ТАРАЗДАҒЫ МАТРАС ЦЕХЫ халықты сапалы әрі қолжетімді өніммен қамтамасыз етуде

ТАРАЗДАҒЫ МАТРАС ЦЕХЫ халықты сапалы әрі қолжетімді өніммен қамтамасыз етуде
ТАРАЗДАҒЫ МАТРАС ЦЕХЫ халықты сапалы әрі қолжетімді өніммен қамтамасыз етуде

Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан асса да жеңіл өнеркәсіп саласы әлі күнге жетім баланың күйін кешіп отыр. Әрине, қағаз жүзінде барлығы керемет. Ғажап. Көрсең көңілің өседі. Өнеркәсібіміз әлдеқашан өркендеп кеткен. Ішкі сұранысты қамтып, тіпті отандық өнімдер шетелдерге экспортталуда. Ал іс жүзінде мүлдем олай емес. Егер сөзімізге нанбасаңыз, қаладағы кез келген сауда нүктесіне бас сұғып көріңіз. Ішіп-жем дейсіз бе, киім-кешек дейсіз бе, бәрі-бәрі шет мемлекеттерден импортталады. Отандық өнімнің үлесі өте аз. Мақтануға тұрмайды. Неге? Қанша көңіл бөлініп, қолдау көрсетілсе де халықтың әлеуетін көтерудегі үлесі орасан жеңіл өнеркәсіп саласының төрт аяғына тең тұра алмауының себебі неде? Әркім әртүрлі себеп айтар. Жуырда «Аsimus» жеке кәсіпкерлігінің директоры, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жанынан құрылған іскер әйелдер кеңесінің мүшесі Гүлсім Елешовамен кездесіп, ашық әңгімелесе келе біз де бірнеше маңызды себебін тапқандай болдық. 

АРНАЙЫ БАҒДАРЛАМА  ЖҮЗЕГЕ АСПАЙ, ЖЕҢІЛ  ӨНЕРКӘСІПТІҢ ЖАҒДАЙЫ  ЖАҚСАРМАЙДЫ 

Жамбыл облысының тұрғындарын сапасы жоғары, бағасы қолжетімді матрас өнімімен қамтамасыз етіп отырған «Аsimus» жеке кәсіпкерлігінің атына бірнеше жылдан бері сырттай қанық болатынбыз. Жуырда арнайы ат басын бұрып, тыныс-тіршілігімен танысып қайтудың сәті түсті. Жылы шыраймен қарсы алған кәсіпкер Гүлсім Шыныбайқызы амандық-саулықтан кейін бірден әңгіме тиегін ағытты. Кейіпкеріміздің сөзге шешен екені бірден байқалды. Әлде сұхбат беріп әбден ысылып қалғандықтан ба, кәсіпкерлік саласындағы алғашқы қадамдары, даму жолы жайлы рет-ретімен айтып берді. Біз тек мұқият тыңдап отырдық. Ендігі жайды Гүлсімнің өз аузымен баяндайық.

– Жолдасымның туыстарының матрас шығаратын цехы болды. Жолдасым шебер болып бірнеше жыл қастарында бірге істеді. 2013 жылы цехты сататын болды. Сөйтіп цехты жолдасым сатып алды. Шынымызды айтсақ, бізде басқа таңдау болған жоқ. Нарықты зерттеген жоқпыз. Жолдасымның тәжірибесі болғандықтан өз-өзімізге сенімді болдық. Содан бері отбасылық бизнесімізді дамыту мақсатында жұмыс істеп келе жатырмыз. Әрине, алғашында қаржыға байланысты аз-кем қиындықтар болды. Бірақ барлығын еңсере білдік. 

