ЖАМБЫЛДЫҚ ЖАС ЗЕРТТЕУШІЛЕР ҮЗДІКТЕР ҚАТАРЫНДА

ЖАМБЫЛДЫҚ ЖАС ЗЕРТТЕУШІЛЕР ҮЗДІКТЕР ҚАТАРЫНДА

Жуырда Шымкент қаласында өткен жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар конкурсының қорытынды кезеңі халықаралық стандартқа сай көрме түрінде өтті.

Ғылыми жобалар конкурсына республика бойынша 749 оқушы 596 ғылыми жобасымен қатысса, облысымыздың атынан 50 оқушы 16 секция бойынша 40 ғылыми жобалық жұмыстарын қорғаумен бақ сынасты.

Республикалық конкурстың қорытындысы бойынша қатысушыларға Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің I, II, III дәрежелі дипломдары табысталып, алтын, күміс және қола медальдармен марапатталды.

Нәтижесінде жас зерттеушілеріміз облыс қоржынын 29 медальмен толтырды. Соның ішінде 6 оқушыға алтын медаль, 7 оқушыға жоғары оқу орындарының білім гранты, 9 оқушыға күміс медаль, 14 қатысушыға қола медаль және 6 оқушыға ғылыми жобалар конкурсында көрсеткен ерекше жетістігі үшін грамоталар мен 50 оқушыға сертификат табысталды.

Атап өтсек, Тараз қаласындағы Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы Эльфия Журунбаева, №8 гимназиясының 11-сынып оқушысы Дармен Жумашев, Керімбай атындағы №12 мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы Сафия Сабирова, Б.Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясының 11-сынып оқушылары Кәусар Шархиябек пен Аружан Бекболатқызы, облыстық Айша бибі атындағы дарынды қыз балаларға арналған мамандандырылған «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Ботагөз Рахымжанова, Шымкент қаласы, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің оқу грантының иегерлері атанды.

Ал облыстық Үш тілде оқытатын мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектептің 11-сынып оқушылары Сардор Бердыбаев және Бибинур Жолдас Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің оқу грантын жеңіп алды. Сонымен бірге Тараз қаласы, №8 гимназиясының 11-сынып оқушысы Жумашев Дармен, Жамбыл атындағы №5 мектеп- гимназиясының 11-сынып оқушысы Эльфия Журунбаева, Керімбай атындағы №12 мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы Сафия Сабирова, №47 орта мектебінің 10-сынып оқушысы Нұрайым Ратова, №30 мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы Нуриза Кенбаева, облыстық Дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Дарын» мектеп-интернатының 10-сынып оқушысы Жанель Бекетай алтын медальға ие болды. 

Жас ғалымдарды құттықтай отырып, ізденімпаздық пен шығармашылық табыс тілейміз!

А.ӨЗБЕКОВА