САНДЫҚ ТЕХНОЛОГИЯ ТЕМІРЖОЛ ҚЫЗМЕТІН ТИІМДІ ЕТУДЕ
Жүк тасымалы қызметін цифрландыру және автоматтандырумен қамтамасыз ету – «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы қызметінің басым бағыттарының бірі. Бүгінге дейін салаға енгізілген ақпараттық жүйелер сала жұмысының тиімділігі мен жылдамдығын арттырды.
Цифрландыру саласындағы басты бағыт –
тасымал құжаттарын қағазсыз технология бойынша ресімдеуге 100 пайыз көшу. Бүгінде елішілік қатынастағы вагондар бойынша қағазсыз технологиямен ресімдеу көлемі 95 пайызға жетті. Қағазсыз технологияны енгізу тұтынушылармен жұмыс істеу мерзімін айтарлықтай қысқартты. Мәселен, жоспарлау уақыты ел ішіндегі қатынаста 11 сағаттан 5 минутқа дейін қысқарса, экспорттық бағытта 2 күннен 1 сағатқа дейін азайды. Сонымен бірге ресімдеу процесі 30 минуттан 5 минутқа дейін кеміді.
Қазіргі таңда қазақстандық жүк жөнелтушілер тасымал құжаттарын жоспарлау мен ресімдеуді «Келісімшарттық және коммерциялық жұмыстар» басқарудың автоматтандырылған жүйесі арқылы жүзеге асырады. Жүйеге «ҚТЖ-Жүк тасымалы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 2 жарым мыңнан аса маманы жұмылдырылып, 42 мыңнан жоғары тұтынушы тіркелген. Мұның бәрі сыбайлас жемқорлықтың алдын алып, адами факторды азайтуға септігін тигізеді. Сондай-ақ жүк жөнелтушілер ағымдағы теңгерімді бірыңғай жеке шот бойынша көре алады. Ал қажетті ақпаратты «Төлем жүйесі» ақпараттық жүйесінің арқасында алуға болады. «ҚТЖ-Жүк тасымалы» серіктестігінің теміржол тасымалы тиімділігін арттыру мақсатында ТЭ33А сериялы жүк локомотивтері паркін Wabtec «Рейс белсендірушісі» цифрлық жүйесімен жаңартуда.
Заман талабына сай ұлттық компания «Цифрлық трансформация» бағдарламасын әзірледі. Бағдарлама көрсетілетін қызметтердің экономикалық тиімділігін көтеру, бизнес-процестерді жетілдіру, қызметті автоматтандыру және цифрландыру, қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыру есебінен іргелі өзгерістерді жүзеге асыруға бағытталған. Сонымен қатар «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының 2029 жылға дейінгі даму бағдарламасында белгіленген мақсаттарға қол жеткізуді көздейді. Ұлттық компанияның «Цифрлық трансформация» бағдарламасы 13 стратегиялық бастамадан тұрады. Оған 16 жоба мен 44 іс-шара кіреді.
Ал «Магистраль» АБЖ жобасы шеңберінде мобильді диагностикалық құралдар енгізілді. Жоба арқасында 7 бірлік МДК, яғни заманауи мобильді диагностикалық кешендер еліміздің магистральдік желісіне диагностика жасап, ультрадыбыстық және магнитті дефектоскопия, рельс пішінінің геометриялық параметрлерін бақылау, рельстер мен бекітпелердің жай-күйін бейнебақылау, георадиолокация және тағы басқаларын жүзеге асыруда. Бұдан басқа «Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, өнеркәсіптік және экологиялық қауіпсіздік саласындағы ІТ-шешімдерін енгізу» шеңберінде іске қосылған өндірістік қауіпсіздіктің интеграцияланған жүйесіне компания қызметкерлерінің 97 пайызы (110 мыңнан аса қызметкер) тіркелген. Бұл жүйенің нәтижесінде кемшіліктер дер кезінде анықталып, жойылып келеді.
«Цифрлық трансформа-ция» бағдарламасының маңызды жетістіктерінің бірі – Ақтөбе қаласында, Маңғыстау, Атырау, Қызылорда, Орал және Ақтөбе диспетчерлік учаскелерін бір орталықтан басқарудың жолға қойылуы. Ұлттық компанияда өндіріске енгізіліп жатқан келесі бір сандық жүйе – пойыз машинистеріне арналған мобильді қосымша. Қосымшаның негізгі міндеті –
тиімділікті арттыру және локомотив бригадаларының жұмысын жеңілдету. Қосымша арқылы машинистер тартым құрамының жағдайына мониторинг жүргізеді. Оны бес балдық жүйе бойынша бағалайды.
Райхан РАХМЕТОВА,
журналист
Келесі мақала