Қазіргі таңда отыз түрлі матрас шығарамыз. Тараз қаласындағы жиһаз сататын дүкендердің барлығымен серіктеспіз. Сұраныстарына қарай кез келген сапада дайындап береміз. Сондай-ақ облысымыздағы барлық медициналық орталықтармен де тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз. Емдеу мекемелерін матраспен қамтамасыз етеміз. Шымкент қаласында да бір серіктесіміз бар. 

2013 жылдары Тараз қаласында матрас өндірісімен тек біз ғана айналыстық. Қазіргі таңда қала бойынша екі-ақ цех жұмыс істеуде. Себебі өндіріспен айналысу оңай емес. Қомақты қаржы салу керек. Қажетті станоктардың, шикізаттың бағасы өте қымбат. Мәселен, біз шикізатты Ресейден, Қытайдан аламыз. Бірнеше жыл бұрын арнайы бағдарламаларға қатыстық. Мақсатымыз – ешкімге жалтақтамай, шикізаттың 70 пайызын өзіміз шығару болатын. Егер поролонды өзіміз дайындап, матаны өзіміз тіксек, әлдеқайда пайдалы емес пе? Тәуелділіктен құтыламыз. Өкінішке қарай мемлекеттен қолдау болған жоқ. Әрине, 3-5 миллиондық қайтарымсыз грант алсақ болады. Бірақ 5 миллионмен қай жыртығымызды жамаймыз. Себебі біздің өндіріске қажетті бір қондырғының өзі 25 миллион тұрады.

Ұсынысымыз – жеңіл өнеркәсіппен айналысатындар үшін жаңа бағдарламалар қабылданса. Бағдарлама арқылы кәсіпкер өндірісін дамыту мақсатында жеңілдетілген несие алып жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Сонда өндіріс те дамиды. Бірақ бағдарламаға тәжірибесі бар, қалыптасқан, жұмысы жолға қойылған кәсіпкерлердің қатысуына ғана мүмкіндік берілгені жөн. Өйткені кәсіпкерлікке енді бет бұра бастағандар, әсіресе тәжірибесі жоқ жастар миллиондаған қаржыны ұқсата алмауы әбден мүмкін. Егер осылайша тиімді жолдарын қарастырмасақ, еліміздің сатып алып, сатумен айналысып жүргені жүрген, – дейді жас кәсіпкер Г. Шыныбайқызы.

КӘСІПКЕР ӨНДІРІС КӨЛЕМІН  ҰЛҒАЙТА АЛМАЙ ОТЫР. СЕБЕБІ...

Қазіргі таңда өндіріс орнында 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жұмысшылардың орташа айлық жалақысы – 120-130 мың теңге аралығында. Ал науқан кезінде 200 мыңға дейін жалақы төленеді. Сондай-ақ кәсіпкер күніне цехта 20 шақты матрас өндірілетінін айтады. Өнім көлемін бұдан да бірнеше есеге ұлғайтуға болады екен. Бірақ... 

Цехта екі түрлі матрас дайындалады. Бірі – классикалық, яғни қарапайым матрас, екіншісі – ортопедиялық матрас. Бүгінд е ортопед иял ық матрасқа сұраныс өте жоғары. Себебі халық та денсаулыққа пайдалысын түсіне бастады. Ортопедиялық матрас көптеген аурулардың алдын алады. Өте ыңғайлы. Қанық, дұрыс ұйқының бірден-бір кепілі. Әрі бір матрасты 15 жылға дейін қолдануға болады. Әрине, халықтың қаржылық жағдайы әртүрлі. Кейбірінің ортопедиялық матрас алуға жағдайы келмейді. Сондықтан бізді халық өсіргендіктен тұтынушыларымыздың жағдайына қарай бағасын барынша қолжетімді етуге тырысамыз. Бір адамдық қарапайым матрастың шаршы метрі 8 мың теңгеден басталады. Ал бір адамдық ортопедиялық матрастың шаршы метрі 20 мың теңгеден жоғары. Яғни бір адамдық ортопедиялық матрас бағасы – 40 мың теңге. Тұтынушының сұранысына қарай түрлі қажеттіліктерді қоссақ, баға да өсе береді. «Kaspi Red»-пен бөліп төлеу мүмкіндігі де жасалған.  Жалпы біздің ең басты артықшылығымыз – баға жағынан өте тиімдіміз. Баға жағынан бәсекелес жоқ. Себебі акционерлеріміз жоқ, ешкімге тәуелді емеспіз. Төлейтін несиеміз жоқ. 

