Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

БІЛІКТІЛІКТІ ТЕСТІЛЕУДІҢ БЕРЕРІ МОЛ

БІЛІКТІЛІКТІ ТЕСТІЛЕУДІҢ БЕРЕРІ МОЛ
ашық дереккөз
БІЛІКТІЛІКТІ ТЕСТІЛЕУДІҢ БЕРЕРІ МОЛ
Жуырда елімізде педагогтар қауымы мұғалімдердің біліктілік тестін тапсырды. Тестілеуді Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім комитеті, Ұлттық тестілеу орталығы, «U-Study» орталығы ұйымдастырды. Тестілеу 40 өңірлік тестілеу орталығында 3-25 сәуір күндері аралығында өтті. Бүгінгі күнге тестілеуден өтуге республика бойынша 80 мыңнан астам мұғалім тіркеліп, олардың 18 мыңнан астамы тестілеуден өткен. Облысымызда 40 мыңнан астам педагог бар. Биылғы біліктілік тестін, яғни квал тестті қанша мұғалім тапсырды, қаншауы өтті деген сұраққа жауап іздеп облыстық білім басқармасының құқықтық қамтамасыз ету және педагог кадрлармен жұмыс бөлімінің бас маманы Маржан Арынға жолықтық. Оның айтуынша, облыс бойынша 446 мектепте 26 331 педагог қызметкер жұмыс істейді екен. Оның 7 489-ы педагог санатындағы мұғалімдер, 6 019-ы педагог-модератор, 6 738-і педагог-сарапшы, 5 528-і педагог-зерттеуші, 557-сі педагог-шебер. – Осы жолы сараптама кеңесінің ұсынысымен аудандар мен қалалық білім бөлімдеріне 3 528 мұғалім педагог-модератор санатына, 1 665 ұстаз педагог-сарапшы санатына құжат тапсырды. Ал Тараз қаласы бойынша 1 085 педагог кезекті біліктілік санатына өтініш жазып, тест тапсыруға жіберілген, – дейді Маржан Сейілханқызы. Аттестаттау ережелеріндегі соңғы кейбір өзгерістерді ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова әлеуметтік желідегі парақшаларында айтып өтті. «Пәндік білім» блогы бойынша тест тапсырмаларының саны 70-тен 30 тест тапсырмасына дейін, «Оқыту әдістемесі» блогы бойынша 30-дан 20 тест тапсырмасына дейін қысқартылды. Бірнеше дұрыс жауапты таңдайтын тест тапсырмалары алынып тасталды. 30 және одан да көп жыл педагогикалық өтілі бар және жаңа аттестаттау жүйесі бойынша санаты бар педагогтар біліктілік санатын растаған жағдайда біліктілік тестілеуден босатылады. Олар аттестаттаудың екінші кезеңінен ғана өтеді, яғни портфолио тапсырады. Егер олар өз біліктілік санатын жоғарылатқысы келсе, онда аттестаттауды жалпы негізде өтеді. Сондай-ақ 30 және одан да көп жыл педагогикалық өтілі бар, бірақ ескі аттестаттау жүйесі бойынша жоғары/бірінші санаты бар педагогтар «педагог-модератор» санатына ауысса, біліктілік тестілеуден босатылады. Бұл жағдайда олар аттестаттаудың екінші кезеңінен ғана өтеді, яғни портфолио тапсырады», деген болатын Ш.Каринова. Егер олар жаңа аттестаттау жүйесі бойынша басқа санаттарды алғысы келсе, онда аттестаттау жалпы негізде өтеді. Зейнеткерлікке шыққанға дейін 4 жыл қалған педагогтар жаңа жүйе бойынша бар санатын растайтын болса, аттестаттаудан босатылады. Егер олар біліктілік санатын жоғарылатқысы келсе, онда аттестаттаудан жалпы негізде өтеді. Арнайы бағдарлама бойынша жұмысқа қабылданған және «педагог-сарапшы», «педагог-зерттеуші» санаты бар педагогтарға аттестаттау рәсімінен өтпей-ақ бір саты жоғары санат тағайындалады. Арнайы бағдарлама бойынша жұмыс істейтін ЖОО түлектеріне «педагог-модератор» санаты бірден беріледі. Бұл енгізілген өзгерістердің барлығы мұғалімнің пайдасына арналған. Және биыл осы тестілеудің алдында ғана ұстаздардың өтініш-тілектерінен соң ғана пайда болған өзгерістер. «Facebook» әлеуметтік желісіндегі «Қазақстан ұстаздары» парақшасында республика бойынша ұстаздар шоғырланған. Сол парақшада өткен біліктілік тестінің артықшылықтары мен кемшіліктері туралы баяндалды. Ұстаздардың айтуынша, педагогикалық тест сұрақтарын орысшадан тікелей аударған болуы керек, түсініксіз сөйлемдер көп көрінеді. «Ана сұрақты 100 рет оқысаң да түсінбейсің, өйткені аударма тура берілген. Миды ашытатын сұрақтар өте көп» деп жазыпты Рабиға Мазходжаева деген оқырман. Осы ретте біз де мектептерге барып, квал тест тапсырған ұстаздармен тілдестік. Мәртебелі мұғалім Манаргүл апай: «Тест ұлттық педагогика бойынша болса жақсы болар еді, өзімізде де бар ғой. Шетелдік авторлары біртүрлі, оқысаң да түсінбейсің», деді. Тағы бір Ержан Тәліп атты ұстаз пікірін былай білдірді: «Тестке бардым, не көрдім? Тесттен өтесің дегеннен алашапқын болып, қара күзден портфолио жинадық. Оның 7-8 категориясы бар. Ол құжаттың бәрін жинаймын дегенше жарты шашым ағарды. Содан нартәуекел деп, ақпан айының аяғында портфолиомызды порталға жүктедік. Тестке дайындалуды бастадым. Оқыту әдістемесінен қандай сұрақ келетінін білмейтін жазған басым, өз жеті атамды жетік білмейтін мен педагогиканың 77 атасын жаттауды бастап кеттім. Маслоу мен Александрдың аруағы риза болып, бір аунап тұрған шығар? Жалпы тест дегеннің ниеті жақсы, білімді мұғалімдерді ынталандырып, айлығына айлық қосу ғой. Шын мәнінде осылай болып жатса, мен қос қолымды көтеріп қолдар едім. Менің ұсынысым, педагогика мен оқыту әдістемесінің шектік балын түсіру керек немесе мүлде алып тастау керек. Оған Ян Амос Каменскийдің аруағы қуанбаса, ренжімейді. Бірақ педагогиканың шектік балын азайттық деп пәннің шектік балын көтермеңіздер, өтініш», деп көпшілік назарына өз өтінішін жолдады. Бұдан түсінгеніміз, ұстаздар өз пәнінен тест тапсырып болған соң педагогика мен психологиядан тест тапсырған. Сол кезде шетел педагогтары мен психологтарының еңбектері, өмірбаяндары жайлы сұрақтар өте көп кездескен. Қазақтың ұлы ағартушылары мен ғалымдары, психологияны, педагогиканы зерттеген азаматтардың еңбектері неге жоқ деп, сол себепті олар байбалам салуда. Байқауымызша, ұстаздардың көбі осы педагогикаға келгенде сүрінген. Ал енді эссе мәселесіне келсек. Кімдер жазды? Кімдер жазбады? Эссені ұстаздар біліктілік тестін тапсырып бола салысымен жазды. Арнайы тақырып беріледі. Сол тақырыпқа сай эссе жазасыз. Эссе жазудың жалпы уақыты – 60 минут. Сөз саны – 250-300 сөз. Эссе бағаланбайды және педагогке біліктілік санатын бермеуге негіз бола алмайды. Жазылған эссе педагогтың «app.testcenter.kz» сайтындағы жеке кабинетіне жіберіледі. Жұмыс тәжірибесі жоқ қызметкер, яғни жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымының түлегі мектепке орналасу үшін педагог санатына тапсырған жағдайда эссе жазбайды. Ұстаздардың еңбегі осы бір квал тестке байланып қалған жоқ. Рас, біліктілік тесті арқылы мұғалімнің мәртебесі шешілмейді. Былай қарап отырсақ, жүрген-тұрғанымыз, күйбең тіршілік, осы өмірдің өзі тест. Рейтинг қумайық. Шебер санатын алған ұстаздар облысымызда аз екен. Соған қарағанда тесттен өту де оңай болмай тұр ғой.

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

 
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар