Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

БАСТЫ МІНДЕТІМІЗ – «ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАН» ҚҰРУ

БАСТЫ МІНДЕТІМІЗ – «ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАН» ҚҰРУ
ашық дереккөз
БАСТЫ МІНДЕТІМІЗ – «ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАН» ҚҰРУ
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде болып жатқан өзгерістер мен реформаларға баса тоқталды. Мемлекет басшысы бір жыл бұрын халыққа арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа арнаған Жолдауын жариялағанын, аса маңызды сәтте саяси жаңғыру бағдарламасын ұсынғанын жеткізді. Конституциялық реформа арқылы бүкіл жүйені өзгертетін қадамдар жасалғанын сөз етті. Соның арқасында елімізде Президент жеті жылға бір мәрте ғана сайланатын болды. Сондай-ақ Парламенттің құзыреті мен қызметі қайта қаралды. Депутаттардың рөлі едәуір күшейді. Конституциялық Сот құрылды. Осы арқылы бүкіл сот жүйесіне түбегейлі реформа жасау басталды. Президент референдумнан кейін Конституцияның жаңа талаптарына сай билік тармақтарын түгел жаңғыртуға қадам жасалғанын жеткізді. Сондай-ақ конституциялық өзгерістерге сәйкес Президент сайлауы, Сенат, Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы өткенін, референдумды қосқанда бір жылға жуық уақыттың ішінде өте маңызды 5 саяси науқан өткенін тілге тиек етті. Жуырдағы сайлау елімізде жаңа азаматтық, саяси мәдениет қалыптасып келетінін айғақтап отыр. Мемлекет басшысы алдымызда айрықша маңызды міндеттер тұрғанын нақтылай түсті. Жан-жақты жаңғырту жұмысына, әлеуметтік-экономикалық даму барысына тың серпін берілу керектігін сөз етті. Қасым-Жомарт Кемелұлы осы ретте тұрғындардың әл-ауқатын арттыру және ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру, сол арқылы тамыры тереңде жатқан мемлекеттілік дәстүрімізді нығайта түсу айрықша маңызды екеніне тоқталды. Президент өз сөзінде: «...Шағын және орта бизнесті толыққанды қолдау үшін кешенді шаралар қабылдау керек. Олар елімізді дамытуда маңызды рөл атқаратынын толық сезінуге тиіс», деді. Жалпы алдағы бесжылдықта шағын және орта бизнесті қолдауға үлкен мән берілгелі тұр. Мұнда ұлттық жобалардың уақытылы және сапалы жүзеге асырылуы қатаң ескеріледі. Бюджеттің әрбір тиыны тиімді жұмсалуы керек. Мемлекет басшысы айтқандай, осының бәріне парламенттік бақылау жасау айрықша маңызды. Өйткені депутаттарға дауыс берген азаматтар үлкен сенім артып отыр. – Депутаттар билік пен қоғамның әріптестігін нығайтуға үлес қосуы қажет. Бұл жұмыс «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын орнықтыруға септігін тигізеді. Әсіресе сайлауда жеңіске жеткен «Amanat» партиясы осы жұмысқа белсене атсалысады деп сенемін. Партияның тәжірибесі мол, қоғам тарапынан жан-жақты қолдау бар. Сондықтан «Amanat» партиясы алдағы өзгерістердің бел ортасында болады деп үміттенемін, – деді Мемлекет басшысы. Президент тағы бір басымдық ретінде елдің өндірістік әлеуетін барынша арттыру маңызды екенін алға тартты. Қасым-Жомарт Тоқаев инфрақұрылымды дамытуға қатысты ұстанымдарды қайта қарау қажет екенін де айтты. – Менің тапсырмаммен электр энергетикасы нарығын дамытудың жаңа үлгісі дайындалып жатыр. Сол арқылы осы салаға қосымша инвестиция тарту көзделіп отыр. Сондай-ақ бұл құжат осы саланың барынша ашық болуын қамтамасыз етпек, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Келесі көтерілген мәселе – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса мән берілу қажеттілігі. Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын қарқынды дамытуға қажетті жағдай жасау – мемлекеттің міндеті деп есептейтінін жеткізді. Ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту қажеттігі де Президент назарынан тыс қалмады. Ал елімізде адам капиталының сапасын барынша арттыру әрине Қасым-Жомарт Кемелұлының айрықша назарында. Сондықтан алтыншы басымдық ретінде білім беру жүйесін жан-жақты дамыту қажеттігі аталған. Білім сапасын, әсіресе орта білімнің деңгейін арттыру үшін батыл шешім қабылдау қажет. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты стратегиялық маңызы бар міндетке тоқталып, еліміздегі медицина инфрақұрылымын жақсарту, медицина қызметкерлерінің құқығын қорғау, әлеуметтік жағдайын назардан тыс қалдырмау жайын да айтып кетті. Мұнымен қоса, саламатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту, әсіресе балалардың спортпен айналысуына жағдай жасау қажеттілігі де баса айтылды. Әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарды қолдау, зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін адамдарға арнайы төлем төлеу мәселесі, адам құқығын қорғау жүйесін нығайтуды жалғастыруда барлық саладағы құқық үстемдігі қағидасының сақталуы, адам саудасына тосқауыл қою, Президенттің «Ұлттық қор – балаларға» бастамасы – осы мәселелердің барлығы ел мүддесінен ештеңе биік тұрмауы қажеттігінің тағы бір дәлелі. Мәдениет саласы туралы айтқан Мемлекет басшысы, бұл саланы өркендету үшін жасалып жатқан жаңа тұжырымдаманың еліміздің мәдени мұрасын сақтау, насихаттау және ұлттық бірегейлікті нығайту ісінде шешуші рөл атқаратынына сенім білдірді. Қасым-Жомарт Кемелұлы еліміздің мақсаты – «Әділетті Қазақстан» құру екенін тағы бір атап өтті. Әрі мұның бәрі бір күнде жасалатын шаруа емес екенін еске салды. – Ең алдымен, отаншыл болуымыз қажет. Ұлттың және мемлекеттің мүддесі бәрінен биік тұруға тиіс. Әрине, қоғамның дамуы үшін пікір алуандығы қажет. Бірақ елдік мәселелерге келгенде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білген жөн. Елімізді өркендету үшін еңбек ету – баршамыздың азаматтық борышымыз. Ендеше Отан алдындағы осы перзенттік парызымызға әрдайым адал болайық, – деді Президент. Бұл елімізді бақытқа, жарқын болашаққа бастайтын ұзақ жолдың басы ғана. «Әділетті Қазақстан» құру жолында ел мүддесінен ештеңе биік тұрмауы қажеттігін барлығымыз естен шығармауымыз керек.

Эльмира АБДИНОВА, Тараз қалалық мәслихатының депутаты

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар