқ. Суреттегі нәрестеде гипертрихоз немесе қасқыр синдромы бар. Бұл адам денесінің кез келген жерінде шаштың шамадан тыс өсуімен сипатталатын жағдай. Гипертрихоз туралы адамзат кем дегенде XVI ғасырдан бері біледі, яғни оның пайда болуына қандай да бір вакциналар себеп болмаған. Фатих Эрбакан көрсеткен үшінші суретте 2016 жылдың маусымында дүниеге келген сиам егіздері бейнеленген. Олардың тууы сирек кездеседі. Бұған екі себеп бар. Біріншіден, егіздердің жынысы әртүрлі, екіншіден, олардың ішкі органдарының көбі ортақ болған. Мұндай ауыр патологиясы бар нәрестелердің туу себептері туралы көпшілікке хабарланған жоқ, бірақ балалардың ата-анасының COVID-19-ға қарсы вакцинацияланбағаны белгілі, өйткені 2016 жылы мұндай вакциналар болған жоқ. Демек, түрік саясаткері көрсеткен суреттердің ешқайсысы COVID-19-ға қарсы вакциналар патологиясы бар балалардың тууына әкелетінін дәлелдемейді. Сонымен қатар бұл суреттердің вакциналарға қатысы жоқ, топтама ашық манипуляция және адамдарды шатастыру әрекеті болып отыр. Екпеден кейін өлім көбейеді Қазақстандық «Telegram» чаттарда фейктер мен манипулятивті мәлімдемелерден тұратын хабарлама тарады. Онда Швецияда COVID-19-дан көз жұмғандардың 70 пайызы толығымен вакцинацияланған адамдар құрайды, Тайвань Үкіметі вирусқа қарағанда вакцинадан көп адам қайтыс болады деп мәлімдеді, ал Ұлыбританияда мектеп оқушыларын вакцинациялау басталғаннан бері балалар өлімі 52 пайызға өсті делінген. Бұларға да тоқталайық. Швецияда COVID-19-дан қайтыс болғандардың 70 пайызын толық вакцинацияланған адамдар құрайды. Өткен аптада желіде осындай тақырыптағы жаңалықтар жариялана бастады. Бір қызығы, мұндай мәлімдемелері бар мақалалар ірі басылымдарда емес, негізінен жалған ақпарат шығаратын ресурстарға орналастырылған. Бұған «Svenska Dagbladet» ірі швед газетінде жарияланған мақала негіз болды. Онда швед мамандары елдегі вакцинацияның тиімділігінің төмендеу ықтималдығы туралы алаңдаушылық білдіріп отырғаны айтылған, бірақ COVID-19-дан қайтыс болған вакцинацияланған адамдардың басым бөлігі қарт және ілеспе аурулары бар адамдар екендігі атап өтілген. Әлемнің жетекші мамандарының айтуынша, бұл табиғи үрдіс және күтілген жайт. «COVID-19 қауіптілігін жақсы түсіну үшін «қалыпты» қауіпті қолдану» ғылыми еңбегінде COVID-19-дан қайтыс болу қаупі 35 жастан бастап жыл сайын ерлер үшін 9,7 пайызға және әйелдер үшін 10,4 пайызға артады делінген. Демек, КВИ-ден өлу ықтималдығы әр жеті жыл сайын екі есеге артады. Яғни 70 жастағы науқас үшін бұл аурудан өлу қаупі осындай диагноз қойылған 35 жастағы адамға қарағанда 32 есе жоғары болады. Осылайша егде жастағы вакцинацияланған адамдар арасындағы өлім-жітім көрсеткіштері вакциналардың тиімсіздігін дәлелдемейді. Бұған дейін Англиядағы жағдай туралы ұқсас фейкті жоққа шығарған болатынбыз. 2. Тайвань Үкіметі: Sars-CoV-2 вирусына қарағанда COVID-19-ға қарсы вакцинадан көп адам қайтыс болады. Тайвань Үкіметі мұндай мәлімдеме жасаған жоқ. Тайвань Ұлттық Синьчжу университетінің сайтында вакциналарды жеткізу, қалай және қай жерде егілуге болатыны туралы ақпарат үнемі жаңартылып отырады. Сонымен қатар Тайвань бұқаралық ақпарат құралдары COVID-19-ға қарсы вакциналар өлімге әкеледі деген қауесетті бірнеше рет жоққа шығарды. 