Дәнекерлеу ісінің шебері
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында кез келген саланың білікті маманына әрдайым сұраныс болатынын айрықша атап өткен еді. Президент аталған Жолдауда: «Кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы қажет. Тағы да қайталап айтамын. Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Мен Ұлттық құрылтайда және «Жастар рухының» съезінде бұған арнайы тоқталдым. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да оны сапалы атқару маңызды», деді.
Расында да қоғамның байлығы – еңбек адамы. Ұжымдық ортада немесе жеке-дара бейнетке малынып, күнұзаққа ауыр жұмыс атқарып жүрген қарапайым адамдар арамызда жетерлік. Ал олардың еңбегін бағалап, ісін өзгеге үлгі етудің еш сөкеттігі жоқ.
Шу ауданындағы Бірлік ауылдық округінің әкімі Нұрбек Қарауыловтың айтуынша, осы елді мекен теміржол магистралінің бойында орналасқандықтан жұртшылықтың дені теміржол саласында еңбек етеді. Болат жолдың бойында отырып нәпақасын тауып жатқан бірліктіктер шетінен еңбекқор.
– Мұнда ауылдық округтің жайылым жері, суармалы алқабы болмағандықтан егін салып, қырда мал өргізуге еш мүмкіндік жоқ. Әйтсе де тұрғындардың дені нәпақасын теміржол жөндеумен айналысатын «ПМС – Бірлік», «ПЧ-50» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және «Бірлік-1» теміржол стансасы арқылы айырып отыр. Ауылдықтардың 30 пайызы Шу ауданындағы орталық базарда сауда жасаумен айналысады. Одан бөлек мұндағы 1 орта мектеп пен 2 балабақша, 8 дүкен мен шағын маркет, дәрігерлік амбулатория, дәріхана, шаруашылық заттар дүкені мен монша секілді нысандар да халықтың табыс көзі саналатын нысандар. Ауылдағы 3535 тұрғынның 1 004-і жастар. Ауылда 23 ұлттың өкілі тұрады. Халықтың жартысына жуығы өзге этнос өкілдері. Барлығы да татулықты ту етіп, жарасымды күн кешуде, – дейді Нұрбек Опабекұлы.
Ауылдық округтің ақсақалдар кеңесінің төрағасы Төлеу Қарамолдаев ауыл тұрғыны Қанат Мұхановты нағыз еңбек адамы деп есептейді.
Мұндағы тұрғындардың барлығы да еңбексүйгіш. Кәсібін адал атқарып, ауылдастарына елгезектігімен сыйлы болып жүрген жанның бірі – Қанат Мұханов. Оған біздің де құрметіміз айрықша.
Жалпы құрылысшы да, қойшы да, механизатор немесе етікші де күнкөріс үшін өз қамын өзі күйттегендердің бірі болса да олар қоғамның, елдің дамуына айрықша үлес қосып жүргендер. Сондықтан еңбек адамы қол жеткізген жетістік қоғам үшін қашанда ортақ абырой болып қала береді. Осы бір құндылық кейінгі кезде елеусіз қалып бара жатқандай болып көрінуші еді. Президенттің бастамасымен бүгінде еңбек адамына қайта көңіл бөлініп жатқаны – өте құптарлық жағдай, – дейді Төлеу Сейдуалыұлы.
Жасы қырықты алқымдаған кейіпкеріміздің алғашқы алған мамандығы теміржол саласына қатысты. Алдымен колледж бітіріп, одан кейін жоғары оқуды тәмамдаған ол осы мамандық бойынша еңбек етіп те көріпті. Әйтсе де табыстың көзі кәсіптік білімде екенін ұғынып, Алматы қаласындағы №13 колледжде дәнекерлеуші мамандығын игерген. Еңбек жолын «ПМС – Бірлік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жұмысшы болып бастаған. Кейіннен дәнекерлеуші болып ауысқан. Өз ісінің қыр-сырын жетік меңгергеннен кейін, яғни 2012 жылы бөлек шығып, өзіне дәнекерлеу аппаратын сатып алып, елден тапсырыс қабылдай бастаған. 15 жылдан бері осы кәсіптің нанын жеп келеді.
– Металды электр арқылы дәнекерлеудің еш қиындығы жоқ. Ең бастысы, адамның осы жұмысқа ынтасы болуы қажет. Одан кейін темірді кескенде, дәнекерлегенде еңбек қауіпсіздігіне мән беру – ең бірінші қажет етілетін талап. Дәлдік пен шыдамдылық, не істеп жатқаныңды жүрекпен ұғынатындай сезімталдық керек.
Осы кәсібім арқылы айына 400-500 мың теге табамын. Ауылдан бөлек Шу, Мойынқұм, Қордай аудандары мен Алматы қаласынан да тапсырыс қабылдаймын. Көбіне тапсырыс Алматы қаласынан түседі. Өзімнің жеке көлігім бар, керек-жарағымды соған артып, қай жерден жұмыс шықса, сол жерге бағасына келісіп кете беремін. Ауылдастарымның да көбісінің жылу құбырын, ауласының қақпасын, сантехникалық жұмыстарын орайы келсе жасап беремін. Егер материалы өзінен болса, бір қақпаны 100 мың теңгеге жасаймын.
Үйде ұш ұл, бір қыз өстік. Олардың барлығы да үйлі-жайлы, еңбекқор. Кезінде бізге дұрыс тәрбие берген ата-анама алғысым шексіз. Әкем 73-те болса, анамның жасы 57-де. Біз қандай жетістікке жетсек те солардың арқасы, – дейді қанат Аязбайұлы.
Айтуынша, дәнекерлеу жұмысына қаңтар-ақпан айында онша тапсырыс түспейді екен. Бұл уақытта табысы айына 150 мың теңгеден аспайды.
– Бұған да шүкір. Десе де келіншегім екеуміздің табысымыз 4 баланы бағып-қағуға, тарықтырмауға молынан жетіп тұр. Әйелім осындағы орта мектепте мұғалім болып жұмыс істейді.
Осындағы М.Х.Дулати атындағы орта мектепті 2003 жылы сыныптастардың ішінде 6 ер бала бірге бітірдік. Барлығы да жоғары оқу орнына түсті. Дегенмен оның ішінде екеуміздің маманығымыз кәсіби білімге қатысты болды. Мен дәнекерлеуші болсам, ол электрик болып жұмыс істейді. Менің бір білетінім, жоғары оқу орнына түсіп, лайықты жұмыс табамын деп жүргенде уақыт жоғалады. Мен кеште болса осы мамандықты игеріп алғаныма өкінбеймін. Өйткені кәсіптік білім игергендерге еңбек нарығында сұраныс көп. Мамандығың бойынша дер кезінде жұмысқа тұруға, үйлі-жайлы болуға мүмкіндік те мол. Табысы да қанағат тұтарлықтай, – деді ол.
Елімізде бірнеше жылдан бері техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамытуға, жастардың кәсіптік және техникалық білім алуына барынша көңіл бөлініп келеді. Одан бөлек жұмыссыз жүрген азаматтарды еңбекпен қамту мақсатында қайта даярлаудан өткізу, белгілі бір мамандықтар бойынша қысқамерзімді оқыту курсынан өткізу, кәсіпкерлік негізде білім беру секілді игі шаруалар жүзеге асырылуда. Бос жүрген азаматтар осы мүмкіндіктерді қалт жібермей, еңбек дүбіріне араласса, оның бейнетқорлығы мен мамандығына адалдығы, біліктілігі қоғамда елеусіз қалдырмайды.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ
Келесі мақала