Теміржолшылар үшін айтулы жыл
Жамбылдық теміржолшылар 2 408 шақырым болат жолға қызмет көрсетеді. Болат жол майталмандары үшін бастысы – қозғалыс қауіпсіздігі. Ал ағымдағы жылы Жамбыл магистральді желі бөлімшесіне қарасты телімдерде шаруашылық есеппен 12,8 шақырым жолға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілу керек болса, алты айда 7,4 шақырым жөнделді. Сондай-ақ осындай есеппен ағымдағы жылы 16,1 шақырым рельс тіреуіштері ауыстырылуы керек болса, алты айда 7,4 шақырымы ауыстырылды. Бұл жұмыстардың барлығы дерлік Ағадыр машиналандырылған жол дистанциясының СМД-80 ауыр техникаларымен атқарылды. Ал күшейтілген орта жөндеу жұмыстары 3,7 шақырымда жүргізілді. Жылдық жоспар – 20 шақырым. Көлік қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында осы және алдағы уақытта атқарылатын жұмыстардың көлемін білмекке Жамбыл магистральдік желі бөлімшесінің директоры Сұлтан Боранқұловқа жолығып, сұхбаттасқан едік.
– Сұлтан Адамбайұлы, бүгінгі күні пойыздардың кідіруіне және тоқтауына кедергі болып тұрған мәселенің бірі – болат жолдың бойына мал басының шығуы. Биыл қанша шақырым жолға қоршау қойылады?
– Иә, бұл күрделі мәселе болып отыр. Қолдағы мал теміржолдың бойына шығып, кедергі келтірген жағдайда оған жауапты мал иесі болады. Бұл әкімшілік жауапкершілікпен қаралған. Дегенмен телім бойында орналасқан кей шаруалар малы пойыздың астында қалып жатса, жауапкершіліктен қашып, мойындамай жатады. Сондықтан телім бойындағы тұрғындар мен шаруаларға түсіндіру шараларын жиі өткізіп тұрамыз. Ал ағымдағы жылы 130 шақырым жолға қоршау құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Алты айда 42,7 шақырымға сым тарту үшін бағаналар орнатуға жер қазылды. Жоспарды орындап отырмыз. Сонымен қатар 82 шақырым қоршауға жөндеу жұмыстары межеленсе, бүгінгі күні 30 шақырым жолда жөндеу жұмыстары аяқталды.
– Түсіндіру және профилактикалық шаралар қалай жүргізілуде?
– Алдымен тұрғындар теміржолдың қауіпті аймақ екенін ескергені абзал. Жоғарыда айтып кеткендей, егер мал басы жолға шығып, қозғалыс қауіпсіздігіне кедергі келтірсе, мал иесі ҚР Әкімшілік Кодекстің 439 бабының 1-5-тармақтары бойынша жауапқа тартылады. Есепті мерзімде 3 157 азаматқа түсіндіру шаралары жүргізіліп, қолдарына жадынамалар таратылып берілді. Сондай-ақ стансаларда 155 жиын өтіп, оған 915 тұрғын тартылды. Болат жолға жақын орналасқан 123 мектепте кездесулер өткізіліп, 913 оқушы диктант жазды. Желілік ішкі істер бөлімінің қызметкерлерімен 17 рейд ұйымдастырылды. Жергілікті әкімдіктерге 84 хат жолданды. Бұл жұмыстар жыл барысында жалғасын табатын болады.
– Теміржол – ірі өндірістік кәсіпорын. Жұмысшылардың өндірістік жарақат алуының алдын алуда еңбекті қорғау мен техникалық қауіпсіздік біліктілігі жоғары болу керек. Соңғы жылдары мұндай оқиғалар тіркелді ме?
– 2021 жылдан бері жұмыс орнында өндірістік жарақат алу оқиғасы тіркелген жоқ. Ал жұмыс орнын жоғары деңгейде ұйымдастыру және еңбекті қорғау мен техника қауіпсіздігін білу біліктіліктерін жыл сайын көтеріп, техникалық оқулар өткізіп отырамыз. Үстіміздегі жылы жұмысшыларға 71 796 арнайы киім керек болса, бүгінгі күні 4 781 жаздық, 2 337 қыстық арнайы киім дайындалды.
– Бүгінде вокзалдардың барлығы Жамбыл магистральдік желі бөлімшесіне қарайды. Жалпы вокзалдардың жағдайы қалай?
– Бөлімшеге 7 вокзал қарайды. Тараз және Шу вокзалдары бірінші санатты. Түрксіб пен Сары-Шаған вокзалдары үшінші санатты. Ал Қаратау, Жаңатас, Шығанақ вокзалдары бірінші типтік вокзалдар қатарына жатады. Алты айда вокзал шаруашылығының кіріс көзі 20 693 мың теңгені құрады. Жоспар 82 пайызға орындалды.
– Биыл әулиеаталық теміржолшылар үшін атаулы күндерге толы жыл болып отыр. Оның қатарында Көлік қызметкерлерінің кәсіби мерекесінде Сары-Шаған стансасының 70 жылдығы және қазан айында Қазақстан теміржолының тарихында әлеуеті жоғары саналатын ірі құрылыстың бірі – «Шу-Мойынты» телімінің іске қосылғанына 70 жыл. Дайындық қалай жүріп жатыр?
– Иә, атап айтқанда, Әулиеатадан Бішкекке қарай болат жолдың төселгеніне 100 жыл. Жол Бішкекке 1924 жылы жеткен. Амандық болса, қырғызстандық теміржолшылар оның 100 жылдығын келесі жылы атап өтеді. Сондай-ақ Жамбыл бөлімшесінің құрылғанына 75 жыл. Қаратау-Жаңатас телімі құрылысының аяқталғанына 65 жыл. Яғни осыдан 65 жыл бұрын Жаңатасқа алғашқы пойыз кірді. Бұл даталардың қатарында стратегиялық маңызы жоғары, сол тұста іргелі құрылыс нысанына айналған Шу-Мойынты телімінің іске қосылғанына 70 жыл толып отыр. Құрылыс 1947 жылы басталып, 1953 жылдың қазан айының 27-сі күні пайдалануға берілді. Бұл телімнің құрылысымен Сары-Шаған, Шығанақ, Мыңарал, Хантау, Қияқты стансаларының да құрылысы қатар жүргізілген. Кеңес Үкіметі тұсында «23-ші магистраль» атанған «Түрксіб» ғасырлық құрылысынан кейін ірі құрылыс нысанына айналған «Шу-Мойынты» телімінің құрылысы «Халықтық құрылыс» деген атақ алып, оған Түркістан-Сібір теміржол басқармасынан Мұстафа Қазыбеков басшылық жасады. Ол Түрксіб құрылысының белсенді қатысушысы, кейіннен Түркістан-Сібір теміржолының бірнеше құрылыс ұйымдарын басқарған және сол кездері жол бастығының бірінші орынбасары болып істеген еді. Ал жолдың құрылысын қолдау бойынша республикалық комиссияны Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары Дінмұхамед Қонаев басқарды. Дінмұхамед Меңліахметұлы жаңа магистральді салуға қатысып жатқан көптеген ұйымдар мен орасан зор мөлшердегі адамдардың жұмысын үйлестіріп, бағыттап отырды. Сондықтан телімнің іске қосылғанына 70 жыл толған айтулы күнді атап өту қазан айына жоспарланып отыр. Бұл шаралар «Қазақстан темір жолы» АҚ» ұлттық компаниясының назарында тұр. Әрине, бүгінгі күні ірі құрылысқа қатысқан азаматтардың көбісі жоқ. Алайда олардың ұрпақтары жоғарыдағы стансаларда тұрақтап қалып, теміржолшылар династиясы даңғылын жалғап отыр. Ұрпақ сабақтастығы үзілген жоқ. Біздің басты мақсатымыз –
даңқты, еңбекқор жамбылдық теміржолшылардың ерен еңбегін ұмытпау, мүмкіндігінше оны дәріптеп, насихаттау. Бүгінгі бейбіт заманда да жартылай әскери тәртіпке бағынған теміржолшылар еңбек көрігін қыздырып отыр.
– Әңгімеңізге рақмет! Кәсіби мерекелеріңізбен!
Сұхбаттасқан Ерман ӘБДИЕВ, журналист
Келесі мақала