Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Баламалы энергияны білікті мамандар игереді

Баламалы энергияны білікті мамандар игереді
ашық дереккөз
Баламалы энергияны білікті мамандар игереді
Өткен қыс мезгілі еліміздің жылу энергетика саласына көп қиыншылықтар әкелді. Ал электр энергетика саласында маневрлік қуат қана емес, тіпті базистік қуаттардың тапшылығы сезілді. Республикамыздың экономикасын дамытудың негізгі шарттарының бірі – электр энергиясының тапшылығын жою. Өйткені бұл фактор шағын, орта және ірі кәсіпорындарды дамытуға кедергі болатындығы айтпаса да түсінікті. Соңғы жылдары бұл жағдай дамыған Еуропа одағындағы мемлекеттерде де түйіні тарқатылуы қиын түйткілге айналып барады. Оның негізгі себебі – осы уақытқа дейін кең қолданыста болған электр энергиясын өндіретін дәстүрлі әдістерге шектеу қойылуында. Париж келісімінің талаптары бойынша, қоршаған ортаны қорғау мақсатында ауаға бөлінетін көмірқышқыл газының көлемін азайту қажет. Көмір және мұнай өнімдерін жағу әдістерімен алынатын электр энергиясын өндіру салаларының табиғатқа келтіретін зияндары зор болғандықтан оларға біртіндеп экономикалық әдістермен тыйым салынады. Тіпті жақында Германия мемлекеті жұмыс жасап тұрған атом электр стансаларын қоршаған ортаға қауіптілігі жоғары нысан ретінде жауып тастауға шешім қабылдады. Ал энергия тапшылығын табиғатқа зиянсыз әдістермен толықтырмақ. Бүгінде біздің мемлекетіміз тарапынан да күн және жел электр стансаларын зерттеу, дамыту және қолдану аясын кеңейтуге басымдық беріле бастаған. Бұл тұрғыда облысымыз жаңа әдістерді игеруде республика бойынша алда келеді. Елімізде баламалы қуат көздерінен өндірілетін электр энергиясының жиырма пайызға жуығы біздің облысымызға тиесілі. Оған негіз де жоқ емес. Өңіріміз – күн сәулесі мол түсетін аймақ. Сол тегін табиғи энергияны игеру мақсатында Жуалы ауданында «Burnoye Solar» күн электр стансасы өз жұмысын бастаған. Алғашқы салынған күн электр стансасына қосымша оның екінші кезеңі іске қосылып, бүгінде жалпы қуаты 100 мегаватқа дейін молайды. Бұдан бөлек Қордай, Сарысу және Талас аудандарында да желдің орташа жылдық жылдамдығы секундына 6 метр, ал таулы аймақтарда одан да жоғары болады. Осы орайда өндірістік жел электр стансасы елімізде алғашқы болып Қордай ауданында іске қосылғанын атап өткен жөн. Қуаттылығы 1 мегаватт болатын 21 жел электр турбинасы орнатылған. Жалпы қуаты 21 мегаватт Қордай жел электр стансасының құрылысы 2015 жылдың қазанында іске қосылды. Кейінірек орнатылған қуаты 100 мегаватт болатын Жаңатас жел электр стансасы өзінің барлық жел қондырғыларын магистральдік электр желілеріне қосып, Орталық Азиядағы осындай жобалардың ішіндегі ең ірісі болып белгіленді. Талас ауданында бұрын салынған тоғыз мегаваттық жел электр стансаларының жанынан жер телімдері беріліп, қосымша 13,5 мегаваттық электр стансасы іске қосылуда. Болашақта қуатын 30 мегаватқа жеткізу жоспарланған. Әйтсе де қазіргі кезде елімізде қоршаған ортаға зиянсыз, дәстүрлі емес жаңа әдістермен электр энергиясын өндіру көлемі үш пайыз шамасында ғана. Дамыған мемлекеттермен салыстырғанда бұл тым аз. Ал бұл саладағы біздің игерілмей жатқан мүмкіншіліктеріміз Еуропа елдерімен салыстырғанда өте зор. Қазіргі қалыптасқан жағдай электр энергетикасы саласындағы білікті мамандар дайындау мәселесін жеделдетіп қолға алу керектігін көрсетіп отыр. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің ашық нормативтік-құқықтық актілер (НҚА) порталында жарияланған құжатына сәйкес, 2023-2024 оқу жылына 88 мың грант, оның ішінде бакалаврлар дайындауға 73 мыңнан астам оқу гранты бөлінуі тиіс. Осы оқу жылында жоғары білімді кадрлар дайындауға берілген мемлекеттік тапсырыс бойынша инженерлік мамандықтарға 15 мыңнан аса грант қарастырылмақ. Бұл – мемлекеттің қолдауымен ең көп грант бөлінетін салалардың бірі. Гранттардың басым бөлігі осы электр энергетикасы кіретін инженерлік сала мамандарын дайындауға арналған. Жаңа заман талаптарына сай Қазақстан Республикасының электр энергетикасына электр энергиясын экологиялық таза әдістермен өндіру, электр энергиясын жеткізу, электр энергиясымен жабдықтау, электр қабылдағыштардың тиімділігін және электр энергиясын тұтыну үнемділігін арттыру саласындағы мамандар дайындау – өте өзекті мәселе. Электр энергиясы тапшылығының алдын алу кешенді іс-шаралар жүргізуді қажет етеді. Олардың ішіндегі ең маңыздысы – жоғары білікті электр энергетикасы салаларының мамандарын өз облысымызда дайындау. Бүгінгі таңда облысымыздағы электр энергетикасы саласынының білікті мамандарын дайындайтын жоғары оқу орны – М.Х.Дулати атындағы өңірлік университетінің «Су шаруашылығы және табиғатқа үйлестіру» институты. Институттың негізгі мақсаты – болашақ мамандардың негізгі кәсіби құзыреттілігін қалыптастыру, заманауи, жоғары сапалы теориялық білім мен практикалық тәжірибені қамтамасыз ету. Институттың миссиясы – әлемдік стандарттарға сай келетін жоғары сапалы білім беруді қамтамасыз ету, бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау. Сондай-ақ қазіргі заманғы кәсіби және өзге де талап етілетін құзыреттері бар жоғары білімді тұлғаны қалыптастыру. Қоғамның, мемлекет пен жеке кәсіпорындардың қажеттіліктеріне жауап беретін нақты ғылыми жетістіктерді және оқытудың заманауи әдістерін күнделікті тәжірибеге енгізу, жаһандық өзгерістерге икемді және Қазақстан Республикасы экономикасының дамуын қамтамасыз ететін мобильді және серпінді оқыту жүйелерін қолдану да басты бағыттардың бірі. Осы институттың «Электр энергетикасы» кафедрасында екі білім беру бағдарламасы негізінде, атап айтсақ, «Өнеркәсіптік кәсіпорындар мен азаматтық объектілерді электрмен жабдықтау» және «Электр механикасы» мамандықтары бойынша дайындық жүргізіліп, бітірушілерге бакалавр академиялық дәрежесі беріледі. Жоғары оқу орнын бітіріп шыққандар үшін «Электр энергетикасы» мамандығынан магистр академиялық дәрежесін бейіндік және ғылыми-педагогикалық бағыттарда алуға мүмкіншіліктер қарастырылған. Бұл тұрғыда электр энергетикасы кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы аянып қалмақ емес.

Оралбек Сүлейменов, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің оқытушысы, техника ғылымдарының докторы, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар