«ЖҮГЕНСІЗ» ЖОЛ БЕЛГІЛЕРІ

«ЖҮГЕНСІЗ» ЖОЛ БЕЛГІЛЕРІ
«ЖҮГЕНСІЗ» ЖОЛ БЕЛГІЛЕРІ
«ЖҮГЕНСІЗ» ЖОЛ БЕЛГІЛЕРІ

Жуырда редакциямызға бір топ тараздық жүргізуші хабарласты. Тұрғындармен тілдесе келе, әңгіме ауанынан қаладағы жаяу жүргіншілердің жол жүру мәдениетін ұстана бермейтініне қынжылатынын ұғындық. Айтуларынша, кейбір көшелерге әлі күнге тиісті жол белгілері орнатылмапты. Сондықтан жүргізушілер адам өміріне қауіп төндіретін мәселеге алаңдайтындарын жеткізді.

Тараз қаласының тұрғыны, 69 жастағы Түйтебай Мұстапаев есімді зейнеткер жеке көлігі болғандықтан жаяу жүргіншілердің жол ережесін жиі бұзатын жағдайымен етене таныс екенін айтады. Т.Мұстапаев Төле би көшесі мен Қаратай Тұрысов көшесінің қиылысына жақындағанда көлік жүргізушілері үшін үлкен мəселе туындайтынын тілге тиек етті.

Облыстық «һибатулла-Тарази» мешітінің алдындағы жаяу жүргіншілер жолағымен жүруге осыдан үш жыл бұрын тыйым салынған. Əу баста жаяу жүргіншілерге жолақпен жүруге болмайтыны жөнінде арнайы белгі орнатылған еді. Кейіннен алып тастады. Бір кездері жаяу жүргінші жолағы екенін білдіретін белгіні де, одан кейінгі тыйым салынған жол белгіні де алып тастағаннан кейін жұртшылық абдырап қалды. Одан бөлек жол үстіндегі бұрынғы жаяу жүргіншілер жолағының сыры əлі күнге өшпеген. Көмескіленіп болса да көзге көрініп тұр. Сондықтан тұрғындар əлдеқашан жүруге тыйым салынған жолақты ескірген деп ойлап, əрлі-берлі көшені кесіп өтуде. Салдарынан жүргізушілердің адам қаққан кезі де болды. Жолды рұқсат етілмеген жерден қиып өтіп бара жатқан адамды байқаған көлік жүргізушісі тоқтап үлгергенімен, артында келе жатқан екінші көлік жылдамдығын тежей алмай, алдындағы көлікті қағады. Ал жол-патрульдік полиция қызметкерлері тиісті жол белгіні орнатуға күш салудың орнына, сол жерде орын алған оқиға бойынша хаттама толтыруға кіріседі. Мұндай жағдайды күнара көреміз десек те болады. Сонда жаяу жүргіншінің кінəсін арқалаған жүргізушілерді көріп қынжыласың. Айыппұлды полиция қызметкерлері жол ережесін бұзған жүргіншіге емес, жүргізушіге салуды əдетке айналдырып алған. Осыдан кейін көкейімізде «Жол-патрульдік полиция қызметкерлері сол жерді жүргізушілерден мемлекетке айыппұл өндіретін орынға айналдырып алған ба?!» деген күдік пайда болды. Əйтпесе полиция қызметкерлері неліктен заңбұзушылыққа біржақты қарайды? Неге жаяу жүргіншіні де жауапқа тартпайды? Неге «жүруге тыйым салынған» деген жол белгісі орнатылмайды?

Осы тектес мəселе Төле би көшесінде орналасқан Керімбай атындағы №12 мектеп-гимназияның маңында да бар. Тұрғындар қауіпсіздігін сақтау мақсатында жүргіншілердің қарсы бетке өтуі үшін осыдан 5 жыл бұрын шамасында жерүсті өткелі орнатылған еді. Қазір көпір босқа тұр. Адамдар көпірмен көтерілмей, келесі бетке жолды төтесінен қиып өтіп, көлік қозғалысына кедергі келтіреді. Ол жерде де полиция қызметкерлерінің жүргіншілерге айыппұл салып жатқанын көргеніміз жоқ. Негізінде жол жүру ережесінде «жүргінші жаяу жүргінші жолағынан өтерде көліктің өзіне жол беріп тұрғанына көз жеткізуі керек» деп жазылған. Осы ескертпені əрбір жаяу жүргінші жолағының тұсына, тыйым салынған жерге белгі етіп орнатса жөн болар еді. Сондай-ақ заң бұзған жүргіншілерге айыппұл салып, оны БАҚ бетінде жарияласа, суретін автобусқа іліп қойса, осындай бейберекеттіктен арылар едік, – дейді Түйтебай Мұстапаұлы.

Ғазиз Абилов есімді тағы бір жүргізуші Төле би көшесімен «Жансая» ықшамауданына көпір арқылы көтерілгенде Тəуке хан көшесіне тік өтуге арналған бағдаршамның жанып не өшіп тұрғаны білінбейтінін сөз етті. Бағдаршамды сол жерге жапсарластыра орнатылған көк түсті бір жол белгісі қалқалап тұрғанға ұқсайды. Тұрғын аталған көк түсті жол белгісін ары-бері жылжытып, бағдаршамды алыстан көрінетіндей етіп көрнекілесе деген тілегін жеткізді.

Сонымен қатар,  Жансая ықшамауданына Тəукехан көшесі арқылы келіп, Б.Момышұлы көшесі қиылысына жақындағанда жоқ жерден көлік тығыны пайда болатынын сөз етті. Айтуынша, осыдан екі-үш жыл бұрын аталған қиылыста солға да, алға да жүруге рұқсат етілген екен. Сол кезде көлік тығыны азайған. Қазір тек солға бұрылу белгісі қойылғандықтан мəселе қайтып күрделеніпті.

Қойгелді көшесі арқылы Ниетқалиев немесе Сүлейменов көшесі жақтан Төле би көшесіне келіп, бағдаршамнан солға бұрыларда да қиналамыз. Себебі тік жүру үшін жасыл түс домалақ болып жанады. Ол өшкеннен кейін солға бұрылатын көлік үшін қосымша бағыттаушы (стерелка) жанады. Негізінде көше қиылысында орналасқан бағдаршамның солға бұрылу үшін қосымша бағыттаушысы болса, онда оның тік жүретін көліктерге «тек қана алға деген» бағыттаушысы немесе «алға жəне солға» деген бағыттаушысы болуы керек. Ал бұл жерде аталған мəселе ескерілмеген. Адамның бағдаршамның жасыл түсі жанғанда солға да бұрылуға болатыны не болмайтынын айқындау қиын. Осы бағдаршамның жасыл түсіне солға да, алға да жүруге болатынын білдіретін немесе тек алға жүруге болатынын көрсететін бағыттаушы неге қойылмаған? 

Бұдан бөлек Тараз қаласындағы кейбір көшеде қайсысы басты жол екенін білдіретін белгі жоқ. Мəселен, Тараз-Шымкент бағытымен «Бəйтерек» ықшамауданына бұрылған көлік сол маңдағы «Дəмді себет» сауда орталығының алдымен «Арай-2» ықшамауданына бұрылар тұста сасқалақтайды. Ол жер негізінен көпірдің үсті. Осы жерге қайсы жол бастысы екенін білдіретін белгі орнатылмаған. Негізінде теміржолдан, көпірден шыққан көлік «главный» болып есептелетіні белгілі. Дегенмен осыны білдіретін жол белгісі неге орнатылмайды? Осы тектес мəселе көп, – дейді Ақылбек Қабылбеков.

