ЖАСТАРДЫ ЖАДЫРАТҚАН «Jaidarman»
Бүгінде «Jaidarman» ойындары жастар арасында қарқынды дамуда. «Jaidarman» –
жастарды тәрбиелеп қана қоймай, қоғамдағы келеңсіз мәселелерді астарлы әзілмен жеткізу үшін қолға алынған бірегей жоба.
Жақында облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев жас жайдарманшылармен кездесті.
Жиынды облыс әкімдігі жастар саясаты және мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпықар ашып, жайдарманшы жастарға жасалып жатқан қолдау жайында баяндады.
– Биыл «Jaidarman» ойындарына жергілікті бюджеттен 12 139,5 мың теңге қаражат бөлінген. Былтырғы жылмен салыстырғанда қаражат көлемі 4,7 есеге артқан. Биыл 6 команда республикалық «Номад лигасында», 1 команда «Астана ашық лигасында», 1 команда «Джуниор лигасында», 2 команда «Жоғары лигада» ойындар көрсетуде.
Табиғаты астарлы әзіл айтуға жақын өрендерді қолдау мақсатында басқарманың мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында «Jaidarman» ойындарын ұйымдастыру жобасына 4821,4 мың теңге қаражат қаралды. Жоба аясында жас жайдарманшылардың Астана қаласында өтетін «Jaidarman» ойындарына толығымен қатысуы қамтамасыз етілген.
Облыс көлемінде оқушылар және студенттер арасында «Премьер-лига», «Жоғары лига» ойындары ұйымдастырылады. Соның аясында облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының және облыс әкімінің кубогын табыстау көзделген.
Сонымен қатар 12 тамыз – Халықаралық жастар күніне орай ашық аспан астында «Jaidarman» ойындарын өткізу жоспарланған. Сондай-ақ жоба аясында жеңімпаздарға қаржылай сыйлықтар қарастырылған, –
деді Ж.Дүйсенұлы.
Еркін форматта өткен кездесуде жайдарманшылар пікірлерін ортаға салып, ұсыныстарымен бөлісті. Жайдарлы жастардың ұсыныстарын тыңдаған Еркін Құлымбайұлы қай кезде де жалынды жастарға қолдау көрсетіле беретінін жеткізді.
Келесі мақала