Сапа жағынан да, баға жағынан да халыққа қолайлы болғандықтан тапсырыс берушілер қатары күннен-күнге артуда. Соған сай өнім көлемін де ұлғайтқымыз келеді. Алайда мүмкіндік жоқ. Қазіргі уақытта Рысбек батыр көшесі, №4 жатақхананың жертөлесін пайдаланып отырмыз. Заңдастырылған. Аумағы – 500 шаршы метр.  

Күніне 20 емес, 40-50, тіпті одан көп матрас өндіріп, 10 емес, 20 адамды жұмыспен қамтысақ дейміз. Бірақ сенесіз бе, станок алсақ, қоятын орын қалмады. Симай жатырмыз. Сол себепті әкімдіктен жер сұрадық. Егер кем дегенде 40 сотық жер берсе, стандартқа сай етіп жаңа ғимаратымызды соғар едік. Қазіргі таңда өтінішіміз бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Әкімдіктің тиісті бөлімінің мамандары 2022 жылы жер берілетінін айтқан. Күтіп отырмыз.

Біздің алдағы мақсатымыз – поролон өндірісін игеруден бастасақ дейміз. Мемлекеттен көмек болса тіпті жақсы. Болмаса өз күшімізбен істейміз. Басқа амал жоқ, – деген Гүлсім Шыныбайқызы облыстық кәсіпкерлер  палатасымен тығыз байланыста жұмыс істеп жатқандарын да айтып өтті. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен өтетін «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауына үміткер болып, өтініш қалдырыпты. 

Облыстық кәсіпкерлер палатасы әрдайым қолдау көрсетіп, қандай жаңалықтар болып жатқанын, мемлекет тарапынан бизнесті қолдауға арналған мүмкіндіктер жайлы үнемі хабардар етіп отырады. Семинар-тренингтерден, басқа да оқулардан бізді қалдырмайды. Жуырда облыстық палата мамандары тағы да шақырды. Айтуларынша, ірі өндірістік 
және өнеркәсіптік бизнес жобаларға аймақ беру бойынша арнайы бағдарламада бар көрінеді. Енді барып, танысып қайтамыз, – деп сөзін аяқтаған кәсіпкер цехты аралатып, жұмыс барысымен таныстырды. 

Цехта жұмыс қызу жүріп жатыр  екен. Қол қусырып қарап отырған жұмысшыны көрмедік. Әркім өзіне жүктелген іспен айналысып, қарбаласып жүр. Цехтың тарлық ететіні  көрер көзге көрініп-ақ тұр. Ине шаншыр орын жоқ. Бір шетте дайын матрастар жиналып тұрса, бір шетінде қажетті шикізат, енді бір шетіне арнайы станоктар қойылған. Дегенмен кәсіпкер жыл соңына дейін жер мәселесінің шешілетініне үмітті. Ағымдағы жылы «Аsimus» жеке кәсіпкерлігіне арнайы келген Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев та жер мәселесін шешіп беру бойынша жауаптыларға тапсырма берген көрінеді. 

Жылдың аяқталуына әлі бірнеше ай бар. Сондықтан әкім тапсырмасының тиянақты орындалып, Тараз қаласында жаңа өндіріс орнының қазығы қағыларына біз де үміттіміз. Талабы таудай, мақсаты айқын, ынтасы зор отандық өнім өндіруші жастарды қолдамасақ, кімді қолдаймыз.

Талғат НҰРХАНОВ