Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

СҮЙІНШІ СҰРАУДЫҢ ДА ЖӨНІ БАР

СҮЙІНШІ СҰРАУДЫҢ ДА ЖӨНІ БАР
ашық дереккөз
СҮЙІНШІ СҰРАУДЫҢ ДА ЖӨНІ БАР
Халқымызда кез келген жақсылықта, жаңалықта сүйінші сұралады. Алайда сүйінші сұраудың да өз жөні мен жолы бар екенін ескерсек, кейінгі кезде ықылым заманнан бері келе жатқан жөн-жоралғының мақсат-маңызы өзгеріп кеткендей. Яғни соңғы уақытта аяғы ауыр әйелдер арасында жүктілігін әлеуеметтік желі арқылы әлеуметке жариялап, жүктілікті анықтайтын тесттегі екі сызықты күйеуіне тосынсый етіп көрсету сәнге айналды. Жақында белгілі блогер келіншек «Instagram» әлеуметтік желісінде тікелей эфирге шығып, жолдасына жүкті екенін айтып, сүйінші сұрағанына куә болдық. Жолдасына жүктілікті анықтайтын тестті арнайы қорапшаға салып ұсынды. Жаңалықтан бейхабар жігіт қорапшаны ашып, тестті көргенде қуанғаннан көзіне жас алды. Келіншегіне рақметін айтып, қарнынан сүйді. Ерлі-зайыптылардың қуанышты сәтін онлайн көріп отырған көрермен де ақ тілектерін жаудырып жатты. Тағы бірде әлеуметтік желіні белсенді қолданушы келіншек дәмханаға жақындарын, туыс-жарандарын шақырып, аяғы ауыр екенін айтып, сүйінші сұрады. Алдымен түрлі тағам қойылған дастарқанның басында отырған күйеуіне әдемі қағазға оралған жүктілікті анықтайтын тестті ұсынып, нықтап алды. Оны көрген күйеуінің бақыттан жүзі бал-бұл жайнап сала берді. Тіпті тестті достары бірінен соң бірі алып көріп, таңғалысып жатты. Ары қарай тілектер айтылып, мәре-сәре болды да қалды. Жалпы жүктілік тесті қолдан-қолға өтіп көретін таза дүниеге жатпайды. Ал дастарқан басында тамақтанып отырғандардың ерсі әрекеті жұртты шошытты. Оның үстіне қонаққа келгендердің көбі ер-азаматтар қауымы еді. Бұрындары аналарымыз жүкті екенін жарияламақ тұрмақ, 9 ай бойы құрсағын бөтен көзден жасырып ұстаған еді. Көпті көрген әжелеріміз келінінің жүкті болғанын сезсе де жалпақ жұртқа жария етіп, сүйіншілемеген. Ешкімге тіс жармаған. Сұрай қалған жандарға тіл-көздің сұғынан сақтау үшін «ішінде көжесі бар» деп тұспалдап айтады екен. Сондай-ақ қазақ жүктіліктің алғашқы айларын қатерлі санаған. Аяғы ауыр әйелдің бастапқы үш айы қауіпті кезең, баланың орнықпаған кезі деп санап, бөтен адамдардан жасыруға тырысқан. Сондықтан алғашқы үш айда жүкті әйел кең киім киіп, басқалардан аяғы ауыр екенін құпия ұстаған. Дана халқымызда «Немен мақтансаң, сонымен сыналасың» деген нақыл бар. Балалы болу – үлкен жауапкершілік. Сондықтан жүктілікті шоуға айналдыру, сол арқылы танымалдылығын арттыруды көздеудің дұрыс еместігін айтады қала тұрғыны Жанат Айтжанова. – Қазіргі таңда жастар арасында әлеуметтік желі арқылы жүкті екенін жалпақ жұртқа жариялап, сүйінші сұрау сәнге айналуда. Меніңше, бұл дұрыс емес. Қазақ халқы ырым-тыйымға қатты мән берген ғой. Бала құрсақта пайда болғаннан 3 айға дейін ешкімге айтпай, тек бала қимылдап, бар екенін сездіргенде ғана жақындарына білдірген. Немесе ата-енесі келіншектің іші жайлап біліне бастағанда байқаған. Сонымен қатар «келіннің құрсағы ақ айранға толыпты» деген секілді сөздермен тұспалдап айтатын болған. Сөйтіп, келіннің аяғы ауыр екенін жеткізеді. Ал қазір жастарымыз барлығын керісінше істейді. Қандай болсын жақсылықты жасырып, тыныштықта ұстаған дұрыс. Аяғы ауыр болса, сабырмен күткен жөн. Бұл балаға да әсер етуі мүмкін. Көз, сөз деген де бар. Осының барлығынан сақтанған қазақ халқы оны тіпті жақынына да айтпаған. Біз өзіміздің қазақ екенімізді ұмытпай, қазақы болмысымызды сақтауымыз керек. Шетелден келген жаңалықтың барлығы жақсы емес. Оған ермес бұрын дұрыс-бұрысын анықтап алуымыз керек, – дейді ол. Жүкті әйелдің мәртебесі өте жоғары. Қасиетті Құранда «Сонда оған (әйелге) жүктілігінің әр күні үшін күндіз ораза тұтқанның, түнде Аллаға құлшылық еткеннің сауабы жазылады» делінген. Сол айтқандай, сәби сүю, балалы болу да Алланың пенделеріне берген нығметі, аманаты. Ал ата-ананың міндеті – сол аманатқа қиянат жасамау. Себебі құрсағына біткен шақалақтың дұрыс дамып, жетілуіне анасы жауапты. Тақырыбымызға орай облыстық «Һибатулла Тарази» мешітіне қарасты Әжелер алқасының төрайымы Жәмила Жұмабаеваның пікірін тыңдап көрген едік. – Қазір біздің жасымыз 70-тен асты. Біздің кезімізде жүкті екенімізді білсе тек енеміз ғана білетін. Анамызға айтпайтынбыз да. Босанғанда бірақ хат арқылы хабарлайтынбыз. Қазір заман дамыды. Бала құрсаққа біткеннен біліп, оның жынысын анықтап, «УДЗ» арқылы түрін көруге де мүмкіндік бар ғой. Ата-анасының өзі келіндерінен, қыздарынан «Тест не болды?» деп сұрап жатады. Ал біз аяғымыз ауыр болып, ішіміз білінген кезде айтпақ түгіл, тіпті төркінімізге бармайтынбыз. Баламызды емізіп отырғанда әкеміз, ағаларымыз көрсе қайтеміз деп босанғаннан кейін де төркінімізге бармауға тырысушы едік. Бұрындары тіпті баланың санын да айтпаған ғой. Сұраса, «Алланың бергені» деп қоя салатын. Енді қазір бәрін жариялап жатады. Бұл шариғат бойынша да дұрыс емес, – дейді Жәмила Жұмабаева. Ал психолог мамандар мұндай үрдіс ата-анаға ерекше әсер ететінін айтады. Әсіресе әкелерге әсері мол көрінеді. Бала әкемен де, анамен де тығыз қарым-қатынаста болуы керек. Мұндай мақсаттағы іс-шаралар ата-ананың екеуіне де баласын қабылдауға мүмкіндік береді. Іштегі бала да әкесі мен анасының ішкі күйін, өзін асыға күтетінін сезінеді дейді. Перзент сүю – үлкен бақыт. Ал ата-ана болу сөзбен жеткізе алмайтын ерекше сезім. Сондықтан оны сүйіншілеп, жеткізудің де өз жолы бар. «Бақыт тыныштықты қалайды» дейді. Өмірде түрлі жағдай болуы мүмкін. Сондықтан жария етудің салдары кейін қандай да бір жағымсыз жағдай бола қалса, байқалуы мүмкін. Себебі бұл жаңалықты әлеуметтік желі арқылы көпшілікке алдын ала жариялап қояды. Болашақ ата-анаға осының бәрінен сақтанғаны жөн-ақ. Сондықтан өзгеден алатын орынсыз дәстүрлерді өзіміздің ескі дәстүрімізбен алмастырудың маңызы зор. Дәстүрді ұмытпай ұлықтау – әрбіріміз үшін құнды қағида.

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар