Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ойықтағы өнер орталығының үйретері көп

Ойықтағы өнер орталығының үйретері көп
ашық дереккөз
Ойықтағы өнер орталығының үйретері көп
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өткен жылдың соңында халықты Жаңа жылмен құттықтау барысында осы жылды «Балалар жылы» деп жариялағаны көпке мәлім. Мемлекет басшысы өз сөзінде «Балаларға ерекше назар аудару керек. Себебі олардың амандығы – мемлекетіміздің жарқын болашағының сенімді кепілі. Сол себепті келесі жылды «Балалар жылы» деп жариялау керек деп есептеймін. Бұл жылды тек ұрандатып немесе мереке түрінде атап өту ғана емес, ең алдымен билік тарапынан денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қамсыздандыру саласында балаларды қорғау мақсатында нақты іс-шаралар жасалуы керек», деп атап көрсеткен болатын. «Балалар жылы біздің ауыл тұрғындарын қандай жаңашылдықпен қауыштырды?» деген сауалға келер болсақ, осыдан бір-екі жыл бұрын Талас ауданы, Қаратау қаласындағы «Балалар мен жасөспірімдер орталығының» Ойық ауылынан бөлімшесі ашылған еді. Балалардың бос уақытын тиімді пайдалану, мектептен тыс үйірмелерге, қолөнерге, шығармашылыққа үйрету мақсатында 2020 жылы өз жұмысын бастаған аталған мекеме қазір 5 үйірмемен толықты. Өнер мекемесі 6 жастан 14 жасқа дейінгі балаларды қабылдайды. Бөлімше қоғамдық-гуманитарлық, көркем-эстетикалық, жаратылыстану-техникалық бағытта жұмыс істейді. Қазір үйірмеге баратын жас балалар саны 114-ке жетті. Олар бос уақытының көбін үйірмеде өткізеді. Мектепте берілген үй тапсырмаларын балалар үйірме оқытушыларымен бірге орындайды. Өнер мен білім баланы рухани өсіреді десек, бөлімшенің ойықтық жеткіншектерге берері мол. «Үйірмеде уақыт өткізу баланы телефоннан арылтуға да көмек», дейді қолөнер шебері үйірмесінің жеткешісі Арман Абдашимов. Арман ағайдың айтуынша, үйірмеге қатысатын балалардың ата-анасы, балаларының жетістіктері мен күнделікті смартфонды пайдаланудың азайғанына дән риза. Үйірмеге қатысқан жасөспірімдер бүгінде үлкен жетістікке жетіп, аудандық, облыстық, республикалық байқаулардан жүлделі оралған. «Кітап маған тақтан да қымбат», деп Шекспир айтқандай, баланың білімін арттырар тағы бір мекеме – кітапхана. Мәңгілік естеліктер мен архивтер сақталған Ойық ауылдық үлкен кітапхананың да өз оқырмандары бар. Оның көпшілігі мектеп оқушылары. Қазіргі таңда кітапханада 18 000-нан аса кітап болса, оның 11 436-сы қазақ тілінде жазылған. Кітапханашы Малика Қарабаева республикалық «Бір ел – бір кітап 2022» акциясы оқырмандарды қызықтыратынын айтады. 2007 жылдан бастап өткізіліп келе жатқан акция аясында Ахмет Байтұрсынұлының өлеңдері мен қанатты сөздері оқуға ұсынылып, кітапхана бұрышында ақынның суреттері мен кітаптары қойылған. Балалар кітапхананың клуб мүшелері болып есептелінеді. Малика Ыдырысқызы мен клуб мүшелері әртүрлі жарыстарға қатысып, үлкен көлемде ұйымдастырылатын ақын-жазушы секілді тұлғалардың мерейтойында әрдайым іс-шара ортасынан табылады. Бұдан бөлек, кітапхана ішінде «Цифрландырылған ақпараттық орталық» ашылған. Тұрғындар е-gov.kz электрондық Үкімет порталы арқылы да қажетті құжаттарын рәсімдеуге үлкен мүмкіндік алды.

Назира ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ, Б.Әлменұлы атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы, Ойық ауылы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар