ТҮРМЕГЕ ҚАМАЛҒАН ТАНЫМАЛ СПОРТШЫЛАР

Әлемде соққыға жығылған, пышаққа түскен, жұмбақ жағдайда көз жұмған спортшылар аз емес. Тиісінше жол торыған қарақшылар мен қандықол қылмыскерлердің емес, кәсіби спортшылардың қолынан қаза тапқан немесе зардап шеккен адамдар да өте көп. Біз газетіміздің «Сіз білесіз бе?» айдары аясында түрлі қылмыс жасап, түрмеге тоғытылған спортшыларға тоқталмақпыз...

1. МАЙК ТАЙСОН, БОКСШЫ

МАЙК ТАЙСОН, БОКСШЫ

Майк Тайсон бокстағы мансабын енді бастап жатқанда көп адам спортшының күндердің күнінде абақтыға қамалатынын болжаған екен. Қателеспепті. 1992 жылдың 10 ақпанында 18 жасар Дезире Вашингтон есімді қызды зорлады деген айыппен алты жылға бас бостандығынан айырылады. Тайсонға қатысты қылмыстық іс 1992 жылдың 27 қаңтарында ресми басталып, 1992 жылдың 10 ақпанында аяқталады. Десек те «Темір Тайсон» түрмеде үш жыл отырып, үлгілі тәртібі үшін уақытынан ерте босап шығады.

2. МАЙК ДЕНТОН, ХОККЕЙШІ

МАЙК ДЕНТОН, ХОККЕЙШІ

«Сент-Луистің» командасының (АҚШ) шабуылшысы Майк Дентон 2004 жылы агентімен келіспей қалады. Сөйтіп агентін өлтіру үшін киллер жалдайды. Алайда іс соңына дейін жетпей, 24 жастағы Дентон кінәлі деп танылып, 7,5 жылға сотталған еді. 2010 жылы хоккейші түрмеден шығып, үлкен спортқа қайта оралды.

3. УГЕТ УРБИНА, БЕЙСБОЛШЫ

УГЕТ УРБИНА, БЕЙСБОЛШЫ

Урбина – «MLB» жұлдыздарының матчтарына екі рет қатысқан танымал бейсболшы. Бірақ кейін бейсбол жұлдызының жүйкесі сыр бере бастаған. Себебі Угет өзінің үй қызметшілерін тапаншамен қорқытып, тіпті бір қатарға тізіп қойып, үстеріне бензин шашқан. Адам өміріне қауіп төндіргені үшін сот Угетті 14 жылға соттады. Бірақ 7,5 жылдан соң Урбина бостандыққа шықты.

4. ОРЕНТАЛ ДЖЕЙМС СИМПСОН, ФУТБОЛШЫ

ОРЕНТАЛ ДЖЕЙМС СИМПСОН, ФУТБОЛШЫ

Симпсон ұлттық футбол лигасында үлкен танымалдыққа ие болып, аты алысқа кеткен америкалық спортшылардың бірі. Кейін киноға да түседі. Алайда спортшыға 1995 жылы адам өлтірді деген айып тағылғанымен, футболшы ақталып шығады. 2007 жылы Симпсон қылмыстық топқа қосылып алтын сататын саудагерлерге шабуыл жасап, спорттық жүлделерін тартып алған. Қасындағы серіктері Орентал Джеймсті сатып кетіп, спортшы қарумен шабуыл жасағаны үшін және қылмыстық топты басқарғаны үшін түрмеге қамалды. Жазасы – 33 жыл.

5. ДЬЮИ БОЗЕЛЛА, БОКСШЫ

ДЬЮИ БОЗЕЛЛА, БОКСШЫ

Бокс әлеміне енді аяқ басып келе жатқан 18 жасар Бозелланың білегіне 92 жастағы әйелді өлтіргені үшін кісен салынады. 1983 жылы Дьюи өмір бойына бас бостандығынан айырылады. Бозелла түрмеде де боксты тастамай. сотталғандар арасында үздік боксшы деген атаққа ие болады. Бокстан бөлек Бозелла түрмеде отырып 2 жоғары білім алып шықты. Спортшыға түрмеден ертерек шығу үшін қылмысын мойындау ұсынылған еді. Бірақ Дьюи өз қылмысын мойындаған жоқ.
Тек 2009 жылы ғана қосымша айғақтар табылып, Бозелла бостандыққа шықты.

6. МАЙКЛ ВИК, ФУТБОЛШЫ

МАЙКЛ ВИК, ФУТБОЛШЫ

Майкл Вик ит төбелесін ұйымдастырғаны үшін 3 жыл түрмеде отырып шыққан америкалық футболшы. Ит төбелестіруден бөлек, Майклдың кезінде шөп шеккені де 3 жылға бас бостандығынан айырылуына себепкер болған. 2009 жылы спортшы түрмеден шығып, үлкен спортқа қайта оралды.