ТӘРБИЕСІЗ «TIK-TOK»

ТӘРБИЕСІЗ «TIK-TOK»

Қазіргі таңда танымал әлеуметтік желілердің қатарын толықтырып, қолданушылар саны бойынша көш бастаған «Tik-Tok» желісін жас та, жасамыс та пайдаланады. Әсіресе бұл желі бүлдіршіндер мен жасөспірімдер арасында кеңінен қолданысқа ие. Қытайдан бастау алған платформа жастардың қызығушылығы мен назарын аудартып қана қоймай, күнделікті өмірінің ажырамас бір бөлшегіне айналды.

Базбіреулер бұл әлеуметтік желіде тек уақыт өлтіріп, сол үшін қызығушылық танытса, енді бірі оны табыс көзі ретінде пайдаланып отыр. Аталған әлеуметтік желіде көңіл көтеретін қызықты бейнероликтер де жоқ емес. Бұл бейне түсірілімге ыңғайлы әлеуметтік желі болғанымен, онда аса танымалдылыққа ие болып, әртүрлі өнімдерді тіркелушілерге ұсына отырып табыс тауып жүргендер бар. Сонымен қоса SММ маманы, журналист, маркетолог мамандықтарын игеру арқылы ақылы түрде сценарий жазып, пайдаға кенеліп жүргендер де жетерлік. Біз сөз еткен мамандық түрлері соңғы жылдары аса сұранысқа ие болып келеді. Шығармашылық жолын жарнамалау мақсатында бейнеролик түсіріп, оны оқырмандарына ұсынып, осындай жолмен біршама табысқа кенеліп жүрген замандастарымыз арамызда көп-ақ.

Жарты әлемді телефонға телмірткен осы бір «Tik-Tok» жайлы психолог мамандар мен ұстаздардың пікірлерін тыңдағанда, олардың бұл әлеуметтік желіге қатысты пікірлері қарама-қайшы екеніне куә болдық. Бірі «Бұл өскелең ұрпақты құрдымға кетіреді» десе, енді бірі «Нақ осы платформаның пайдасын жоққа шығаруға болмайды, тиімді қолдансаң мақсатыңа жетуге болады» деген уәж айтады.

Меніңше, жасөспірімдер «Tik-Tok» желісін пайдаланып, бейнеролик түсіруді танымал болудың бір жолы деп қарастырады. Ал мұндайға тәуелділіктің зиянды тұстары да бар. Мәселен, бейнежазба түсіргенде жеткіншектер өзіндік жас ерекшеліктеріне сай келмейтін іс-әрекеттер жасайды. Музыка мен би қимылдары сәйкес келмей, түсірген дүниесі көңілінен шықпаса, ашуға булығатыны рас. Сондай-ақ алтындай уақытын текке өткізіп, білім алуға деген құлшынысын төмендетіп алуы мүмкін, – дейді ардагер ұстаз Мадина Кенжетаева.

Ал психолог маманның желі жайындағы пікірі мүлдем бөлек. Аталған мәселе жан-жақты қарауды талап етеді деген Гүлнар Уәлиқызы «Tik-Tok» платформасына тек зиянды емес, пайдалы жағына да зер салған жөн екенін алға тартады.

– Жаңа форматтағы платформалар енді жетіліп к еле жатқан жасөспірімдеріміздің шығармашылық қабілетін ашады. Мысалы, би билеу, өлең айту, креативті ойлау, әртістік қабілетін дамыту мен өзін-өзі көрсету, камерадан қорықпау сынды жек е талантын көрсеткісі келетін пайдаланушылар үшін қажет құрал. Сондай-ақ олар мұндай қосымшалар арқылы өмірлік сәттердің ерекше оқиғаларымен бөлісуге мүмкіндік алады. Ал уақытты «өлтірмеу» үшін ересектер тарапынан ақылды іс жүргізілуі керек. Атап айтсақ белгілі бір жағдайда ата-ана сауатты, ақылға қонымды тыйымдар жасауы тиіс. «Tik-Tok» түсіруді тез тоқтат!» деп жекігеннің орнына «Сен мұны өте қатты қалайтыныңды мен бар жан-тәніммен түсінемін. Өкінішке қарай, дәл қазір саған рұқсат бере алмаймын. Өйткені сенің жасыңдағы бала алдымен білім арқылы кемелденуі тиіс. Сондықтан сабағыңды оқығаның жөн» деген сөздер айтса, бұл балаға ауыр тимейді, – дейді психолог.

