ЖАҚСЫЛЫҚТЫҢ СЫЙЫ – РАББЫСЫНДА

ЖАҚСЫЛЫҚТЫҢ СЫЙЫ – РАББЫСЫНДА

Тағы да таң атты. Бұл өзгерді. Жұмыстан шыққысы келді. Дәрігер ғой. Азғантай жалақы алатын. Бар ойы – табысты жұмыс іздеу. Өзіне сенімді. Нарықтық экономиканың талабы да сол, ақылыңды, біліміңді сата аласың. Ал бұл ақылды әрі білімді. Бұл өзін бағалауды үйренді. Қазір тренингтер, неше түрлі семинарлар өткізіліп жатыр. Сол бір семинарға қатысып, өзгерді.

Енді адамдарға еш тегін көмек бермес. Ақымақ болған екен, ресурстарын босқа жұмсап... Кешегі семинардан түйген ойы ғой. Телефонына хаттамалар келген екен, өткенде ауыр жағдайда түскен анасының денсаулығына араша болғаны үшін балалары алғыс жазыпты.

Жүруге шамасы жоқ болып келген, ағасының денсаулығының жасарып келе жатқанын, соған себеп бұл екенін жазыпты. Көңілі көтеріліп қалды. Жылап көмек сұрап келгенге, көмек бола алған екен-ау. Қаншама адамның тағдырына себеп болған екен ғой. 

«Иә, жақсылықтың қарымы дәл сондай жақсылық емей немене?!» делінген Құран Кәрімнің «Рахман» сүресінде. Дүниеде сауабы мол ізгі істерге ұмтылып, атқарып жүрген болсақ, ақыретте Раббымыздан да тек жақсылық қана көретін боламыз.

Бұл тоқтап, байыппен жан-жағына  қараған күйде шүкір етті. Адамдардың алғысын алған ең үлкен байлық екенін түсінгендей.

Нарық, ақша деп шатаспай, жақсылық жасай беруге бел буды.

«Адамдарға енді тегін көмек бермеспін», деген ойы үшін қатты ұялды.

Өзінен ұялды.

«Кім ықыласпен жақсылық істей отырып, жүзін Аллаға бұрса, онда оның сыйлығы ‒ Раббысында. Әрі оларға қорқыныш жоқ және олар қайғырмайды», деген («Бақара» сүресі, 112-аят).

Назерке ЖАНАЛИЕВА, дінтанушы, психолог