Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ҚАТЕРЛІ ІСІК НЕМҚҰРАЙДЫЛЫҚТЫ КЕШІРМЕЙДІ

ҚАТЕРЛІ ІСІК НЕМҚҰРАЙДЫЛЫҚТЫ КЕШІРМЕЙДІ
ашық дереккөз
ҚАТЕРЛІ ІСІК НЕМҚҰРАЙДЫЛЫҚТЫ КЕШІРМЕЙДІ
Бүгінде еститініміз, екінің бірі обыр ауруына шалдыққан. Қатерлі ісіктің көбейгені сонша, жас талғамай жыл санап өсіп келеді. Бірі жазылып кетіпті деп естіп жатасың. Бірі көз алдыңда дүниеден өтеді. Қатерлі ісіктің қай-қайсысы болмасын естігенде құлаққа түрпідей тиеді және қазақта оны «аты жаман ауру» дейді. Десе де айтылғанда-ақ сондай суық, денеңді тітіркендіретін осы дертпен қаншама жан ауырып жүр. Сүт безі қатерлі ісігі әрбір оныншы әйелде кездеседі. Әлемде бұл ауру 13 пен 90 жасты қамтып отыр екен. Әлеуметтік желіде ел мақтаған тараздық бір дәрігер бар. Өзі де заманынан қалмай парақшасын жүргізіп, халыққа ақпарат беріп отырады. «Маммолог, Тараз, пікірлер» деген парақшада ең көп есімі айтылған иманжүзді, алтын қолды дәрігермен танысып қайттық. Қатерлі ісік иектеген әрбір әйелге дем беріп, ауруды ауыздықтауға көмектесіп жүрген, обырдың соңғы үкім емес екенін айтудан шаршамайтын «Almaz Medical Group» медициналық орталығының онколог, маммолог, хирург дәрігері Кемран Халидовпен сұхбаттастық. – Кемран Ватадинұлы, қазақшаңыз тәптәуір екен... – Мен қаймағы бұзылмаған қасиетті қала Таразда өстім ғой. №18 мектепте орыс мектебінде оқыдым. Алайда араласатын достарымның бәрі қазақ. Ұлтым түрік. Қазақ пен түрік бауырлас елміз. – Өзіңіз туралы айтыңызшы. Қай оқу орнында оқыдыңыз? – Бірінші санатты онколог-маммолог дәрігермін. Осы салада қызмет етіп жүргеніме он жылдан асыпты. Әлі есімде, 6 жасымда әжеммен Бішкекке тойға барамын деп аяғымды сындырып алғанмын. Сонда сол елдегі ауруханада бір айдай ем алдым. Сол кезде-ақ мен дәрігер боламын деп шешім қабылдадым. «Енді Бішкекке келесің бе?» деп үлкендер әзілдеп сұрайтын. Құдайдың құдыретімен сол Бішкекке 2007 жылы Қырғыз мемлекеттік медициналық академиясына «Емдеу ісі» факультетіне оқуға түстім. 5-курста бізді онкологиялық орталыққа апарды. Сол кезде мен іштей онколог дәрігер болатынымды шештім. Ал 6-курста онколог-хирург мамандығын әрмен қарай игеру үшін клиникалық ординатураға түстім. Ең мықты мамандардан білім алдым. Атап айтсам, профессор Индира Құдайбергенова, маммолог-хирург Ахмад Қасымұлы, Сергей Ишханұлы секілді өз ісіне адал дәрігерлерден тәлім алғаныма қуанамын. Әлі күнге дейін осы ұстаздарыма алғыс айтамын. – Алғаш еңбек жолыңызды қайдан бастадыңыз? – 2015 жылы облыстық онкологиялық диспансерге жұмысқа тұруға бардым. Алайда ол жерде орын жоқ деген жауап алдым. Басқа қалаларға жұмысқа орналасуыма болатын еді. Әке-шешеден онсыз да қаншама жыл жырақта жүрдім. Енді бұдан былай жандарында болайын деп шештім. Солайша мен №9 емханаға жұмысқа тұрдым. №8 емханада да жұмыс істедім. – Сүт безі қатерлі ісігімен ауырады-ау деген қауіп тобына кімдер жатады? – Қауіп тобы дейтіндей мұндай арнайы топ жоқ. Кейде анасы обырдан қайтыс болған әйелдер мүлде ондай ауруға шалдықпайтын жағдай кездесіп жатады. Сонымен қатар онкопатология дені сау әйелде анықталуы да ықтимал. Сондықтан ең бастысы өз денсаулығына асқан жауапкершілікпен қарау және сүт бездерін уақытылы тексеруден өткізу маңызды. Қатерлі ісікті ерте анықтау өмір сүру мүмкіндігін арттырады. Егер науқастың туыстарында, әсіресе анасы жағынан сүт безінің, жыныс мүшелерінің обыры немесе басқа да онкологиялық аурулар анықталған болса, онда сүт безі қатерлі ісігінің пайда болу қаупі арта түседі. – Аты жаман ауруды қалай анықтайсыздар? – Ең біріншіден, науқасты қабылдау барысында шағымына зер саламыз. Екіншіден, тексеру кезінде омыраудың көлеміне, пішініне, консистенциясына, сүт безінің тығыздығына, омыраудағы бөліністер мен оның сипатына мән береміз. Қолтықасты, жауырынасты және жауырынүсті аймақтар міндетті түрде тексеріледі. Егер қандай да бір патологиялық өзгеріс анықталса, науқасты қосымша тексеруге бағыттаймыз. Маммография – сүт бездерінің рентгтендік зерттеуі. Ол скринингтік тексеруді тез әрі қауіпсіз жүргізуге мүмкіндік береді. Маммография сүт безі қатерлі ісігін клиникалық симптомдар болмаған жағдайда ерте кезеңде анықтай алады және қатерлі ісік бар болса, ауруды растай алады. Бірқатар жағдайда науқасқа тамырішілік контрастпен сүт бездерінің МРТ зерттеуін тағайындаймыз. – Обыр анықталған жағдайда қалай емделеді? Ем-шара қалай жүргізіледі? – Кешенді тексеру нәтижелерін алғаннан кейін және сүт безіндегі ісік расталған соң биопсия жасау керек. Яғни морфологиялық және иммуногистохимиялық зерттеулер үшін ісіктің бір бөлігін алады. Обыр сатысын анықтау әр науқас үшін жеке-дара анықталады. Ол кезде қатерлі ісік көлемі, жақын орналасқан лимфа түйіндерінің метастаздармен зақымдалу көлемі, алыс орналасқан метастаздардың бар болуы есепке алынады. Қазіргі кезде үш негізгі әдіс қолданылады. Яғни қатерлі ісікке қарсы дәрідәрмек терапиясы. Атап айтсақ, ол – химиялық терапия. Бұл жағдайда қатерлі ісік жасушаларының көзін жоюға бағытталған препараттар қолданылады. Екіншісі – гормондық терапия. Мұнда қатерлі ісік пен ағзаның гормональді белсенділігін басатын препараттар қолданылады. Таргетті терапия – бұл жаңа әдіс. Адамның сау тіндеріне мейлінше зақым келтірмей, қатерлі ісікке тікелей әсер ететін препараттарды қолдануды қарастырады. Айрықша технологияның арқасында олар обыр жасушаларын дәл тауып, жоя алатын қуатты қаруға айналады. Хирургиялық емдеу мен сәулелік терапия да қолданылады. – Ал енді айтыңызшы, сүт безі қатерлі ісігін жеңу мүмкін бе? – Әрине мүмкін. Медицина саласы бір орнында тұрған жоқ. Жыл санап қарыштап дамып келеді. Сондықтан сіздің көршілеріңіз, туыстарыңыз, таныстарыңыз сүт безінің қатерлі ісігі емделмейді десе, ол дұрыс емес. Себебі сүт безінің обырын бірінші, екінші, үшінші сатысында емдеуге болады. Обыр диагнозымен сіз өмір сүресіз. Сондықтан оны созылмалы аурулар қатарына жатқызуға болады. Бұл диагнозбен өмір бойы бақылауда тұрасыз. Бірақ оның ағымы созылмалы түрде өтеді. Мен «Обыр – соңғы үкім емес, ол – диагноз» деуден шаршамаймын. Ауру бар жерде оның емі де болады. Барлық ауру – адамның жаман ойларынан, реніштен, өкпелеуден туады. Жүрекке өкпе сақтамай, өмірге қуанып, болмашыны ойлай бермей, жаман ойға жүйрік болмасақ, ауру өзі-ақ қашады. Әдетте отбасында ажырасу, ұрыс-керіс көп болса, сондай-ақ стрестен, депрессиядан да осындай ауру кездеседі. Бір сөзбен айтқанда, өмірге ғашық болыңыздар, бір-бірлеріңізді жақсы көріңіздер! Адамзатқа, жануарға, жалпы бәріне махаббатпен қарауды үйрену керек. Абайша айтқанда, «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп». – Осы жантүршігерлік дерт ерлерде де кездеседі дейді. Рас па? – Сүт безі обыры ер адамдарда да кездеседі. Бірақ өте сирек. Мысалы, сүт безі рагына жылына он ер адам ғана шалдығатын шығар. Сол себептен бұған қатысты медицинада статистикалық мәліметтер жоқ. Сүт безі обыры 45-65 жастағы кісілерде кездесіп жатады. Көбінесе гормондық өзгерістердің нәтижесінде пайда болған соң да аз адам ауырады. – «Instagram - да белсендісіз. Парақшаңызды өзіңіз жүргізесіз бе? – Заман көшінен қалмай жүргізетінім рас. Өзім туралы ақпарат, түрлі кеңестер, жасап отырған жұмысым туралы салып отырамын. Көпшіліктің отыратын ортақ алаңы болғандықтан жасаған жұмысымызды барынша ашып көрсетіп отырамыз. – Сол парақшаңыздан қал мен меңді, шыққан жара сынды нәрселерді кесіп алып тастап жатқаныңызды көреміз. – Иә, адамға бөгет жасайтын үлкен қалдар болады. Немесе өңін өзгерткен, сұрықсыз меңдерді кейде алып тастаймыз. Біріншіден, дерматолог дәрігерге көрінген жөн. Мен көбіне теріде пайда болған пигментті неустарды қажет болған жағдайда кесіп алып тастаймын. Мең кейде әйелдерге эстетикалық кемшілік сыйлайды. Кейде ыңғайсыз жерлерге орналасады. Және киім киюге бөгет жасайды. Нүктедей мең түйедей қауіп төндіруі мүмкін. Қайсы қал қауіпті оны өзіңіз білмейсіз, сол себепті маманға көрініп, кеңес алған дұрыс. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Эльмира БАЙНАЗАРОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар