«СУ БАСЫНАН ТҰНАДЫ»

«СУ БАСЫНАН ТҰНАДЫ»

«Қаңтардағы қасірет» билікке де халыққа да мықты сабақ болды десек те бейбіт шеруді жат пиғылдылардың өз мақсатына пайдаланып кетуі, жазықсыздардың қаза тауып, жұрттың жақынынан айырылуы көкірегімізді қарс айырды. Халық әлі де есін жия алмай отыр. Байқауымызша, террорлық әрекетке қатысты анықтауды қажет ететін жайттар көп секілді. Ол енді тиісті мекемелердің құзырындағы шаруа. Бастысы мұндай зобалаң енді қайталанбаса екен дейміз.

Жалпы, мен Қытай Халық Республикасынан келіп, Әулиеата өңірінде білім алып жатырмын. Ол жақта кезінде Түркінің ордасы болған Күнес деген жерде туып-өстім. Шекара сызылғанда біздің ата-бабамыздың жері аталған алпауыт елдің иелігіне өтіп кеткеннен кейін біз жырақта қалып кеткен қандас едік. Ол жақта жоғары білім алып, қызмет істегеніммен, бар арманым елге келу болған соң Қазақстанға жол тарттық. Мұнда келіп өмірді қайта бастап, Қазақ елінің ұстанымына сай білім алып жатырмын. Жасым 45-ке келсе де бар мақсатым – алдағы уақытта елге қызмет ету.

Бала күнімде ауылдағы бір қарияның ересектеу немересі үйіндегі үлкендерге ескертпестен бірнеше күн қалаға кетіп, қайта оралғанда атамыздың ұрпағына кейи сөйлегеніне куә болғаным бар. Сол кезде көнекөз қария: «Қазақта «Кездеген аяқ шоқ басады» деген сөз бар балам. Сен ер жігіт болсаң да артыңда іздеуі, сұрауы бар адамдар отырғанын ұмытпа. Оларды алаңдатып, көңіліне қаяу түсіру адамшылыққа жатпайды. Сенің әр қадамың жаңылыспауға тиіс. Олай болмаған жағдайда қазақ деген атымызға кір келтіресің. Негізі балам, бір жол бар батбақ, бір жол бар қатқақ. Қайсысымен жүру керектігін ары қарай өзің таңдайсың. Қайда жүрсең де адам болып қалуды жадыңнан еш уақытта шығарма», деген еді.

«Қаңтар оқиғасы» орын алғанда бір досым қонаққа шақырып, ол маңға бір көлікпен жетіп алған соң, ары қарай жаяу жүрмекші болдым. Алдымда кәмелет жасына толған бір бала кетіп бара жатты. Қолында ұялы телефон. Құлаққап арқылы біреумен сөйлесіп келеді. Өзі сірә қатты ашулы. Жап-жас қазақ баласының сөз саптауы маған мүлде ұнамады. Ол «Жаңа біз барғанда неге шықпадың, қорқақ» дегенімен қоймай орысша-қазақша адам айтуға аузы бармайтын былапыт сөздерді араластыра көшеде самбырлап келеді. Мен алдымда кетіп бара жатқан өрімдей жастың боқтықтан басқа айтары жоқ па деп қалдым. Досымның үйіне жеткен соң, екеуміз әңгіме тиегін ағытып, көбіне ұрпақ тәрбиесіне қатысты ой қозғадық. Досым маған «Біз туған елге ұрпағымызды қазақ ету үшін келдік қой, бірақ мына балаларымның қазақ болып қалатынына күмәнім бар» деді. «Неге?» деп едім ол «Біздің кезіміздегідей емес, қазіргі жастардың түсінігі басқаша. Бұл қоғамда ауыз екі тілде сөйлесу мәдениеті мүлдем жойылып барады» деп терең күрсінді. Жастар тұрмақ үлкендердің өзінің орыс тілінде сөйлеуге құмартып тұратыны оның жанына батса керек. Қазіргі жеткіншек балалар түгілі үлкендердің өзі қазақша сөйлеп тұрғанымен, оның айтылу заңдылығын дұрыс ұстанбайды. Мәселен, «отырмыз» деген көпше түрдегі сөзді «отырық» дейтіндер көбейді. Қазақта «Су басынан тұнады» деген сөз бар. Билік басындағылар немесе отбасындағы үлкендер өз тілін қор санап, өзге тілді зор санайтын болса ұрпақ қайда барады? Олар орысша шүлдірлегенде еріксіз тұман тұңғиығына батасың. «Азат елдің ұл-қыздарымыз» деп кеудені кергенімізбен, бірақ жұрттың әлі де ауыз екі тілде сөйлеу мәдениеті жағынан азат емес екені біздің күнделікті тыныс-тіршілігімізден айқын сезіліп тұр. Өзге тілдің құрсауында құрып кетпеуіміз үшін не істеу керек? Қазір баласына ертегі, аңыз, әпсәна айтып беріп, ұлтын, тілін сүюге тәрбиелейтін үлкендер де азайып кетті. Осындайда жүн түтіп, жіп иіре отырып, ертегі айтатын, «Бесік жырын» ыңылдап айтып, ұрпағына қазақы болмысты сіңіретін ақ самайлы әжелер еріксіз еске түседі.

Қазір елдің тілі шұбарланғанымен қоймай, киіну мәдениеті де құрып барады. Бұрынғыдай ақ қалпақты ақсақалдың орнын қырма сақалды, бас киімсіз, таз қарындар басты. Ауылдық жерде иықты шалдар үстіне зерлі шапан жауып, мәсі не етігінің қонышынан насыбай емес, қамшы суыра жұрт алдында үнемі есті сөз айтып, көпшілікті бірлікке шақырып, ұрпақтың жүріс-тұрысын бақылап, ауылдың өркендеуін, арақтың ішілмеуін өзінен кішілерден талап етіп отырса, ащы су зардап тартқызған қасіреттен біршама болса да құтылар ма едік? Шынын айту керек, «Бата беріңіз деп» жұрт бетіне қарағанда екі ауыз сөз айтуға жарамайтын арамызда жасы үлкендер бар екенін мойындауымыз керек. Ақ жаулықты, ақ кимешекті әжелердің орнын шолақ шашты, орамалсыз дудар бастар алмастырды. Аяқтары тырнадай сидиған, қысқа белдемшелі қарындастарды көргенде кірерге жер таба алмай қаламыз. Бұрын арқан есу немесе ер-тұрман, қамшы өру секілді жұмыстарды кез келген ер жігіт мүлтіксіз атқара алатын болған. Қазір бұл санаулы шеберлердің ғана қолынан келетін іске айналды. Балаға мұндай өнерді үйрету оларды еңбекке баулитынын ұмытпауымыз керек.

Сөз соңында айтарым, бейбіт шерудің соңы ереуілге ұласып, бүлікшілер білгенін істегенде арасында жастардың да көптеп жүргенін естіп-біліп, телеарналардан көрдік. Олардың ата-аналары қайда қарап отыр? Бүлікшілер білгенін істей бастағанда бейбіт тұрғындар қайтып кетуі тиіс еді ғой. Міне, елді арандатушылар жастарды пайдаланды. Демек бұған жастарға жөнді тәрбие бере алмаған, ата-ана, қала берді біз құрып отырған қоғам кінәлі. Мемлекет басындағылар да ұрпақтың қаніпезер емес, ұлтын сүйетін азамат болып қалыптасуына жағдай жасауы керек. 

Хамит АЙДАРҰЛЫ,
М.Х.Дулат атындағы Тараз өңірлік университетінің IV курс студенті