Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ПРЕЗИДЕНТТІК ЖАСТАР КАДРЛЫҚ РЕЗЕРВІНІҢ ІІІ КЕЗЕҢІ БАСТАЛМАҚ

ПРЕЗИДЕНТТІК ЖАСТАР КАДРЛЫҚ РЕЗЕРВІНІҢ ІІІ КЕЗЕҢІ БАСТАЛМАҚ
ашық дереккөз
ПРЕЗИДЕНТТІК ЖАСТАР КАДРЛЫҚ РЕЗЕРВІНІҢ ІІІ КЕЗЕҢІ БАСТАЛМАҚ
Кеше өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыс бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Лесбек Илебаев Президенттік жастар кадрлық резервіне кезекті іріктеудің ерекшеліктері туралы айтты. Департамент басшысының айтуынша, үшінші іріктеудің ерекшелігі – мемлекеттік аппараттың салалық кадрларға қажеттілігін ескере отырып, мақсатты іріктеу жүргізілмек. Іріктеу «Инфрақұрылымды, өнеркәсіпті дамыту және сауда саясаты», «Агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған ортаны қорғау», «Сыртқы саясат және инвестициялар», «Экономикалық және қаржылық саясат», «Цифрландыру», «Әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам» деген сияқты алты бағыт бойынша жүргізіледі. Сонымен қатар биыл үміткерлермен әңгімелесуді міндетті түрде салалық орталық органдар өкілдерінің қатысуымен өткізу жоспарланып отыр. Президенттік жастар кадрлық резервінің талаптарына сәйкес, іріктеуге жасы 35-тен аспаған, жоғары білімі және 5 жыл жалпы жұмыс тәжірибесі бар, мемлекеттік тілді «В1» деңгейінен төмен емес меңгерген Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады. Кандидаттардың құжаттарын қабылдау 2023 жылдың 1-30 қыркүйегі аралығында «pkrezerv.gov.kz» арнайы ақпараттық жүйесінде және онлайн режимде жүзеге асырылады. Іріктеу объективтілігін қамтамасыз ету үшін кандидаттардың деректері жеке нөмір беру арқылы жасырылады. Яғни бағалаушыларға үміткердің кім екендігі беймәлім болады. Осылайша үміткерлер алты кезеңнен тұратын сынақтан өтеді. – Президенттік жастар кадрлық резервіне тестілеу процесі аудио-бейне фиксациямен өтіп, өз бетінше өту шартының сақталуын қамтамасыз ету прокторинг жүйесімен қадағаланатын болады. Сондай-ақ үміткерлердің таңдаған салалық бағыттарына байланысты ситуациялық тапсырмалар түріндегі нақты проблемаларды шешуге деген көзқарасын бағалауға бағытталған кезеңде үміткерлер онлайн-режимде аудио-бейне жазбаны көріп, эссе жазады. Орындалған тапсырманың шешімі қызметтің тиісті бағыттары бойынша бір уақытта үш салалық сарапшымен бағаланады. Сарапшылар пулы академиялық орта мен бизнес қауымдастық өкілдері және мемлекеттік қызметшілерден құралған. Сондай-ақ үміткерлерге қойылатын талаптарға сәйкес, мінез-құлық индикаторлары арқылы кандидаттардың бойындағы белгіленген құзыреттерді анықтауға және бағалауға арналған бағыт бойынша ассессмент-орталығы арқылы сұхбат өткізіледі. Ал іріктеудің соңында Ұлттық комиссияның отырысы өтіп, Президенттік жастар кадрлық резервіне үздік 50 кандидат қабылданады, – деді Лесбек Құралбайұлы. Баяндамашының айтуынша, агенттік тарапынан іріктеудің барынша ашықтығы мен объективтілігі қамтамасыз етіледі. Кандидаттарды бағалау нәтижелері олардың жеке кабинетінде және кезең қорытындысы бойынша «pkrezerv.gov.kz» арнайы ақпараттық жүйесінде жарияланып, барлық азаматтар үшін қатысушылар туралы ақпарат қолжетімді болады. Баспасөз мәслихатының соңында департамент басшысы жастарды іріктеуге белсенді қатысуға шақырып, кәсіби мемлекеттік қызметшілердің жаңа легін қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды. Атап өту керек, 2019 және 2021 жылдары резервке алынған 350 адамның 264-і мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарында жұмыс істейді. Яғни жалпы санның 75 пайызы жұмысқа орналастырылған. Қазіргі таңда олардың ішіндегі 128 адам орталық мемлекеттік органдарда, 38 адам жергілікті атқарушы органдарда, 57 адам ұлттық компанияларда, 41 адам өзге де ұйымдарда қызмет атқаруда. Сондай-ақ олардың қатарында 31 резервші саяси лауазымдарға, 6 резервші «А» корпусының лауазымдарына тағайындалса, 1 резервист Мәжіліс Парламенті және 2 резервист мәслихат депутаты болып қызмет істеуде. Шапағат ӘБДІР sapagat.abdir@mail.ru
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар