Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қылмысқа қылбұрау

Қылмысқа қылбұрау
ашық дереккөз
Қылмысқа қылбұрау

АЛАЯҚТЫҚ ЖАС ТАЛҒАМАЙДЫ

Байзақ аудандық полиция бөліміне 5 жасар қыздың анасы шағымданып, белгісіз қарт кісінің кәмелетке толмаған қызының смартфонын алып қойғанын хабарлаған. Күдікті бүлдіршінді алдап, бағасы 132 мың теңге болатын гаджетін алмаға айырбастап алған. Осы дерекке қатысты ҚР ҚК 190-бабы 1-бөлігі (алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында полиция қызметкерлері 80 жастағы ер адамды анықтады. Қария өзінің кінәсін толық мойындады. Ұялы телефон түріндегі заттай дәлелдеме тәркіленді.

МЕМЛЕКЕТТІК ЖАЛҒАН НӨМІРМЕН КӨЛІК БАСҚАРҒАН

2023 жылғы 11 мамырда сағат 12:30 шамасында Талас аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерімен профилактикалық жұмыстар жүргізу барысында Тараз-Аса-Ақкөл тасжолының бойында қолдан жасалған мемлекеттік тіркеу нөмірі бар «Audi-80» маркалы көлік құралын басқарған 27 жастағы Тараз қаласының тұрғыны ұсталды. Көлік жүргізушісіне қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 590-бабы 3-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, сотқа жолданды. Сот шешіміне сәйкес құқық бұзушы көлік құралын басқару құқығынан бір жыл мерзімге айырылып, 3 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды. Мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі тәркіленіп, автокөлігі айыптұраққа қойылды. Сондай-ақ жүргізушіге 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.

700 МЫҢ ТЕҢГЕГЕ ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСТЫРМАҚ БОЛҒАН

Тараз қаласы поли-ция басқармасының 1-полиция бөліміне қала тұрғыны алаяқтық дерегі туралы арызбен жүгінген. Айтуынша, биылғы жылдың қаңтар айында бір танысы оны мектепке мұғалім болып жұмысқа орналастыруға уәде беріп, өзінің «қызметі» үшін 700 мың теңге алған. Жәбірленуші оған сұраған ақшасын берген. Алайда уәде еткен жұмыс орнына тұра алмағандықтан полицияға шағымданған. Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК 190-бабының 1-бөлігі (алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында облыс орталығының 48 жастағы әйел тұрғынын анықтады. Әйел адам өз кінәсін мойындады. Ол келу туралы міндеттемемен босатылды. Қазіргі таңда істің егжей-тегжейлі мән-жайларын анықтау мақсатында барлық қажетті жедел-тергеу әрекеттері жүргізілуде.

БІР АЙДА 60 ҚАРУ ЗАҢСЫЗ АЙНАЛЫМНАН ТӘРКІЛЕНДІ

Облыстық полиция департаменті Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған, заңсыз сақталған қаруды іздеу және тәркілеу жұмыстарын жалғастыруда. Осы мақсатта сәуір айының соңында полиция қызметкерлері «Қару» жедел-алдын алу іс-шарасын өткізді. Іс-шараның 5 күнінде полицейлер заңсыз айналымнан 54 қару, 448 оқ-дәрі, 1 жарық-шу гранатасын, 9 арнайы құралды тәркіледі. Бұл туралы облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Нұржан Рахметуллаев хабарлады. Алынған барлық құралдарға сот-баллистикалық сараптамалар тағайындалды. Полиция қызметкерлері қару иелерінің тұрғылықты жері бойынша, сондай-ақ шалғайдағы 704 шаруа қожалығына тексеру жұмыстарын жүргізді. Жедел-алдын алу шарасы барысында 21 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде қаруды сақтау ережелерін бұзудың 15 дерегі, қаруды қайта тіркеуді бұзудың 6 фактісі анықталды.
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар