ПОЛИЦЕЙДІҢ БӘРІ ЖАУЫЗ ЕМЕС

ПОЛИЦЕЙДІҢ БӘРІ ЖАУЫЗ ЕМЕС

«Қасіретті қаңтар» оқиғасынан кейін полиция қызметкерлерінің қоғамдағы беделіне, мәртебесіне байланысты алуан пікір қалыптасты. Бірі полицейлердің күдіктілерге күш қолданып, кінәсін азаптау арқылы мойындатуға тырысуын жауыздық десе, енді бірі бейбіт шеру бүлікшілердің ереуіліне ұласқанда полицейлердің кейбірі ажал құшып, тағы бірінің тепкінің астында қалғанын өз халқына қару кезенбей, басын оққа байлауы азаматтық екенін айтуда. Расында да стратегиялық маңызы бар нысандарды елді арандатушылардың, бүлікшілердің, террорлық пиғылдағы топтардың қолына бермей, жалаң қолмен қорғауы – өз қызметіне деген адалдықтың көрінісі.

Жалпы, Тараз қаласындағы жаппай тәртіпсіздікке 2 000-ға жуық адам қатысқан. 200-ден аса құқық қорғау қызметкері соққыға жығылған. Оның ішінде шамамен 287 адам түрлі дене жарақатын алса, 42 адам ауруханаға түскен. Ауыр соққы алып, аурухана төсегіне таңылған құқық қорғау қызметкерінің бірі – Ерболат Мұқашев. Ол қаладағы №1 тірек пунктінің жауапты учаскелік полиция инспекторы.

38 жастағы Ерболат Сиязбекұлының осыдан 18 жыл бұрын әскери борышын өтеп келгендегі алдына қойған мақсаты- халық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосу. Осы ой жетегінде жүріп, 2005 жылы облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің 158/2 мекемесіне жұмысқа орналасқан. Арада он жыл өткенде қазіргі атқарып жүрген қызметке ауысып келген. 

Негізі полиция қызметкері болу қай кезде де оңай шаруа емес. Оқ пен оттың ортасында, қауіп-қатерге толы жұмысты атқару екінің бірінің қолынан келе бермейтіні анық. Біз Ерболатпен тілдескенімізде осыны ұғындық.

– Полиция қызметкері қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, халықпен тығыз байланыс жасайтын адам. Менің көптің қолына түсіп, тепкінің астында қалуыма бас амандығы үшін оқиға орнынан қашпауға бекінуім себеп болды. Бәрін басынан бастайтын болсақ, 5 қаңтар күні кешқұрым облыс әкімдігі маңына билікке өз талабын жеткізбек болған бір топ тұрғын жиналды. Олар көкейдегі мәселелерін айтып тұрғанда орталық алаң жақтан қолдарында еліміздің байрағы бар, мемлекеттік Әнұранымызды хормен шырқаған 2 мыңдай адам келіп қосылды. Осы кезден бастап олар облыстық әкімдік ғимаратына шабуыл жасауға көшті. Ешкім-ешкімді тыңдамайды. Белсенді қимыл жасап жүргендер қолындағы 1,5-2 метрлік арматура темірмен, брусчаткамен құқық қорғау қызметкерлерін ұрып, тағы бірі бензин құйылған шыны бөтелке лақтыра бастады. Біз сол кезде қорғану үшін тек дыбысты граната лақтырдық. Ол тарсылдап жарылғанымен еш зияны жоқ. Осы кезде жұрт жан-жаққа қаша бастады да, кейін олардың қатары тағы да 2 мыңдай адамға толықты. Кемі 3-4 мың адам қайта лап берді. Біз амал жоқ шегініп, үшке бөлініп кеттік.

Құқық қорғау орган қызметкерлерінің бір бөлігі орталық алаңға қарай ойыса отырып, айналып облыс әкімдігінің артқы жағынан келдік. Облыс әкімдігінің алдынан басып кірген көпшілік ғимараттың сыртқы жағына келе бастады. Осылайша олар бізге қарай қайта шабуылға шықты. Осы кезде мен қолымдағы қалқан темірмен қорғана жүріп, бүлікшілерге жақындап, өртемеу, бүтін дүниені бүлдірмеу керектігін айқайлап түсіндіруге тырыстым. Алайда олар мені жан-жақтан қоршап, ұстап алды. Шынын айтқанда, өз халқым бізге жауыздық көрсетеді деп ойлаған жоқпын. Бірақ олар бас-көз жоқ тепкілей бастады. Темірмен ұрады, тұрғызып алып, қайта соққының астына алады. Алғаш таяқтап жатқанда біреу «Аяғынан ұрыңдар, аяғынан ұрсаңдар қаша алмайды» дегені сол еді, сартылдап бірінен соң бірі аяқтарымды темірмен ұрғылай бастады. «Басынан теп, басынан» деп жатқанда қолыммен қорғанып, басқа тура бағытталған тепкіні қайтарып жатқанда бас бармағыма қатты соққы тиіп, сынып кетті. Осыдан кейін тепкілер, темірлер қабырғама, басыма үздіксіз тие бастады. Мен өлетін шығармын деп ойладым. Бүлікшілер темір қалқанымды алып қойған еді. Алайда қарудың қынабын киімімнің ішінен асынып, қаруды артқы ышқырыма тығып қойған едім. Оны олар байқамады. Негізінде бізге өзің ажал құшсаң да оқ атуға болмайды. Тәртіп, бұйрық солай. Оқ атуға бұйрық берілген күннің өзінде оны әскерилер орындайды. Біздің мақсатымыз қолға түскендерді тиісті орынға жеткізу. Мен өзіме жүктелген міндетті абыроймен орындадым деп есептеймін. 

Сол оқиға барысында мен таяқталып жатқанда бүлікшілердің арасынан 3-4-еуі қасыма келіп, қолтығымнан сүйемелдеп шетке алып шықты. Бір-біріне «бұлай бейберекетсіздік істеуге болмайды ғой. Мынаны өлтіре жаздады. Бұл да адам баласы ғой» деп, менің оқиға орнынан жылыстауыма көмектесті. Сол кезде өзім секілді ғимаратты қорғап жүрген әріпстестерім бізге жақындап, жыраққа алып шығып, жедел жәрдем шақырып, ауруханаға жөнелтті. 2 ақпанда ауруханадан шығып, жұмысыма қайта оралдым. Қазіргі менің бар ойым – ел іші тыныш болса екен деген тілек. Босқа қан төгілмесе, кез келген мәселе бейбіт жолмен шешілсе деген арман, – деді ол.

Кейіпкеріміздің сөзіне зер салсақ, бүлікшілер арасында пиғылы бөтен адамдар да, бейбіт тұрғындар да болғанын аңғару қиын емес. Бұйрыққа бағынып, басын қатерге тіккен, облыс әкімдігінің ғимаратын бүлікшілердің қолына бермеуге тырысқан полицейлерде де жазық жоқ. Ал оларға батыр не басқа деп баға беру біздің емес, уақыттың еншісінде.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