САУДА ҮЙЛЕРІНДЕГІ СОРАҚЫ АУДАРМАЛАРДЫ КІМ ҚАДАҒАЛАЙДЫ?

САУДА ҮЙЛЕРІНДЕГІ СОРАҚЫ АУДАРМАЛАРДЫ КІМ ҚАДАҒАЛАЙДЫ?

Әр халықтың елдігін танытатын құндылығының бірі тіл екені әмбеге аян. Ана тілін ардақтай білген елдің болашағы да жарқын екенін ғұламалар да жетер жеріне жеткізе айтып кеткен. Алайда туған тілді тұқыртып жүрген келеңсіздіктер өте көп. Өз тілін шұбарлап сөйлегенді былай қойғанда көпшілікке қызмет көрсететін демалыс орындарындағы, сауда нүктелеріндегі сорақы аудармалар тілдің дамуына үлкен кедергісін тигізуде. Сондай қисынсыз аудармалардың біразын Тараз қаласындағы «Fix price» дүкенінен кездестірдік. 

«Fix price» дүкендер желісі еліміздің барлық қалаларында жұмыс істейді. Тауарларының бағасы нарықтан әлдеқайда төмендеу болғандықтан келушілердің қатары қалың. Елдің аузында жүрген дүкенге жуырда өзіміздің де жолымыз түсті. Иә, сатылымдағы тауарлардың бағасы, сапасы ел мақтаса мақтайтынындай-ақ бар екен. Ойымызда дәнеңе жоқ, самсып тұрған киім-кешектерді қарап жатып қазақшаланған аудармасына көзіміз түсіп кетті. Аударманы көрдік те жағамызды ұстадық. Тіпті аудармасын айтуға ауыз бармайды. Мәселен, шашты буып жинайтын резеңкені (Резина для волос) «Шашқа арналған сағыз» деп аударса, мерекелік сыйлықтар салуға арналған дорбаларды (Набор пакетов праздничный) «Пакеттерді мереке» деп тайға таңба басқандай етіп жазыпты. Ыдыс астына төсейтін кілемшелерді (Коврик для посуды) «Кілем астына ыдыс», шашты жинау үшін тағатын таңғышты (Повязка для волос) «Таңғыш үшін шаш», косметикалық заттар мен аксессуарларды салатын органайзерді (Органайзер для косметики и аксесс) «Органайзер үшін, косметика және аксессуа», ал іш киімдерді «Қорқақтар әйелдер», «Қорқақтар аталық» деп аударған. Осылайша жалғасып кете беретін аудармаларды көргенде әбден ызаға булықтық. Күлесің бе, жылайсың ба?

Дүкендегі аудармалардың қанша уақыттан бері ілініп тұрғаны белгісіз. Сонда осы уақытқа дейін ешкім байқамаған ба? Көрер көзге анық көрініп тұрған аудармаларды ешкімнің қадағаламағаны, еск ертпегені жанға батады. Немқұрайдылықтың жалқаулықтан да жаман екеніне осы сәтте анық көзіміз жетті. Әйтпесе дүкенде жұмыс істеп жүргендердің басым көпшілігі қазақтар. Қызметкерлер ақылға қонымсыз аудармаларды күнде көріп жүр ғой. Неге өзгертпейтіндерін сұрағанымызда ондағылар «Бұл дүкен ресейлік, сол елдегі фирмадан солай жазылып келеді. Оны біз түзетіп, өзгерте алмаймыз» дейді. Дегенмен қалай десек те мұндай сорақылыққа көз жұма қарауға болмайды ғой. 

Ал енді мұны қалай түсінуге болады?! Қазақ тілін тұқырту мақсатында әдейі істелген іс пе? Әлде ана тілімізді келемеждеу ме? 

Осындай сорақы аудармадан соң әрине, тұтынушылардың барлығы қоғамдық орындарда орысша атауларды іздейді. Ал ол дегеніңіз мемлекеттік тілді өлтірудің бірден-бір жолы. 

Іздестірсек, мұндай сорақы аудармалар тек біздің Тараз қаласындағы дүк енінде емес, Алматы секілді мегаполистердегілерінде де дәл осылай жазылыпты. 

Өз елінде жетімнің күйін кешкен тіліміздің жайын күйттеп облыс әкімдігінің тілдерді дамыт у басқармасына хабарласқан едік. Біздің мақсат олқылықты түзетуге тиісті мекемелердің араласқаны еді. Алайда аталған басқармадағылар «Оған біздің құзыретіміз жүрмейді. Біз тек әдістемелік көмек қана көрсете аламыз. Оны тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне айтасыздар» деп қысқа қайырды. 

Ал облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Байқадам Дүйсенбаев:

Біз барлық сауда нысандарына тауарлардың атауларын мемлекеттік және ресми тілде жазып, ілулерін міндеттейміз. Бұл Заңда көрсетілген.  Бірақ біз жекеменшіктегі кәсіпкерлікке барып, тексеру жасай алмаймыз. Егер тұтынушылар шағымданатын болса, тұтынушылардың құқығын қорғау мақсатында жұмыс істейтін қоғамдық бірлестіктерге қайырылады. Сол арқылы тұтынушының шағымы бізге келіп түседі. Содан соң ғана 10 жұмыс күні ішінде тұтынушы айтқан кемшілік түзетілуі керек. Облыста қазіргі уақытта «Ғасыр сапасы» тұтынушылардың құқығын қорғау агенттігі» және «Агрессивті культтерді зерттеу», «Азаматтық құқықты қорғау комитеті» қоғамдық бірлестіктері бар. Бұл бірлестіктер өздерінің іс-шаралар жоспарына сай қоғамдық орындарда, сауда нысандарында зерделеу жұмыстарын атқарып та жүр, – деді. 

Біз өз тарапымыздан шағымдану үшін аталған бірлестіктердің телефон нөмірлеріне қоңырау шалып көрдік. Алайда бірі «Бұл ол кісінің нөмірі емес» десе, енді бірі «Біз басқа өңірге шығып кеткен едік» деп, басқа нөмірді берді. Енді бірі тіптен телефонға жауап бермеді. Осындай кедергілермен мақаламыз газет бетінде жарияланғанға дейін ешбірінен тұшымды жауап алып, шағым түсіре алмадық. Алайда біз бұл мәселені аяқсыз қалдырмаймыз. Әлі де хабарласып, шағым түсіретін боламыз. Дегенмен осы аталған жайтқа байланысты облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы, тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті өз тараптарынан да әрекет етсе екен деген тілегімізді білдіреміз. 

Ұлт жанашыры, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы «Ұлттың сақталуы мен жоғалуына да себеп болатын – халықтың тілі. Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» дегені бар. Ұлтымыздың келешегі кемел болсын десек, жоғарыда аталғандай кемшіліктерді бірге түзетейік. Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай өз тегіміздің, болашағымыздың жоғалуына өзіміз себепкер болмайық! Әйтпегенде ертеңгі күннен күтер үміт те қалмайды.

Қамар ҚАРАСАЕВА