Жазушы рухына тағзым
Облыс руханиятына өлшеусіз еңбек сіңірген ерен тұлға, жазушы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Әлдихан Қалдыбаев тұрған үйге бұқаралық ақпарат қызметкерлерінің төл мерекесі қарсаңында мемориалдық тақта орнатылды.
Ескерткіш тақтаны Тараз қалалық мәслихатының төрағасы Кенжебек Олжабай, жазушы Елен Әлімжан және Әлдихан Қалдыбаевтың асыл жары Бану Тасболатова ашты.
Зиялы қауым өкілдері жазушыны бір сәтке еске алып, естеліктерімен бөлісті.
– Бүгін ерекше күн. Бұқаралық ақпарат құралдары күні мерекесі қарсаңында журналистика саласының ардагері болған, қазақ әдебиетіне олжа салған қайраткер Әлдихан Қалдыбаевқа ескерткіш тақта орнатылып отыр. Әлдекеңнің қазақ әдебиетіне берген олжасы өте көп. Ағамыз ұлттық құндылықтарды көп насихаттады. Сондықтан бүгінгі іс-шараға жазушыны білетін замандастары, ардагерлер, шәкірттері, жақындары өте көп жиналды. Баршаңызды бүгінгі ескерткіш тақтаның ашылуымен құттықтаймын. Алдағы уақытта да Әлдихан Қалдыбайұлының есімін ұмыт қалдырмай, әрдайым жадымызда сақтамақпыз, –
деді Кенжебек Олжабай.
Әлдихан Қалдыбайұлы 1939 жылы 3 қазанда Шу ауданындағы «Кербұлақ» ұжымшарында туған. 1963 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Еңбек жолын 1963 жылы Қызылорда облысының Арал ауданындағы Бөген орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастаған. 1965 жылдан бастап Жамбыл облыстық телевизия және радиохабарлар тарату жөніндегі комитетінде редактор, облыстық «Еңбек туы» газетінде әдеби қызметкер, Жамбыл облыстық партия комитетінің нұсқаушысы болып қызмет атқарды. 1976-1995 жылдары облыстық «Еңбек туы» (қазіргі «Aq jol») газеті редакторының орынбасары, бас редакторы болған. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағы облыстық филиалдарының төрағасы болған.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі
Келесі мақала