Жұртшылықты жұмыспен қамту – маңызды міндет
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда Үкіметте өткен елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте сөйлеген сөзінде: «Елімізде аймақтардың жұмыспен қамту карталары бекітілген. Соған сәйкес жыл сайын шамамен 950 мың адамға жұмыс тауып беру көзделген. Ол үшін бюджеттен 130 миллиард теңге бөлінді. Осы қаржының арқасында, яғни субсидия арқылы 150 мың адам жұмысқа орналасады. Оның бәрі – жастар және әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы азаматтар», деді.
Сондай-ақ Президент жастардың кәсіпкерлік бастамасына қолдау көрсету үшін 40 миллиард теңге бөлінгенін, халықты, жастарды жұмыспен қамту – Үкімет үшін аса маңызды міндет екенін атап көрсетті.
Тараз қаласында жұмыспен қамту орталығы ұсынған бос жұмыс орындарынан бөлек, жұртшылықтың кейбірі күнкөріс қамымен таңнан қара кешке дейін базарда арба итеріп, жүк тасып, құрылыс орындарында еңбек етіп жүр. Олар біреуге жалданса да нәпақа табу арқылы отбасын асырауды мақсат тұтқан. Қазіргі таңда облыс орталығындағы «Қарасу» ықшамауданының қарсы беті және бұрынғы көк базардың артында жалдамалы жұмысқа шығатындар жетерлік. Қастарына келіп тоқтаған көлікке жапа-тармағай жүгіре жөнеліп, келген кісіден таласа-тармаса «Қандай жұмыс бар?» деп сұрайды. Ондағы топырлаған адамдар арасында «тепсе темір үзетін» жас жігіттерден бастап, орта жастан асқан үлкен кісілерге дейін бар. Жолдың бір бұрышында ер адамдар отырса, келесі бұрышын әйелдер иеленген.
«Есектің артын жусаң да мал тап» дейді хакім Абай. Адамды еңбек етуден арланбауға шақыратын бұл сөз талай адамның жанына медет. Бастысы заңға қайшы әрекет етпесе болғаны. Біз жалданып қара жұмыс істейтін барқатар азаматпен тілдестік. 5-ықшамаудандағы «биржа» аталып кеткен осы жерден 10 жылға жуық уақыт нәпақасын тауып, отбасын асырап жүрген егде жастағы адамдар да бар екен. Жасы 30-40-тағы жігіттер де осы биржадан шайлық пұлын ажыратып жүр. Ал әйелдер тұратын бұрышта 7-8 қыз-келіншек жүр. Нәзікжандыларды сөзге тарту оңай болған жоқ. Ер адамдардың кейбірі топталып карта ойнап отыр. Қастарына келгенімізде алара қарап, жақтырмаған кейіп танытты. Келген көлікке жүгіргендер арасында ауыр жұмысқа жарамайтынын сездіріп, жеңіл-желпі тірлік іздегендер де болды.
Әйелдер тұратын бұрышта 54 жастағы Мая Төлекова деген кісімен тілдестім. Рең-басы өте қарапайым, қара жұмыс пен қиыншылықты да қоса көп көргені байқалып тұр.
– Күнделікті 4-5 мың теңге табамын. 3 баланың анасымын, жолдасым өмірден өткен. Шамамыз келетін кез келген шаруаны істейміз. Үй жинау, там әктеу, аула тазалау секілді жұмыстарды атқарамыз, – дейді М.Төлекова.
Мұнда мемлекет тарапынан кәсіпкерлерді қолдауға беріліп жатқан қайтарымсыз грант алғандар да бар екен.
– 1 миллион теңге қайтарымсыз грант алып, 8 бас ірі қара сатып алдым. Өзім кәсіп бастағаныммен бұл жерге қосымша табыс табу үшін келіп жүрмін – дейді Нұрқанат Ізбасаров.
Ал жасы 48-дегі Жалғас Шарипбеков Мойынқұм ауданының тұрғыны. 2003 жылдан бері осы биржадан нәпақасын тауып жүр. Қаладағы зауыттың бірінде тұрақты жұмысы бар екен. Сенбі-жексенбі күндері биржа арқылы қосымша қаржы табатынын, әйелі де жұмыс істейтінін жасырмады.
Өзін Нұрхат Тоғаев деп таныстырған азамат денешынықтыру пәні мұғалімінің мамандығын игеріпті. Айтуынша, мамандығы бойынша жұмыс таппаған.
– Мен өз мамандығым бойынша Талас ауданына қарасты бір ауылдағы мектепке жұмыс сұрап барып едім, директоры 300 000 теңге пара сұрады. Одан кейін басқа да мектептерді жағалап, біраз табалдырық тоздырдым. Қазір жұмыссыздық мәселесін ақша ғана шешеді. Сол үшін осы жерден нан тауып жүрмін. 3 балам бар. Келіншегімнің төртінші перзентке аяғы ауыр. Өзім жалдамалы пәтерге 60 000 теңге төлеймін. 100 мыңға жуық ай сайын төлейтін несием тағы бар. Үйдің жалғыз асыраушысы өзім. Үкіметтің жалақысына жұмыс істеу тиімсіз. Ары кетсе 100 000 теңге еңбекақымен қай жыртығымды жамаймын. Мына жерден айына жоқ дегенде 300 000 теңге табамын. Мектепке қазір мені колледждің дипломымен қызметке алмайды. Ол үшін жоғары білім керек.
Мемлекеттен 3 балаға жәрдемақы аламыз. Оған да шүкір. Қазір науқан кезінде жақсы табыс табамыз. Ешкімге алақан жайып жүргенім жоқ, бала-шағамның несібесін теріп жеп жүрмін. Не істесек те адал еңбегіміз. Мемлекетіміз қазір кәсіпкерлерге жақсы қолдау көрсетіп жатыр. Бірақ ол кәсіпкерлер біздің еңбегімізді дұрыс бағаламайды. Талай шаруаларын тындырып бердік, ал ақысын төлеуге келгенде сараңдық жасайды. Қарапайым, еңбекқор жұмысшымыз. «Кең болсаң – кем болмайсың» дейді. Сол секілді еңбегіміз ел ішінде дұрыс бағаланса екен, – дейді Н.Тоғаев.
Биржадағылардың сөзіне қаныққан соң Тараз қаласының халықты жұмыспен қамту орталығына бас сұқтық. Мақсатымыз – жұмыссыздарға қатысты қандай іс-шаралар жүргізіліп жатқанын білу.
– Өңіріміздегі әрбір азамат жұмыссыз ретінде есепке тұруы керек. 1 айдан 6 айға дейін жұмысынан айырылуға байланысты заңға сәйкес оларға жәрдемақы тағайындалады. Сол аралықта өзінің мамандықтары бойынша түрлі жұмыс орындары ұсынылады. Егер мамандық бойынша қызмет табылмаса, онда басқа ыңғайлы жұмыс орындары қарастырылады. Халықты жұмыспен қамту орталығының басты мақсаты – жұмыссыз азаматтар мен жұмыс берушілердің ортасында тегін делдалдық қызмет ету. Қазіргі таңда бізде 4 мың 500 адам жұмыссыз ретінде есепте тұр. 2 200-ге жуық адамды жұмысқа орналастырдық. Қазіргі таңда азаматтарды жұмыспен қамтуға арналған сан түрлі жобалар жүзеге асуда.
Біздің мекеме кесте бойынша «Жылжымалы жұмыспен қамту орталығы» деген топ құрып, қаламыздан шалғай орналасқан елді мекендерге барып, ондағы тұрғындармен кездеседі. Бос жүргендерге әртүрлі жұмыс орындарын ұсынады. Өзіңіз айтып отырған биржадағы адамдарға да арнайы барғанбыз. Олардың көбісі күнделікті табыстарын алға тартады. Сол дағдыға үйренгендіктен ай сайын алатын жалақыны қанағат тұтпайды. Кейбір кісілердің төленбеген несиелері бар. Айлық алатын есепшоттары бұғатталған. Сол себептен күнделікті қолма-қол табысқа үйренген. Арасында шын жұмыс іздеп жүрген азаматтар жұмысқа орналасып жатыр, – дейді аталған халықты жұмыспен қамту орталығының жұмысқа орналасуға жәрдемдесу бөлімінің басшысы Нұрбек Байдәулетов.
Сондай-ақ ол жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушінің арасында делдал болса да келісіміне кепіл бола алмайтынын айтты.
– Жұмыссыз ретінде тіркеуде тұрған адамға мамандығына сәйкес немесе мамандықты қажет етпейтін бос жұмыс орнын ұсынып, жолдама бергенімізбен жұмыс берушінің оны алу-алмауы өз еркінде. Ол да заңға сәйкес өз құқығына негізделген. Жұмыс іздеуші жұмыс берушімен келісе алмай қайтып келген жағдайда біз оған басқа жұмыс ұсынамыз. 6 ай ішінде жұмыс таба алмаса, тағы да жәрдемақы алуға 6 айға тіркелуге болады. Біз тек өтінішті қабылдап аламыз. Ал жәрдемақы төлеуді тиісті мекеме шешеді. Қазіргі таңда бізде 1 500 бос жұмыс орны тұр, – дейді Н.Жолсейітұлы.
Халықты жұмыспен қамту орталығы былтырдан бері «Күміс жас» жобасын қолға алған екен. Бұл жоба жөнінде сұрастырып көрдік.
– «Күміс жас» бағдарламасы өткен жылдан бері ұйымдастырылуда. Биылдан бастап бұл жобаға 50 жастан асқан жұмыссыз азаматтар қатыса алады. Мерзімі 36 айға дейін, сондай-ақ қатысушылардың жалақысы бойынша субсидиялар мөлшері ұлғайтылады.
Бірінші жылы еңбекақаның 70 пайызы, екінші жылында 65 пайызы, үшінші жылында айлықақының 60 пайызы төленеді, – дейді халықты жұмыспен қамту орталығының уақытша жұмысқа жолдау бөлімінің басшысы Айгүл Ертөре.
Елімізде жұмыссыздықты жоюдың түрлі жолдары қарастырылған. Ең әуелі, екі қолға бір күрек таппай жүргендер жергілікті жердегі жұмыспен қамту орталығына барып тіркелуі керек. Мемлекет бос жүрген азаматтарды жұмыссыз қалдырмайды.
Нұржан Әліш