Қазақ футболы қашан дамиды?
Футбол – әлемдегі ең танымал спорт түрінің бірі. Кейбір футбол клубтарының табысы бірқатар елдердің бюджетіне түсетін кіріс қаражатынан да көп. Танымалдылық жағынан да футболшылар атағы әлемге белгілі сұңғыла саясаткерлермен теңесіп тұр. Қазақстандық футболшылардың аса танымал бола алмауы біздегі осы спорт түрінің әлемдік деңгейде лайықты өнер көрсете алмауынан деп білемін.
Жалпы бұл спорт түрін сүймейтін халық жоқ шығар. Бірақ футболдың еліміздегі даму тарихын көп адам біле бермейді. Футболдың әлем бойынша ресми танылған күні – 1863 жылдың 23 қазаны. Дәл осы кезде футболдың нақты ережелері қабылданған. Осылайша Британия аралдарынан бүкіл әлемге тарала бастады. Дәл осы уақыт арасында Мәскеу мен Санкт-Петербург арқылы 50 жыл ішінде футбол ойыны Қазақстанға да жетті. Кейбір деректерде құжаттық негізде 1912-1913 жылдарда Семей қаласында алғашқы футбол клубтары құрылғаны айтылады. Мәселен олар – «Ярыш», «Олимп» және «Спорт» футбол клубтары. Бұл сөзімізді сол кездегі баспасөз құралдарында жарияланған мақалалар айғақтай түседі. Мысалы, «Къ спорту!» басылымының 1913 жылғы 13 қарашадағы №35 санында: «1912 жылы көктемде осы жерде (Автор Семей қаласын меңзеген) ағайынды Смороденниковтер ұйымдастырған «Нептун» деген атаумен бірінші футбол командасы пайда болды. Өткен жаз мезілінде бір өзі ғана жаттығып, ойнады. 1913 жылдың басында Семейде футболға қызығушылар саны арта түсті. Гимназияшылар, студенттер, семинаршылар, сауда-өнеркәсіптік мекемелер қызметкерлері, ерікті өрт сөндірушілер қоғамы командалары пайда болды. Футболдың бұлай тез дамуы және оған қызығушылар санының көбейе түсуі оның болашағы жарқын болатындығын меңзейді», делінген аталған мақалада.
Қазақ футболы бүгінгі күнге дейін баяу дамыса да өзіндік жеткен жетістіктері арқылы маңайға танылған кейбір футболшыларды білеміз. Қазақстан футболының басты басқарушы органы 1992 жылы құрылған. Нақты айтқанда, «Қазақстанның футбол федерациясы» (ҚФФ) деген атаумен өмірге келген. Федерация 1994 жылы FIFA-ның толық мүшесі құқығына ие болды. 2001 жылға дейін Азия футбол конфедерациясының құрамында болғанбыз. 2002 жылы талай таланттың бағын ашқан Еуропаға қадам басып, UEFA-ның құрамына кірдік.
Қазақстандағы жастардың футболға әуестігі жыл санап артып келе жатыр. Десе де осы уақыт аралығында еліміздегі футболдың деңгейі көңіл көншітпеді. Бапкерлер мен ойыншылар лайықты түрде өнер көрсете алмай, көптеген матчтарда жеңіліс тапты. Бұл жағдайлар қоғамда «Қазақстанда футбол дамымайды, болашағы жоқ» деген тұжырым пайда болуына әсер етті. Футболшылар тек ел арасындағы лигаларда өнер көрсетумен ғана шектеліп жүрді.
Десе де жақында, яғни осы жылдың 26 наурызында «Астана Аренада» өткен матчта ұлттық құрама футболшылары еңселерін бір тіктеп алды. Келер жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирінде Қазақстан мен Дания қарсы ойнады. Осы ойында Қазақстан Данияны 3:2 ұпайымен жеңді. Бұл жайлы барлық ақпарат құралдары қуана жазды. Өз елімізбен ғана шектелмей, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары осы жеңіс жайлы жылы пікірдегі жазбаларын жариялаған болатын. Ұлттық құрама өнер көрсеткен бұл дода қазақ футболының жанкүйерлері үшін елеулі оқиға ретінде есте қалатыны анық. Стадионға жиналған жұрт өз қуаныштарын жасыра алмады. Бұл үлкен жеңістерге бастама деп ойлаймын.
Жалпы ел басқарған ағалар қазақ футболын дамытудың бір амалын тапса екен. Қандай да бір футбол клубтарына кімнің танысы бар сол ойыншы болып қабылданбаса, шаршы алаңда шын таланттар атой салса, әрине, жеңіске жету жолы жақын. «Әділетті Қазақстан» құру жолында осыған да мән берсек жөн болар еді.
Мемлекеттен кез келген футбол клубына қаржы бөлмей, оларды қалтасы қалың, іскер азаматтардың меншігіне беру керек деп есептеймін. Сонда ғана клубқа қаржы салған кәсіпкер өз қаражатын еселеп қайтару үшін командаға шын мықтыларды іріктеп алар еді. Әлемде аса танымал футбол клубтарымен байланыс орнатып, тәжірибе жинауына, осы тектес біз білмейтін басқа да мәселелерді қаперге ала отырып, ойыншылардың бәсекеге қабілеттілігін арттырар еді. Осылайша қазақ футболы дамып, дүниежүзі көз тіккен матчтарда қазақстандықтар шебер ойын көрсетсе еліміздің аты да өзгеге танылатыны даусыз. Мұндайда бізбен әлемнің санасуына соны жол ашылатыны анық.
Әмина ЕСКЕРМЕС, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 4-курс студенті