Дарина дайындаған сусындарға сұраныс көп
Соңғы жылдарда онлайн сауда қызып тұр. Іздегеніңізді дүкен, базар аралап жүрмей және оған арнайы уақыт арнамай, үйде отырып-ақ интернеттен сатып ала аласыз. Уақыт үнемдеудің тамаша мүмкіндігі дерсіз. Шетелдерде әлдеқашан дамып кеткен бизнестің жаңа түрі біздің елде де жандана бастағалы біраз болды. Отандық саудагерлер де интернеттегі әлеуметтік желілер арқылы жарнама жасап, танылуда. Тіпті қазір тұтынушылар да әлеуметтік желі арқылы іздеп, дүкендерді өздері-ақ тауып баратын болған. Жұмысы тікелей әлеуметтік желілерге байланысты интернет-дүкенде жаныңа не керектің бәрі бар. Әлеуметтік желідегі онлайн сауданың мүмкіндіктерін пайдаланып, үйден шықпай-ақ табысқа кенеліп жүрген кәсіпкердің бірі – Дарина Шалабаева.
Әлеуметтік желі арқылы дүкен ашып, қымыз, саумал, құрт-ірімшік сынды ұлттық тағамдарды сату арқылы кәсібін дөңгелетіп жүрген Даринаның бұл бизнеспен айналысып келе жатқанына төрт жылға жуықтапты. Кейіпкеріміздің саумалы мен қымызы әсіресе пандемия уақытында үлкен сұранысқа ие болған. Сатылымнан еліміздің брендіне айналған Алтай балын да таба аласыз.
Ұлттық тағамдар сатушысы Дарина Байзақ ауданы, Диқан ауылдық округінің құрамындағы Аймантөбе ауылында туып-өскен. Негізгі мамандығы мейірбике. Екі ұлдың анасы демалыста отырғанда бос қарап отырғанша, жеке кәсіпті серік қылуды жөн көрген. Жұбайы да келіншегінің бастамасына қолдау білдірген. Ұлттық суындар мен ағарған өнімдерін кәсіпкер өз туған ауылы Аймантөбеден дайындап әкеледі.
– Кәсіпті қолға алғаныма көп жыл өте қойған жоқ. Десе де шүкір деймін, ісім оңға басып, саудам жақсы жүріп тұр. Өнімнің жүз пайыз сапалы екендігіне кепілдік бере аламын. Себебі барлық өнім өз туған ауылымнан әкелінеді. Жеп отырған наның болған соң, бәрі адалынан болғанын қалайсың. Сапалы, дәмді болғандықтан шығар, ағарғандарым сұранысқа ие. Әсіресе саумал мен қымыз. Сұм пандемия кезінде біздің саумалға сұраныс артып, адамдар Іnstagram арқылы дамылсыз жазып, тапсырыс беріп жатты. Саумалдың пайдасы расында да ұшан-теңіз. Өзіміз де осы саумалмен емделгенді жөн санаймыз. Әсіресе жаздың ыстық күнінде энергетикалық сусындар ішкенше, салқын қымыздан дәм татып шөліңді басқан жөн», – дейді келіншек.
Дарина қазақы бизнесінің дамуына Instagram әлеуметтік желісі мол септігін тигізіп жатқандығын айтады. Оның сөзінше әлеуметтік желідегі сауда бала күтіміне байланысты демалыста отырған аналар үшін үйде отырып ақша табуға таптырмас мүмкіндік.
– Әлеуметтік желінің зияны туралы түрлі пікірлер бар. Бірақ мәселе кімнің қалай пайдаланғанына байланысты. Бүгінде оны негізгі жұмыс көзіне айналдырып отырғандар да жетерлік. Бұрынғыдай дүкен-дүкенді аралап, әуре болмайсыз. Instagram ашып, тапсырыс берсеңіз, көп кешікпей қалаған затыңыз үйіңізге келеді. Таза жұмыс, адал еңбек, – дейді ол.
Кейіпкеріміз интернет саудамен енді айналыса бастағанда бойында «Арты қалай болар екен? Өз-өзімді ақтай аламын ба?» деген қорқыныш болғанын жасырмады. Бірақ онысы бекер екен. Қазір ұлттық тағамдары өтімді. Тіпті үйіне іздеп келіп, өздері алып кететін тұрақты тұтынушылары да аз емес. Өзге аудандардан да алдырып жататындар да бар. Бұрыш қосылғаны, қақталғаны дейсіз бе құрттың түр-түрі, балдай дәмді ірімшіктері, брынзалары, өнімдердің арнайы жиынтықтары көздің жауын алады. Дәмі де тіл үйіреді.
Даринаның әзірге жеке дүкені жоқ. Кейіпкеріміз алдағы уақытта кәсіп ашуды көздейтіндерге берілетін гранттарды жеңіп алуды жоспарлап отыр. Бұл мақсатына жету үшін арнайы бизнес-жобасын дайындап жатыр екен. Бүгінде ол болашақ кәсібін жан-жақты зерттеуде. Бұйыртып жатса, алдағы уақытта сүт өнімдерін сататын дүкенін ашу да ойында бар.