Жүргізушілерді базынасына жауап алу үшін біз Тараз қалалық полиция басқармасының жергілікті полиция қызметіне хабарластық. Тараз қаласы полиция басқармасының ресми өкілі, полиция аға лейтенанты Жанерке Əзімхан облыстық «һибатулла Тарази» мешітінің алдындағы көше бойында бұрынғы жаяу жүргіншілер жолағы екенін білдіретін жол белгінің орнында қазір мемлекеттік стандартқа сай «3.10» жол белгісі тұрғанын айтады. Бұл белгі «жаяу жүргіншілерге жүруге болмайды» деген ұғымды білдіреді екен. Дегенмен адамдардың сол жерден көптеп өтуге бейіл тұратыны назарға алынып, бағдаршам орнату ісі қолға алыныпты. Бағдаршам 1-2 күннің ішінде орнатылатын көрінеді.

«Жолда жүру ережесін бұзған тұрғындарға айыппұл салынбайды» деген пікірмен келіспейміз. Себебі жыл басынан бері тек жол ережесін бұзған 5 мың 572 азамат ҚР Əкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 615-бабы (жаяу жүргіншілердің жол ережесін бұзу) бойынша əкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл дерек жаяу жүргіншілердің де жауапкершілігі таразыланып жатқанын көрсетеді. 

Төле би көшесіндегі жерүсті өткелі, яғни Керімбай атындағы №12 мектеп-гимназиясы маңындағы мəселе де өте өзекті. Сол үшін біздің қызметкерлер ол жерді ешқашан назардан тыс қалдырған емес. Ол жерде бағдаршам тұсынан өтетін жаяу жүргінші жолы қашық емес. Көпір де тиіп тұр. Сонда да жұрт жолды заңсыз кесіп өтуді тыяр емес. Біз ол жерден көшені кесіп өтуге болмайтыны жөнінде түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеміз. Айыппұл да салынуда. Оны тұрақты түрде халық хабардар болсын деп əлеуметтік желідегі «taraz_police» «Instagram» парақшасында жариялап келеміз. 

«Жансая» жақтағы бағдаршамның көрінбейтіні бұдан бұрын анықталған. Алдағы уақытта жергілікті атқарушы орган бағдаршамды жоғарыға орналастыру ісін қолға алады. Бұл туралы Тараз қалалық полиция басқармасы тарапынан жергілікті атқарушы органдарға нұсқама жіберіліп қойды.

Қойгелді көшесі арқылы Ниетқалиев немесе Сүлейменов көшесі жақтан Төле би көшесіне келгенде бағдаршамның жасыл түсі жанса, тік жүруге де, солға бұрылуға да болады. Көлік ағыны көп болса, солға бұрылуы тиіс көлік орнынан қозғалмай немесе алға сəл жылжып барып көліктердің ағыны тоқтағанын күтсе, ол заңбұзушылыққа жатпайды.

Тараз қаласындағы көшелерге 9 мыңдай жол белгісі қойылған. Егер қандай да бір көшеде жол белгісі орнатылмауы салдарынан көлік құралдарының қозғалысына кедергі келіп жатса, онда азаматтар 109 нөміріне қоңырау шалып, шағым түсіруі керек. Осыдан кейін біздің қызметкерлер ол жерге барып сараптама, зерделеу жұмыстарын жүргізіп, қажет деп табылған жағдайда жол белгісі орнатылады. «Бəйтерек» ықшамауданы тұрғындары тарапынан бізге осы мəселе бойынша шағым түскен. Қазір ол жерде де қай көліктің қайда бұрылатынын білдіретін жол белгісі орнатылып қойды, – деді Жанерке Асылханқызы.

Біздің мақсат – тұрғындар тілегін тиісті мекемеге жеткізу. Бастысы, жол-көлік оқиғаларының орын алуына, апатты жағдайдың туындауына қатысы бар деген мəселелер өз шешімін біртіндеп болса да тауып жатқаны қуантты. Дегенмен жүргіншілер жолдан өтерде сабырсыздыққа салынбай, тек рұқсат етілген жермен ғана жолды кесіп өтсе, адам тағдырын алаңдатарлық мəселе сəл де болса азаяр еді.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