3. Ұлыбритания: COVID-19-ға қарсы вакцинациядан кейін балалардың өлімі бес жылдағы орташа көрсеткіштен 52 пайызға жоғары. Бүгінгі күні мұндай статистиканың болуы екіталай, өйткені елде балаларды вакцинациялау 20 қыркүйекте, яғни бір ай бұрын ғана басталды. Вакцина 12 жастан асқан балалар мен жасөспірімдерге ғана салынады. Елдегі өлім-жітімнің жалпы статистикасы жылына бір рет есептеледі және балалар мен сәбилер өлімін ескереді. Тиісінше 20 қыркүйектен 20 қазанға дейін 12 жастан асқан балалар арасында өлім-жітім бойынша статистика жоқ. Ұлыбританияда COVID-19 пандемиясы аясында балалар өлімі төмендеді. Мәселен, 2019-2020 жылдары елде 3 423 бала қайтыс болса, 2020-2021 жылдары бұл көрсеткіш 3,067-ні құраған. Оның ішінде 70-і COVID-19-дан көз жұмған. Ұлыбританияда 2021 жылғы балалар өлім-жітімі бойынша статистика әлі жарияланған жоқ. 4. Израильде COVID-19 жұқтыру жағдайларының 84 пайызын вакцинацияланған адамдар құрайды. Ұқсас мәлімдеме алғаш рет «TikTok» әлеуметтік желісінде шықты. Автор Израильде COVID-19 жұқтырған ауруханаға жатқызылғандар толығымен егілгендер деп мәлімдеп, мұны елдегі науқастардың, екпе салдырғандар мен вакцинацияланбаған адамдардың саны көрсетілген кестені ұсынған. «Austin American Statesman» басылымы бұл кесте дұрыс түсіндірілмегенін хабарлады. Біріншіден, кестеде 20 жасқа дейінгі адамдар арасында ауру жағдайлары ескерілмеген. Екіншіден, постта вакцина алғанға дейін ауру жұқтырған адамдар туралы статистика көрсетілген. Үшіншіден, пост авторы Израильде вакцинацияланған адамдардың үлесі вакцина алмағандардан едәуір артық екенін ескермейді, сәйкесінше вакцина алған адамдар саны кез келген статистикада басым болады. 5. Нью-Йоркте ауруханаға жатқызылғандардың 90 пайызын вакцинацияланған адамдар құрайды. Анығында, бәрі керісінше. COVID-19 диагнозымен ауруханаға жатқызылған адамдардың көбі бұл ауруға қарсы егілмегендер. Кливленд клиникасының соңғы ақпаратына сәйкес, биыл тамыз айында ауруханаға жатқызылған КВИ жұқтырған барлық пациенттерінің 90 пайызы вакцина алмаған. Осы жылдың шілде айында NPR подкастында АҚШ-та COVID-19-бен ауруханаға жатқызылғандардың 97 пайызы вакцинацияланбаған адамдар құрайтыны хабарланды. 6. АҚШ-та егілген адамдар саны көп. Вермонт штатында COVID-19-дан сырқаттанушылықтың жаппай өсуі байқалуда. Бұл олай емес. Соңғы мәліметтерге сәйкес, Вермонт КВИ-дан сырқаттанушылық бойынша АҚШ штаттары арасында 17-орында. Ауру жұқтырғандар саны өспей, бірнеше апта бойы бірдей деңгейде қалуда. Бұл ретте індет жұқтыру, ауруханаға жатқызу және өлім жағдайларының басым бөлігін вакцинацияланбаған адамдар құрайды. 1 шілдеден 20 қазанға дейін штатта COVID-19 диагнозы 999 егілген және 4 596 екпе салдырмаған адамдарда расталды. Демек, постта келтірілген мәлімдемелердің ешқайсысы шынайы емес. Олардың барлығы сенімсіз дереккөздерден алынған, сондай-ақ дұрыс түсіндірілмеген немесе ойдан шығарылған статистикаға негізделген. Жасұлан Сейілханов
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар