ЖАТ ЖЕРДЕ ЖЕРЛЕНГЕН ЖАМБЫЛДЫҚ ПАРТИЗАНДАР

ЖАТ ЖЕРДЕ ЖЕРЛЕНГЕН ЖАМБЫЛДЫҚ ПАРТИЗАНДАР

Біз Тәуелсіз елдің ұрпақтары Екінші дүниежүзілік соғыс жайлы майдангерлердің естеліктерінен, кино және көркем әдебиеттерден ғана білеміз. От пен оқтың ортасында қалдырып, миллиондаған адамды ажал құштырған сұрапыл соғыстың әкелген зілмауыр зардабы мен жүректерге салған жарасы арада табаны күректей жетпіс жеті жыл өтсе де толық мәнінде жойыла, жазыла қоймай отыр. Тарих беттерін ақтарсақ, «ат ауыздығымен су ішіп, ер етігімен қан кешкен» зұлматты жылдарда қазақ халқының бастан кешкен ауыртпалығын сезініп, соғыс салқынының зардабы қаншалықты қасіретке толы екенін түйсінесің. 

...Кескілескен шайқастар тек майданда ғана емес, 1943 жылдан бастап Кеңес одағы көлемінде жау басып алған аймақтарда, тылда да жүріп жатты. Партизандар дұшпанның соғыс техникасын, әскери нысандарды, теміржол көпірлерін талқандау, шойын жолдарды бұзу, байланыс желілерін үзу, штабтарын өртеу секілді операцияларды іске асырды. Мұның барлығы немістерге ауыр соққы болып тиді. Украина жеріндегі партизан жасақтарында 62 ұлт өкілдері жауға қарсы күрессе, арасында қазақтар да болды. Белоруссияның аудандарындағы соғыс қимылдарына қатысқан жасақтар мен бригадалар құрамында 1 500-ден аса қазақстандық болған екен.

Осындай кескілескен партизандық іс-қимылдар Югославия жерінде де болған. Германия Югославия жерін толықтай басып алғанда партизандық күштер топтасып, күш ала бастады. Югославияның ұлт-азаттық армиясы және партизан отрядтары деп аталатын үлкен күш құрамында 650 мыңға дейін қарулы топ болды. Басты мақсаты – көпұлтты коммунистік мемлекет құрып, жерлерін азат ету. Далалық армия мен 52 партизан бөлімінен тұрған ұйымдасқан күш 1945 жылдың сәуір айында 800 мыңға дейін жетті.

Ресей Федерациясының «Память народа» сайтында 1944-1945 жылдары Югославия жерінде 1-партизан отряды құрамында соғысып, қаза тапқан 137 жауынгер туралы мәлімет бар. Оның 30-ы қазақстандық екен. Олар Қазақстанның әр өңірінен соғысқа шақырылғандар. Осы орайда біз Жамбыл облысынан аттанған, 1-партизан отряды құрамында соғысқан жерлестеріміздің есімін халыққа жеткізуді жөн санадық. Аты-жөндері құжатта қалай жазылса, дәл солай оқырманға беруді ұйғардық. Олар: 

Букуров Таимбек – 1909 жылы Жамбыл облысы, Агдазара ауылдық кеңесі, Гродиково ауылында туған. Әскери шені – қызыләскер. Соңғы әскери қызметі 1-партизан бригадасы. 28.02.1945 жылы қаза тапқан. Италияның Фриули-Венеция-Джулия, Гориция провинциясы, Тарново ауылында жерленген. Дерек көзі – Ресей Федерациясы Қорғаныс Министрлігінің Орталық архиві. 

Жаксимбетов Тастан – Жамбыл облысы, Луговой ауданы, Алғабас колхозында туылған. Әскери шені – қызыләскер. Соңғы әскери қызметі 1-партизан бригадасы. 02.02.1945 жылы қаза тапқан. Италияның Фриули-Венеция-Джулия, Удине провинциясы, Верда ауылында жерленген. Дерек көзі – Ресей Федерациясы Қорғаныс Министрлігінің Орталық архиві. 

Каликов Леонид – 1915 жылы Жамбыл облысы, Меркі ауданы, Қызылсай колхозында туылған. Әскери шені – қызыләскер. Соңғы әскери қызметі 1-партизан бригадасы. 1944 жылдың 15 мамырында қаза тапқан. Италияның Фриули-Венеция-Джулия, Триест провинциясы, Саевечи ауылында жерленген. Дерек көзі – Ресей Федерациясы Қорғаныс Министрлігінің Орталық архиві.

Худайбергенов Баймухамед – Жамбыл облысы, Шу ауданы, Индир ауылдық кеңесі, Ново-Троицк ауылында туылған. Әскери шені – қызыләскер. Соңғы әскери қызметі 1-партизан бригадасы. 1945 жылы 15 қаңтарда тапқан. Югославия, Любляна облысы, Кница ауылында жерленген. Дерек көзі – Ресей Федерациясы Қорғаныс Министрлігінің Орталық архиві. 

Югославияның партизан отрядтарының басшысы болған атақты Броз Титоның өзі кезінде қазақ жерін үш жыл паналаған екен. Кейіннен Югославия Федеративтік Социалистік Республикасының президенті болған оның қазақтарға деген ықыласы жоғары болған деседі. Міне, біздің бүгінгі мақаламызға арқау болып отырған төрт жамбылдық партизандар да өз міндеттерін абыроймен орындағанына кәміл сенеміз. Өкінішке қарай олардың партизан отрядтарына қалай қосылғаны белгісіз. Тұтқынға түсіп, концлагерьден қашып шықты ма, ол жағы да жұмбақ. Барлығы уақыт еншісінде. Алдағы уақытта бұлар жөнінде мәліметтер шығып, қалың оқырманға жол тартар. 

Ер есімі ел есінде мәңгі қалуы тиіс! Олар ешқашан ұмытылмайды.

Сағындық ЗЕЙНУЛЛАҰЛЫ, облыстық мемлекеттік архивтің бөлім басшысы