Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ҚАЙТАРЫМСЫЗ ҚАРЖЫНЫҢ ҚАЙЫРЫ КӨП

ҚАЙТАРЫМСЫЗ ҚАРЖЫНЫҢ ҚАЙЫРЫ КӨП
ашық дереккөз
ҚАЙТАРЫМСЫЗ ҚАРЖЫНЫҢ ҚАЙЫРЫ КӨП
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеуге дайындық жөніндегі мемлекеттік комиссияның бірінші отырысында «Жастарға қатысты келесі мәселе – жұмыспен қамту. Бұл әсіресе өңірлерде аса өзекті. Біз жұмыссыз жастарға жол сілтеп, бағыт-бағдар беруіміз керек. Олардың тұрақты кәсіп табуына көмектесуіміз қажет. Қазір жұмыспен қамтуға бағытталған бірнеше бағдарлама бар. Бірақ жастардың көбі сол шаралар туралы білмейді. Мемлекет ұсынып отырған түрлі қолдау жұмыстарынан хабарсыз. Бұл мәселе тек жалаң үгіт-насихатпен шешілмейді. Үкімет пен әкімдер жастарды жұмыспен қамту мәселесімен арнайы айналысып, күнделікті назарда ұстауы қажет» деген еді. Одан бері де арада екі-үш жылдың жүзі өтті. Бүгінде ұлт ұрпағының сапалы білім алуына, спортпен шұғылдануына, жастардың тұрақты жұмыспен қамтылуына, төмендетілген пайызбен несие алу арқылы кәсіппен айналысуына мол мүмкіндік беріліп отыр. Олардың шағын және орта бизнес саласында өз ісін ашуы немесе кәсіп аясын кеңейтуі үшін қолға алған бизнес жобалары өміршең деп танылса, қайтарымсыз қаржыға қол жеткізуі қоғамда айқын көрініс тапты. Жалпы тұрғындардың әл-ауқатын көтеру, жұртшылықтың тұрмыс деңгейін, табысын арттыру үшін алдымен халық лайықты жұмыспен қамтылуы керек. Еңбек дүбірі қайнаған жерді береке жайлайтыны белгілі. Бүгінде жергілікті халықты жұмыспен қамтуда, оларға лайықты жағдай жасауда аудандарда да атқарылып жатқан шаруа жетерлік. Мәселен, Т.Рысқұлов ауданы әкімдігі жұмыспен қамту орталығының сектор меңгерушісі Ғабит Абдуалиевтің айтуынша, осы жылы Т.Рысқұлов ауданы бойынша 3 687 адамды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту жоспарланған екен. Қазіргі таңда 2 мың 75 байзақтық (56,2 пайыз) жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылыпты. Осы 2 мыңнан астам адамның 2 147-сін тұрақты жұмысқа орналастыру жоспарланса, оның ішінде 660-ы екі қолға бір күрек тапқан. Жалпы жұмысқа орналастыру жоспары 3 136 болса, орындалғаны – 1 492. – Ауданда жұмыссыздар 1 717 адам, оның 586-сы жастар. Қысқамерзімді кәсіптік оқытуға облыстық бюджеттен 11 452 мың теңге қаражат бөлініп, 50 адамды оқыту көзделсе, 28 жұмыссыз азаматқа істейтін тірлік тауып бере отырып, сол жұмыс орындарында оқыту жоспарланды. «Бастау Бизнес» жобасы аясында 240 адамды оқытуға ұйғарым жасалып, кәсіпкерлік негіздері бойынша 387 үміткердің ішінде 310 адам оқуын аяқтады. Ал азаматтарды онлайн оқыту бойынша 140 адамды оқыту көзделсе, 196 адам қолына сертификат алды. Өткен жылы «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында 73 адамға 100,7 миллион теңге қайтарымсыз грант беру жоспарланған. Бүгінгі күнде 18 адамға өз ісін ашу үшін 25 миллион теңге берілді. «Жастар тәжірибесі» бойынша 200 түлекті жұмысқа жіберуге жалпы сипаттағы трансферттер есебінен 248 400 мың теңге, жергілікті бюджеттен 40 333 мың теңге қаражат бөлініп, 42 жас жұмысқа жолданды. Әлеуметтік жұмыс орындарына 70 азаматқа 21 504 мың теңге, жергілікті бюджет есебінен 12 762 мың теңге қаражат бөлініп, 109 тұрғын әлеуметтік жұмыс орындарына орналасты. Ақылы қоғамдық жұмыс орындарына 600 азаматты жұмысқа жіберу жоспарланып, жергілікті бюджет есебінен 200 000 мың теңге қаражат, жалпы сипаттағы трансферттер есебінен 496 800 мың теңге бөлініп, 626 адам ақылы қоғамдық жұмысқа тұрды. «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша 48 адамға жергілікті бюджеттен 17 285 мың теңге, жалпы сипаттағы трансферттер есебінен 59 616 мың теңге қаражат қаралып, 4 жас маман жұмысқа жіберілді. «Күміс жас» жобасына 69 адамды жұмысқа жіберу екшелсе, бұл бойынша 44 277 