Әрине, маман пікірін сан-саққа жүгірткен желінің ұтымды тұстарын жоққа шығара алмаймыз. Алайда мұның көрер көзге пайдасынан зияны басым секілді. «Атың шықпаса – жер өрте» демекші соңғы кезде арзан атақ қуғандар елді өзіне қаратамыз деп ардан да аттап жатыр. «Тентегін тезге салады» деген орта жастағы аға-әпкелеріміздің де желіге байланып, ақылға сыйымсыз сөздер мен өздеріне жараспайтын қылықтарын көрсеткенде қынжылмасқа амалың қалмайды. Желідегі кейбір бейнежазбаларды көргенде өз бетіңді өзің шымшығың келеді. «Тренд» деп қыздар жартылай жалаңаш билесе, жігіттер одан өткен ерсі қылықтарымен елдің есін шығаруда. 

Бәрін былай қойып, ең қастерлі саналған асыл дінімізді, ұлт зиялыларының есімін, рухын күлкіге айналдырғаны жанға батады. Сайып келгенде, осының бәрін жасап жатқан өзге емес, өзіміздің қаракөз ұл-қыздарымыз екендігі өзегіңді өртейді. 

Соңғы айларда вайнерлер өз қалжындарының арасына «Ас-саляму алейкум» деген сөзді қосып жіберуді трендке айналдырып алған. «Алла және оның Елшісінің рақымы мен мейірімі жаусын» деген ізгі ниетті былапыт сөзді жеңіл әзілге араластырып қойғаны қандай өкінішті.

Ең сорақысы еліміздің азаттығы жолында тар жол тайғақ кешкен алаш арыстары, ұлт зиялыларын, ғұлама-ғалымдарымыздың есімін қаралап, құдды бір бір ғасырда өмір сүріп жүрген замандастарындай оп-оңай сынның астына алып жүр. Мәселен, өз көзіммен көргендерді айтар болсам, Абайды, Абай бейнесі арқылы қазақты әлемге танытқан заңғар жазушы Мұхтар Әуезов «жүргіш», «әйелдеріне қысым көрсеткен», Сәбит Мұқанов «сатқын», Сәкен Сейфуллин «өзін қатты сүйетін, әйелді бағаламайтын» жан болып шыға келді. «Tik-Tok»-тағы жас ғалымсымақтардың сөзіне сенсек, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Шәкәрім Құдайберді, Шоқан Уәлихановтар – Алланы жоққа шығарғандар. Ал қазақ азаттығы үшін күрескен ұлы қайраткер, алаш көсемі Әлихан Бөкейханов – сатанист, массон мүшесі болған. 

Мұндай бассыздықтарды тізбелесең осылай жалғасып кете береді. Ең сорақысы ашықтыққа жол берген желіде мүлдем ұят қалмағандығы. Ести-ести құлақ үйреніп кеткен боғауыз сөздерді, қыз секілді боянып алып, майысқан нәзік жігіттерді, енесін жалпақ жұртқа жамандап отыра беретін келінді де кездестіресіз бұл желіден. 

ТҮЙІН: Бүгінде әр күніміз әлеуметтік желі болмаса қызықсыз, мән-мағынасыз болып кеткендей. Өйткені бір сәтке болса да қолдағы смартфонды ғаламтордан ажыратуға құлқымыз жоқ. Күнделікті күйбең тірліктен шаршап, табиғат аясына бой жазуға шыққан күннің өзінде телефон мен интернетсіз арқаны кеңге жая рахаттанып демала алмаймыз. Бейне бір өмірдің мәні сонда ғана секілді, ол жоқта бірдеңе жетіспей тұрғандай болады да тұрады. Алайда бүгін «Tik-Tok»-қа тәуелді ұл-қыз өсіріп, ертең құндылығымызды құлдыратып алмау үшін, еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін өзіне тәуелді еткен осынау «ғасыр дертінің» зиянын ата-ана баласына ерте жастан ескертіп, тек десе деген тілегіміз бар.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