Қант диабеті – қауіпті дерт
Әлемнің барлық елдерінде миллиондаған адамдар қант диабетімен ауырады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне қарағанда, әлемде әр 500-інші сәби мен әр 200-інші жасөспірім қант диабетімен ауырады екен. Қант диабеті ауруының әсіресе балалар арасында белең алуы жас ұрпақтың өсіп-дамуына қауіп төндіруде. Сол себепті аурудың алдын алу кезек күттірмейтін өзекті мәселеге айналып отыр.
Қант диабеті – адамзатқа көне заманнан белгілі, бұл туралы деректер көне дәуірдің 3000-1500 жылдары Мысыр папирустарында келтірілген. Ертеректе бұл ауру сирек кездесетіндіктен, оған аса көңіл бөлінбеген. Ал қазір бұл мәселеге көзқарас өзгере бастады.
Қазақстанда ресми емес мәліметтер бойынша, 700 мыңнан астам адам қант диабетімен ауырады екен. Бұл дерттен дер кезінде емделмесе, соңы мүгедектікке, өлім-жітімге әкелуі мүмкін. Бұл ауру ең алдымен тамырлардың барлығын қатар зақымдайды. Соның зардабынан жүректің, бүйректің, бауырдың, көздің, тағы да басқа органдардың қызметін нашарлатады.
Облыстағы ахуал қалай?
Біздің облыста да қант диабетімен ауратындар аз емес. Ересектер эндокринологы, облыстық көпбейінді аурухананың дәрігері Эльмира Ағабаеваның айтуынша, бұл дерттің алдын алу үшін әр азамат өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, уақтылы скринингтен өтіп тұрғаны абзал.
– Әр азамат өз денсаулығына жауапкершілікпен қарағаны дұрыс. Мезгілі келгенде қашқақтамай міндетті түрде скринингтен өтсе үлкен дерттің алдын алуға болады. Тексеріс көрсеткендей қант мөлшерден тыс көтеріліп тұрса, тұрақты мекенжай бойынша қарайтын терапевт «Сізде қант жоғарылау, эндокринологқа қаралып шыққаныңыз жөн» деп тиісті маманға жібереді. Эндокринолог тексеріп болған соң, қауіпті деңгейіне қарай ем жазып береді. Егер әлі асқына қоймаған жеңіл түрі болса таблетка, қажетті диеталармен-ақ бұл ауруды жеңуге болады. Ал мүлдем асқынып кеткен деңгейде болса инсулинге отырып, диета сақтап, әсіресе аяққа жақсы күтім жасау керек. Айта кету керек, диабетпен ауратын адамдарға дәрі рецепт бойынша тегін беріледі. Бұл жөнінде біздің облыста ешқандай мәселе жоқ. Инсулин болсын, таблетка болсын бізде дәрі қоры жеткілікті. Өзге облыстардай эндокринолог мамандарының тапшылығы жоқ. Диабеттің ең қауіптілігі инсульт, инфарктке соқтырып, соңы адам өліміне алып келеді. Бұл дертке шалдыққандардың жүрек соғуы баяулайды, екі бүйрек істен шығады, ең ауыры аяқтан қалады. Шыны керек, қазір көп адам бұл індетке мән бере бермейді. Қандағы қант мөлшері 6,1 деңгейге жетпей дәрігерге қаралу міндетті. Себебі бұл жағдайға жетсе, аурудың асқынған белгісі деуге болады. Ал көп науқастар 10-нан асқаннан кейін қаралып жатады. Мұндай деңгейге жеткенде емнің қонуы қиын. 45 жастан асқан, дене салмағы ауыр адамдар мен гипертонияға шалдыққан жандар аптасына бірнеше рет тексеріліп отырғаны жөн. Сонымен қатар тіс жұлдырғанда жараның орны әзер жазылса, стоматолог науқасқа «Жараның орны жазылуы қиын болып жатыр, сізде қант жоғары секілді. Эндокринологқа қаралғаныңыз дұрыс» деп кеңесін айту міндетті. Осылай тез байқап, тиісті дәрігерге қаралса аурудың алдын алуға әбден болады. Бұл жерде науқастардың да өз жауапкершілігі маңызды. Көбісі уақтылы қаралмайды, тиісті ем-шараларды қолданбайды, диета сақтамайды. Ақыры ауруы асқынып, реанимациядан бірақ шығады. Түбі айналып келіп дәрігерлерді кінәлап жатады, – дейді эндокринолог маман.