мың теңге, жергілікті бюджеттен 13 252 мың теңге қаражат бөлініп, 51 адам жұмыспен қамтылды. «Ұрпақтар келісімшарты» жобасына жергілікті бюджет есебінен 2 жас маманды жіберуге 1 153 мың теңге қаражат бөлінді, – дейді Ғабит Қабылұлы. Ұлттық жоба бойынша биыл 32 жобада 330 жұмыс орнын ашу жоспарланыпты. Оның ішінде 144 орын тұрақты жұмыс, 186-сы уақытша жұмыс орны екен. Бүгінгі күнге 20 жоба бойынша тиісті жұмыстар қолға алынып, жалпы 84 адам жұмысқа жіберіліпті. Оның ішінде 74 адам уақытша, 10 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Ауданда мемлекеттен қайтарымсыз қаржы алып, өз ісін бастаған жастардың арасында Арыстан Майлыбай да бар. Ол Абай ауылдық округі Көкарық ауылында тұрады. 25 жастағы тепсе темір үзетін жігіт, «жұмыс жоқ» деп қарап отырмай, сауынды сиыр ұстауды жөн санапты. Осы уақытқа дейін әр істі бір байқап көрген ол кейіннен мемлекеттің жастарға жасаған қамқорлығы мен көмегін пайдаланған. Соның арқасында бүгінде малшаруашылығымен айналысып жатқан жайы бар. – «Қимылдаған қыр асады» дейді қазақ. Бұрын қолдан келетін шаруаның барлығымен айналысып көрдім. Дегенмен мына заманда кәсіппен айналысу, жеке шаруаға ден қойып, оны дамыту тиімді. Өйткені кәсіп бастағандардың жерде қалғанын көрген жоқпын. Оның үстіне мемлекет бірнеше жылдан бері шағын және орта бизнеске айрықша қолдау көрсетіп келеді. Осы мүмкіндікті қалт жібермеу үшін «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқыту курсынан өтіп, қолыма сертификат алдым. Былтыр күзде бизнес жобамды сәтті қорғап, мемлекет есебінен маған 1 миллион 225 мың 200 теңге қайтарымсыз қаржы берілді. Жоба бойынша ол қаржыға үш сауын сиыр сатып алдым. Қазіргі таңда үй жағдайында сүт өнімдерін өндіріп, ауылдастарыма сатып жатырмын. Сиырлар таңертең және кешке, яғни екі мезгіл сауылады. Бір сиыр әр сауғанда 8-9 литр сүт береді. Күніне 50-55 литр сүт өндіріп отырмын. Менің тауарым сапалы әрі табиғи өнім болғаннан кейін оған сұраныс өте жоғары. Бастапқыда тек сүт сатумен айналыстым. Кейінірек сүт тартып, одан қаймақ, май шығаратын аппарат сатып алдым. Қазіргі кезде сүт, айран, құрт, қаймақ, май, сүзбе жасап, күнделікті сатып жатырмын, – деді Арыстан Сұлтанұлы. Жазда айран-сүттің бағасы біршама арзандайтыны анық. Арыстан 1 литр сүтті – 160, айранның әр литрін 250 теңгеден сатып жүр. Қолдың қаймағының 1 келісі 3000 теңге болса, сары май 3500 теңге тұрады. Майы алынған құрттың 1 келісі 3 мың, майы алынбағаны 2 мың теңгеден саудалануда. Арыстан сиырларын өзі сауады. Өрістен келгеннен кейін және азанғы сауында 3 келі тартылған жем береді екен. – «Сиырдың сүті – тілінде» демекші, әр сауын сайын Зеңгі баба тұқымының алдына тартылған жем қоямын. Сонда жем жеп тұрған сиыр иіп, сүтті мол береді. Сауып жатқанда жем бермей де байқап көргенмін. Ол кезде сиырдан онша сүт шықпайды. Сүт және сүт өнімдерін үй жағдайында өндіріп, отбасымның ішіп-жеміне жаратамын. Артылғанын жинаймын. Оның ішінде табысым жемшөп, ветеринарлық шығын, сиырды өріске қосқанда бақташыға беретін ақыны жауып отыр, – деді А.Майлыбай. Арыстан үйдің кенжесі, әке-шешесімен бірге тұрады. Алдындағы аға, әпкелері әлдеқашан үйлі-баранды болып кеткен, өзі енді бас құрауды жоспарлауда. Бүгінде ол кәсіп аясын кеңейтудің қамын жасап жүр. Мысалы, бастапқыда 3 сауын сиыр сатып алса, қазір тағы екі сауынды сиыр алуға әрекет жасап жатқан жайы бар. Болашақта ойға алған ісі сәтімен жүзеге асып, табыс молая түссе, мемлекеттен жеңілдетілген пайызбен берілетін несие алып, шаруашылықтың қанатын кеңге жаюды көздеуде. «Жас келсе – іске» дейді халық даналығы. Бойда қуат, кеудеде жалын барда жастар қай істе болсын тартынбай, қолға алған ісінен нәтиже шығаруға талпынуы қажет.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар