ЖҮЙКЕСІ ЖҰҚАРҒАН ЖАНДАР КӨБЕЙІП КЕЛЕДІ
Кейінгі кездері «Ашуыма тимеші», «Жынымды келтірмеші» дегенді жиі естиміз. Әсіресе қоғамдық орындарда. Тіпті қоғамдық көліктерде бір-бірімен ұрысып, дауыс көтеретіндерді күнделікті кездестіріп те жүрміз. Енді бір таныстардан «Бәрінен шаршадым», «Түңіліп біттім» дегенді де құлақ шала бастады. Мұның бәрі де мамандардың айтуынша, жүйкенің жұқаруынан болады екен. Дәрігерлердің кеңесіне ден қойсақ, көптеген аурулар жүйкенің жұқаруынан басталатын көрінеді.
Кейбіреулер тіпті титықтап жүргенін ауызбен айтпай-ақ ісімен көрсетуде. Мысалы, өмірден біржола кету үшін адамның өз-өзіне қол салуы. Болмаса аяқ астынан ызаға беріліп, қасындағыларға күш көрсетіп, қауіп төндіруі. Мұндай жағдайларға өмірдің ащы-тұщысын татқан, жасы егде тартқандар ғана емес, жап-жас балалар да душар болып жатыр. Жөнсіз әрекетіне тоқтау салып, тәртіпке шақырмақ болған мұғалімнің оқушысынан таяқ жеп немесе сөз естіген оқиғаларды да бүгінде құлақ естіп, көз көруде. Кешегілердің бір-ақ ауыз сөзбен жүгенсізін жөнге салған тәртібін орнату қазіргілерге оңай соқпай тұр.
Ғалымдардың зерттеуінше, күйзеліске шалдыққан әрбір төртінші адам өз өмірін өзі қияды. Айталық, өз облысымызда биылғы жылдың 4 айында 68 суицид фактісі тіркеліпті. Мұны облыстық полиция департаментінің мамандары өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 2,9 пайызға төмендеген деп саралайды. Қорқынышты жағдай азайғанымен, небары 4 айда осыншама адамның өз жанынан безуі ойландырады. Міне, бұл да жүйкенің жұқарып, ішкі күштің кемігенін байқатса керек. Ал жүйке неден жұқарады дегенге жауап іздеп көрелікші.
Дінтанушы-психолог маманның айтуынша, адам бойында пайда болатын жағымсыз әсерлер, түрлі аурулар ішіп-жейтін астың адал болмауынан басталады екен.
– Қазіргі адамдардың жүйкесі расында әлсіз. Себебі адамның ағзасына пайдасыз тамақ түссе, оның да адамға тигізер кері әсері бар. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) «Ішетін тамаққа мән бер» деген. Не ішіп, не жеп жүрсің, адал ас па, әлде арам ас па? Астың құрамы қандай? Табысың қалай келіп жатыр? Осыған көңіл бөлу керек. Пара, несие алу сол арқылы алған тағамдарыңызды арам етеді. Себебі пара да, несие де сенің Алладан келген адал ризығың емес.
Автоматизация, компьютеризация, интернет дамыған уақытта адамнан махаббат, мейірім азаяды. Себебі адамдардың бір-бірімен жылы жүздесіп, бетпе-бет тілдесуі азайып, бәрі смартфон мен компьютерге шұқшиса, адамдар арасындағы байланыс та кемиді емес пе. Махаббат пен мейірім төмендеген жерде адамдар бір-бірінің сөзін көтере алмайды. Виртуальный әлем адамды рухани әлсіздікке апарады.
Қанағатсыздық деген тағы бір себеп бар. Ұлы Алла Тағала Құранда: «Егер шүкір етсеңдер, арттыра беремін. Ал егер қарсы келсеңдер, азабым тым қатты» деп әмір еткен. («Ибраһим» сүресі, 7-аят) Көбіне кей кісілер көзі тоймай, өзіне шамасынан тыс жүк артып алады. Асқазанға түскен артық ас денсаулыққа қандай ауырлық түсіретін болса, ағзада артық өскен ет қандай кеселге шалдықтырар болса, «ала берсем» деген ниетпен мойынға жүктеп алған артық жүк те жүйкеге үлкен салмақ салады. Ал барына қанағат еткен жанның жүрегі тыныш болады. Жүрек тыныштығы адамды бақытты сезіндіреді. Ондай сезім жүйкені де әлсіретпейді. Қандай жағдай болса да Жаратушы Иеміз сабырлыны сүйетінін ескеріп, кездескен кедергілерді сынақ деп қабылдап, сабырмен қарсы алса, қауіп-қатерден де алыс боламыз, – дейді психолог-дінтанушы Назерке Жаналиева.
Әрине, маман сөзінің жаны бар. Соңғы кездері сананы тұрмыс билегені рас. Материалдық табыстың соңына түсіп, қарбаласқа кіріп кеткендер аз емес. Тіпті үйдегі балаларға көңіл бөлуге де уақыт таппайды. Соның салдарынан балалар өзіне керек тәлімді теледидар мен смартфоннан алып жатыр. Ал ондағы ақпарат көздерінің ашықтығы соншалық, атыс-шабысты да, болмашыға ренжіп, біреудің немесе өзінің өмірін қиятын небір азғындықтың тәсілдерін бойына сіңіріп жүр. Қатыгездік әрекеттерді жиі көре беру де адам жанына оны үйреністі қылық етіп сіңдіріп жібереді. Жағымсыздықтардан жирену, шошына қарау, жанның үркуі тыйылады. Міне, осыдан кейін өмірге енді ғана қадам басқан өскіннің де қатыгездікке еті үйренеді. Содан кейін ата-анаға қарсы келу, мұғалімге қол көтеру, жасы үлкенді сыйламау қоғамда белең ала береді.
Мамандардың тілімен айтсақ, қауіптен қорықпау, қатыгездікке бой үйрету, бәріне немқұрайды қарау – психологиялық ауытқушылық. Ондай кісіге басқаның өмірі де, өзінің жаны да құнсыз. Бұл – ауру. Тәннің ауруынан да жанның сырқаты қауіптірек. Рухтың әлсіреуі күтпеген жерден қоғамға қатер төндіреді.
Бүгінде облысымыздағы психикасы бұзылғандарды емдеуге арналған аурухана ем қабылдаушыларға толы. Ондағы қызметкерлер науқастардың нақты саны құпия екенін ескертіп, айтудан бас тартты. Ауруханада бос орынның жоқтығының өзі бір ғана облыстың өзінде психикалық дертке душар болғандардың аз еместігін байқатады.
– Біздің мамандардың көмегіне жүгініп келген адам диагнозына байланысты әртүрлі уақытта емделеді. Жанына дауа іздегендердің арасында суйцид немесе біреуге қауіп төндіру секілді әрекет жасағандар да кездеседі. Алайда науқастардың санын, жеке мәліметтерін жариялай алмаймыз. Адам жүйкесінің жұқаруына әртүрлі жағдайлар әсер етеді. Атап айтсақ, бас жарақаты, соматикалық аурулар және психикалық күйзеліс, невроз, неврастения, депрессия, химиялық заттар немесе токсиндердің экспозициясы, тұқым қуалаушылық. Егер біреуден осы сырқаттарға ұқсас әрекет байқалғанда бірден дәрігердің көмегіне қайырылып, тиісінше ем қолданса, жағдайы аса ушықпайды. Жүйкені сақтаудың ең бірінші жолы – жақындарынан жылылық сезініп, әр неге бола ызаланбай, сабыр сақтай білу, – дейді облыстық психикалық денсаулық сақтау орталығының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Интизам Мамедов.
Маманның айтқанына қосымша депрессия дертіне шалдықтыратын тағы бір себеп күн сайын жағымсыз ақпараттарды қабылдау да әсер етуі мүмкін. Нарықтағы белең алып бара жатқан қымбатшылық, табыстың тұрмыстық қажеттілікті қамтуға жетпеуі де жүйкеге күш салады.
Жағдайдың мәнін зерттеген ғалымдардың дерегіне сүйенсек, 1960 жылдан кейін өмірге келгендердің арасында депрессияға душар болу көбейген. Бұған адамдардың өз еңбегімен, маңдай терімен жасайтын жұмыстарды техникалардың атқаруы да сеп болған. Адамдар өзі сүйетін еңбекпен шұғылданып, содан ләззат сезіне алмағандықтан да көңілі жайланбай, жүйкесіне кері әсерін тигізетін көрінеді.
Жүйкенің жұқаруы, көңіл күйдің төмендеуі күйзеліске шалдықтырады. Бүгінгі уақытта депрессия да жүрек-қан тамырлары және онкологиялық аурулармен қатар өршіп тұрған сырқаттың бірі екен. Қатерлі қатардан табылмау үшін не істемек керек? Жоғарыда мамандар айтқан пікірлерді қорыта келе, алдымен өзіңізге ұнайтын іспен шұғылданыңыз дейміз. Ішер асыңыздың адал әрі тазалығына мән беріңіз. Жағымсыз ақпараттарға көп назар аудармауға тырысыңыз. Жаныңызға жақын жандармен мүмкіндігінше жиірек кездесіп, бетпе-бет сөйлесіп, жақсы тақырыптарда ой бөлісіп тұрыңыз. Барынша отбасыңызбен, ата-ана, балаларыңызбен көңілді уақыт өткізуге ден қойыңыз. Міне, сонда ғана аурудан алыс болып, сыртқы жағымсыз әсерлерге төтеп бере алар ішкі күшіңізді қалыптастыра аласыз.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Жаңалықтар
Танымал корей жүзімі «Шайн Мускат» қауіпті ме? — Зерттеу нәтижелері
- авторAR-AY
- 21 қараша, 2024