Дәрігердің айтуынша, қант диабетінің 1-типімен ауырған науқас міндетті түрде диетаны сақтауы және жеңіл қорытылатын көмірсу құрамды тағамдарды, кондитерлік өнімдерді, газдалған сусындарды шектеуі керек. Сондай-ақ күніне 5-6 рет тамақтану қажет. Инсулинотерапия тағайындалады. Егер диета сақтап, инсулинді адекватты дозада қабылдаса, өмір сүру сапасы дені сау адамдармен тең болады.
Бұл аурудың алдын алуға болады
Эльмира Ағабаеваның ескеруінше аурудың және диабет асқынуларының алдын алу үшін мынадай қағидаларды білу керек. Үнемі емделу және қан құрамындағы қанттың деңгейін бақылауда ұстау қажет. Қант диабетімен ауыратын науқас эндокринолог дәрігерде есепте тұруы тиіс. Құрамында көмірсуы көп тамақ түрлерін, тәтті торт, конфет, балды шектеген жөн. Фаст-фуд, майға қуырылған картоп, қытырлақ нанды да аз жеу керек. Спортпен шұғылданып, көп қозғалу қажет. Егер ауыз құрғап, көп шөлдесеңіз, жалпы аурудың белгілері басталса бірден дәрігерге бару керек. Жаман әдеттерден (темекі шегу, алкоголь ішуден) арылыңыз. Дұрыс тамақтануды жолға қойыңыз, артық салмақтан және семіздік ауруынан арылыңыз. Вирусты жұқпалы аурулардан сақтануға, ауру жұққан жағдайда дер кезінде емделуге тырысыңыз. Созылмалы аурулардан – артериалық гипертензия, жүрек аурулары, панкреатит, тағы басқалардан емделіп жүруге тырысыңыз. Күнделікті 5-6 шақырым жаяу жүріңіз, таза ауада серуендеңіз, спортпен айланысыңыз.
Тәтті және майлы тағамды шегеру қажет. Тәтті тамақтар қанда глюкоза мөлшерін тез көтеріп жібереді. Аздап жеуге болатын тамақтарға нан, жұмыртқа, картоп, күріш, ұн өнімдерінен даярланған тамақтар, жаңа ет, шұжық, құс еті, балықтың майсыз түрлері, дәнді дақылдар, тәттілігі жоқ көкөністер жатады. Бұл тағам түрлері қандағы глюкозаны аз мөлшерде көтеруі мүмкін. Ал құрамында нәруыз (белок) және майлар бар ас қанда глюкозаның көтерілуіне әсер етпейді. Сондықтан дәрігер тыйым салған тағамдардан тыйылғаныңыз жөн. Қант диабетіне жеңіл қарамаңыздар.
Емдеудің жолы қандай?
Қант диабетін емдеудің негізі – диета сақтау. Әрине, науқас толық жазылып кетпейді, дегенмен ауруды бірқалыпты сақтап тұруға ықпал жасайды. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, емдеудің медикаментті құралдарын қолданбастан тек диетотерапиямен ғана ауруды үш жылға дейін асқындырмай ұстауға болады. Бұдан әрі науқасқа қантты азайтатын дәрі-дәрмектер тағайындау қажет. Олардың көмегімен 2-типтік қант диабетімен ауыратындар бес жылға дейін қанттың орташа деңгейін ұстап тұра алады. Бұдан кейін дәрі-дәрмектер мен инсулинге көшеді. Асқынған жағдайда ауру адамды өзімен бірге алып кетеді. Сондықтан қант диабеті терапиясының басты қағидасы аурудың басталған кезінен бастап, емдеуді қолға алу маңызы зор. Яғни белгісі байқалған күннен бастап емдеуге кіріскен жөн.
Инсулинмен емдеу-инсулин препаратының әсер ету ұзақтығына байланысты 3 түрі бар. 8 сағат, 10-14 сағат және 24-36 сағат. Тағы бір ерекшелігі әр еккенде егу орны алмастырылып отырылады, егер алдында препаратты дене температурасына дейін жылыту қажет, ине үшкір болғаны жөн, препарат жай егілу қажет.
Қазіргі уақытта Қазақстанда қант диабетінің салдарымен күресу үшін мемлекет тарапынан көп көңіл бөлінуде. Зардап шегетіндер инсулинмен 100 пайызға қамтамасыз етілген.
Қорыта айтқанда, қант диабеті адам өміріне өте қауіпті дерт. Оған бейжай қарамағанымыз ләзім, әсіресе келешек ұрпақ қамын ойласақ, бүгіннен әрекет еткен абзал.
Ақтоты Жаңабай