СПОРТ КЕШЕНДЕРІ ХАЛЫҚҚА ҚОЛЖЕТІМДІ МЕ?

СПОРТ КЕШЕНДЕРІ ХАЛЫҚҚА ҚОЛЖЕТІМДІ МЕ?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес облысымызда спорт саласына айрықша көңіл бөлінуде. Қасым-Жомарт Кемелұлы 2021 жылғы Жолдауында: «Денсаулық кепілі – дене шынықтыру. Жұрттың және балалардың спортпен шұғылдануына жағдай жасалуы қажет екенін тағы да қайталап айтамын. Облыс әкімдері спорт инфрақұрылымын біртіндеп салуды қамтамасыз етуге тиіс», деп Үкімет пен жергілікті атқарушы органға нақты тапсырмалар жүктеді.

Егер облысымыздағы спорт саласында 2020, 2021 жылы атқарылған жұмыстарға шолу жасар болсақ, Президент тапсырмаларының тиянақты орындалғанына көз жеткізуге болады. Жолдау жүктеген міндеттерді мүлтіксіз орындау мақсатында облыста бұқаралық спортты дамытудың 2020-2025 жылдарға арналғанда кешенді жоспары бекітіліп, жоспар аясында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, 2020 жылы облыс бойынша 15 дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Сондай-ақ 2 нысанға күрделі жөндеу, 1 нысанға қайта жаңғырту, 12 нысанға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 92 спорт алаңшасы орнатылған. Ал өткен жылы облыста 11 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. Бүгінгі күнге дейін Меркі ауылында (Меркі ауданы), Гвардейский кентінде (Қордай ауданы), Түймекент ауылында (Байзақ ауданы), Луговой ауылында (Т.Рысқұлов ауданында) және Тараз қаласында 5 кешен ел игілігіне ұсынылған. Қалған 6 кешеннің құрылысы 2022 жылы аяқталады деп жоспарлануда. Сонымен қатар Тараз қаласы мен аудандарда 89 спорт алаңшасы ашылған.

Облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының маманы Ақниет Ілиясұлының айтуынша, бүгінгі таңда облыс бойынша 2 836 спорт нысаны (1 спорт сарайы, 17 стадион, 43 спорт кешені, 721 спортзал, 431 футбол алаңы, 1 585 спорт алаңшасы және 38 басқа да нысандар) халыққа қызмет көрсетуде. Спорт нысандарының 2 834-і облыс тұрғындарына қолжетімді.

Әрине, спорт нысандарының саны көбейгені, құрылыс жұмыстарының қарқын алғаны жақсы-ақ. Бірақ мәселе тек санда емес, халыққа қолжетімділігінде. Мейлі 2 836, тіпті 20 836 болсын, егер спорт нысандары қаңырап бос тұрса, адам аяғын баспайтын болса, не үміт, не қайыр?! Осы орайда өңіріміздегі спорт нысандарының халыққа қаншалықты қолжетімді екенін білмек мақсатта жауапты мамандарды сөзге тартып, бірқатар спорт мектептеріне де арнайы ат басын бұрдық.

Әлбетте жоғары жетістікке жету үшін бұқаралық спортты дамытудың маңызды екені айтпаса да белгілі. Облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының маманы Ақниет Жеңісбайдың сөзіне сүйенсек, 2021 жылдың қорытындысы бойынша облыста дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары 405,6 мың адамға немесе облыс тұрғындарының 35,4 пайызына жетіпті. Көрсеткішті 2025 жылға дейін 50 пайызға жеткізу жоспарлануда. Сондай-ақ облыс бойынша спортпен жүйелі түрде шұғылданатын дене мүмкіндігі шектеулі адамдардың жалпы саны 3 982 адамды немесе 20,7 пайызды құрапты. Көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 593 адамға немесе 3,1 пайызға өскен.

ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та өздерінің әр Жолдауында үнемі бұқаралық спортты дамыту керектігін баса айтып, салаға жауапты министрлікке, қала, облыс әкімдеріне нақты тапсырмалар беріп келеді. Мәселен, Қасым-Жомарт Кемелұлы 2019 жылдың 2 қыркүйегіндегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында елімізде бұқаралық спортты дамытуға байланысты кешенді бағдарлама қабылдау керектігін жеткізді. «Ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі де өте өзекті. Барлық жас санаттары арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық спортты дамыту – пирамидаға айналуы тиіс. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз. Бұл бағытты заңнамалық тұрғыда жалғастырып, бұқаралық спортты дамытуда кешенді бағдарлама қабылдау керек», – деді Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында.

Осы мақсатта Жамбыл обылсында жыл сайын әртүрлі спорт алаңдары салынып, тұрғындар игілігіне берілуде. Сонымен қатар саламатты өмір салтын насихаттау мақсатында, жастарды спортқа баулу үшін көпшілікке арналған сайыстар мен спорттық фестивальдар жиі өткізіліп тұрады. 2021 жылдың қорытындысымен облыс бойынша салауатты өмір салтын насихаттау бағытында барлығы 2 827 спорттық іс-шара ұйымдастырылып, аталған іс-шараларға 196,4 мың адам қатысты. 

Бүгінгі таңда облыста 67 спорт мекемесі (51 спорт мекемесі басқармаға қарасты, 16 спорт мекемесі аудан әкімдіктерінің бағынысында) жұмыс істеуде. Сондай-ақ облыс тұрғындарын дене шынықтыру және спортпен жүйелі айналысуға тарту үшін өңірде 2021 жылы 96 спорт бойынша нұсқаушы штаттық бірліктері енгізіліп, нұсқаушылар қатары 233-ке жетті, – деген Ақниет Ілиясұлы спорт нысандарының әрқайсысы тұрғындар үшін қолжетімді екенін айтты. 

Спорт нысандарының қолжетімділігіне байланысты аз-кем ақпаратқа қаныққан соң Тараз қаласындағы №5 облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне бардық. Түскі 13:30 шамасында спорт мектебінің ауласына енгенімізде арнайы жолақта жүгіріп, кермеге (турник) тартылып, дене қыздыру жаттығуларын жасап жатқан тұрғындарды байқадық. Спортпен айналысып жүргендерді сырттай бақылап тұрғанымызға қасымызға №5 облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Бақытжан Сапашев келді. Біздің келетінімізден алдын ала хабардар Б.Сапашев амандық-саулықтан кейін көп созбай мекеменің тыныс-тіршілігімен таныстыруды бастап кетті. 

Өзіңіз де көріп тұрғандай спортпен айналысатын тұрғындардың қатары өте көп. Егер кешкі уақытта келсеңіз тіпті абыр-сабыр болып жатады. 

Негізі «Ұлан» спорт кешенінде үш кіші футбол алаңы және бір үлкен футбол алаңы бар. Қолжетімділік кестесіне сәйкес жергілікті тұрғындар таңғы сағат 06:00-08:00, түскі 13:00- 14:00 және кешкі 19:00-21:00 аралығында келіп, футбол ойнап, басқа да спорт түрлерімен айналыса алады. Одан бөлек мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің де аптасына екі рет тегін футбол ойнауына жағдай жасалған. Келетін халықтың жасына талдау жасар болсақ, жасы да, жасамасы да бар. Тіпті егде жастағы зейнеткерлер таңғы сағат бестен келіп алады. Сондай-ақ спортзалдың бірінші қабатында бокс залы, екінші қабатында күрес залы орналасқан. Аптасына үш рет жастар бокспен, күреспен айналысып, шынығып жүр. 

Жалпы тұрғындардың, әсіресе жастардың бұқаралық спортқа деген қызығушылығы өте жоғары. Келушілер қатары күн санап көбеймесе, азайған емес. Халық та әрдайым алғыстарын білдіріп жатады. Біз де өз тарапымыздан лайықты қызмет көрсетуге тырысамыз, – дейді Б.Сапашев. 

Осы орайда біздің ту сыртымызда жүгіріп келіп, ентігін басып отырған тұрғынды да сөзге тартып көрдік. Өзін Амантай Бергенбекұлы деп таныстырған ел ағасы жасындағы азамат спорт көп жылдан бергі серігі екенін, күнделікті жүгірумен айналысатын жеткізді. 

– Біздің кезіміздегідей емес, қазір спортпен айналысуға барлық жағдай жасалған. Жас кезімде бокспен айналысқанмын. Жаттығу залымыздың тарлығы соншалық, моншаға түскендей болатынбыз. Әр бес минут сайын далаға шығып, таза ауа жұтып келетінбіз. Одан бөлек спорт нысандары тапшы болатын. Бокс, күрес немесе басқа да үйірмелерге бару үшін қаланың бір шетіне баруға тура келетін. Ал қазір қалай?! Әрбір ықшамауданда ойын алаңшалары қойылып, кіші футбол алаңшалары ашылған. Спорт мектептері де көп. Жаның қалаған спортпен шұғылдануға болады. 

Байқаймын, кейінгі бірнеше жылда облыс орталығында спорт нысандары, алаңшалар өте көп соғылуда. Қуанатын жағдай. Себебі спорт нысандарының көбейгені қолжетімділікті арттыра түседі. Әрі жастарымыздың да ынтасын оятуда. Сондықтан алдағы уақытта да салаға мемлекеттік қолдау көлемі арта берсе келешекте ұтатынымыз көп болмақ. Өйткені дені сау ұрпақ –  ұлтымыздың кемел келешегі, – дейді Амантай Бергенбекұлы.

Тұрғын айтқандай тек Тараз қаласында ғана емес, аудан орталықтарында, ірі елді мекендерде құрылыс жұмыстары қарқын алды. Еңселі спорт кешендері бой көтеріп, тозығы жеткендеріне қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесі көңіл қуантады. Мәселен, Жамбыл ауданы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қайрат Ержігітовтің айтуныша, 2022 жылдың қаңтар-наурыз айларының қорытындысы бойынша ауданда дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылардың қатары 35,8 пайызға немесе 30 мың 595 адамға жетіпті. Көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда 0,8 пайызға немесе 795 адамға артқан. Жыл қорытындысымен көрсеткішті 38,5 пайызға жеткізу жоспарланып отыр екен. 

Тек  Жамбыл  ауданында  ғана  емес,  бұқаралық спортты дамыту мақсатында өзе өңірлерде де бас бармақпен бағалауға тұрарлықтай жұмыстар атқарылуда. Көрсеткіштерде елеулі өсім байқалады.

Яғни Жамбыл облысында салауатты өмір салтын ұстанамын деген жанға барлық жағдай жасалған деуге толықтай негіз бар. Тек өзіңізде ынта мен жігер болсын!

Талғат НҰРХАНОВ