ОТАНДЫҚ ТУРИЗМ ҚАШАН ОҢАЛАДЫ?

ОТАНДЫҚ ТУРИЗМ ҚАШАН ОҢАЛАДЫ?
ОТАНДЫҚ ТУРИЗМ ҚАШАН ОҢАЛАДЫ?
ОТАНДЫҚ ТУРИЗМ ҚАШАН ОҢАЛАДЫ?
ОТАНДЫҚ ТУРИЗМ ҚАШАН ОҢАЛАДЫ?

Әр нәрсенің басталу кезеңі болады. Отандық туризм жайлы сөз қозғағанда, Қазақстанның 1993 жылы Дүниежүзілік туризм ұйымына мүше болып қабылданғаны еске түседі. Сонымен қатар 1993 жылы туризм индустриясын дамытуға арналған ұлттық бағдарлама қабылданды. Ал 1997 жылы Қазақстан Республикасының Ұлы Жібек жолының тарихи орталықтарын қайта өрлету, түркітілдес мемлекеттердің мәдени мұралар сабақтастығын дамыту тұжырымдамасы мен жалпы туризм дамуының стратегиясы жасалды. Осындай келелі істердің арқасында нәтижелі еңбектің жемісін көрген еліміз 2000 жылдың қарашасында Қазақстанның туризм қауымдастығы АҚШ-тың «Конвеншн Бюро» ұйымының грантын иеленіп, ең алғаш рет Лондонда өткен «Wоrld Тrаvеl Маrket» туристік жәрмеңкесіне қатысқан болатын. Іле-шала 2001 жылы 13 маусымда «Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы» Заң қабылданды. Нәтижесінде елімізде 430 туристік ұйым, фирмалар мен әртүрлі бюролар жұмысын бастап, 6 мың адам жұмыспен қамтылған. 

Міне, осы секілді туризм саласында атқарылған кешенді жұмыстар елімізге ат арылтып келетін туристердің қатарын молайтты. Сондай-ақ Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 2007-2011 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама қабылданып, ішкі туризмнің дамуына біршама жол ашылды. Ал 2014 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың  «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында берілген тапсырмаларға сәйкес, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі туристік саланы 2020 жылға дейін дамыту тұжырымдамасын жасады. Тұжырымдама аясында 5 туристік кластер (Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, ШҚО, ОҚО, БҚО) қарастырылды. Кейін туризм саласын дамыту мақсатында 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама да қабылданды. Дегенмен Қазақстан әлі де туризм саласы бойынша енді дамып келе жатқан елдер қатарында. 

Алайда елімізде туристердің қызығушылығын оятатын көркем, көрікті жерлер көп. Біз қазір әлемге өзіміздің туристік базамыз саналатын Іле Алатауындағы «Шымбұлақ» шаңғы базасымен, Павлодар облысының Жасыбай көлі жағасындағы «Баянауыл», Қарағанды облысындағы орман-тоғайлы «Қарқаралы», Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма бөгені жағасындағы «Алтай мүйісі», Орал қаласының Жайық өзені маңындағы «Орал», Көкшетау таулы аймағындағы «Золотой бор» базалары секілді көркі көз тартатын көрікті жерлерімізбен мақтанамыз. Сондай-ақ, елімізде зоологиялық-ботаникалық қорықтар да көп. Мәселен Алматы қорығы, Іле өзені, Тарбағатай, Жалтыркөл, Ұлытау, Бетпақдала, Қарақия-Қаракөл, Зеренді қорықшалары, Шарын каньоны және Шарын өзеніндегі «Шетен тоғайы», күміс қылқанды орманы, Жаманшық тауы, Айғайқұм, Әншіқұм, Жаңғақ тоғайы, Бүркіттау шоқысы, Тұма бастаулары және Қостанай облысындағы орманды-тоғайлы Наурызым алқабын баға жетпес табиғи байлықтарымыздың қатарына жатқызуға болады. 

Өкінішке қарай, қолда бар байлығымызды бағалай алмай отырмыз. Мәселен белгілі блогер Айгүл Нүрпейсова еліміздегі туристік нысандардың қызмет көрсету сапасының төмен екенін айтады. 

Қазақстанда табиғаты тамаша, көрген жанның көзі байланатын демалыс орындары өте көп. Әсіресе халық Алматы облысына көп барады. Өзімізде ауа райының жайлылығына, табиғатының тамашалығына қызығып, бірнеше рет Шарын шатқалына, Көлсай көліне барғанбыз. Сондағы байқағаным, біздің туристік орталықтарда қонақтарға, келушілерге жағдай жасалмаған. Ал жағдай жасалған демалыс орындарының бағасы өте қымбат. Әрине, егер демалысыңыз ақшасына сай болса, өкінетін дәнеңе жоқ. Ал кейбір демалыс орындарында жайсыз демалып, миллиондаған ақша шығындағанша шетелге екі-үш рет барып келген әлдеқайда тиімді. Сондықтан біз өзіміздің көркем табиғатты көрсете білуіміз керек. Әрі шетелден келген қонақтарға өте жоғары деңгейде таныта білуіміз керек. 

Ал қысқы туризимге келсек, «Қазақстанның інжу-маржаны» деген атпен танымал Бурабайымыз, Баянауылымыз, Шығыс Қазақстандағы «Алтай альпісі» тау-шаңғы кешені шетелдегі демалыс орындарынан мысқалдай да кем емес.  Іле Алатау шатқалында салынған «Табаған» курорты сияқты қысқы туризмді қыздыратын аймақтарымыз аз емес. Менің ойымша, Қазақстанның көп жерінің жыл он екі ай демалыс аймағына айналуына көп мүмкіндік бар. Өйткені құм десе – құмымыз, су десе – суымыз, тау десе – тауымыз бар. Сонымен қатар еліміздің әр өңірінде киелі жерлер, тарихи-мәдени нысандар да жетерлік. Бір ғана өз облысымыздағы Керей, Жәнібек хандардың ескерткішін, Қарахан мен Айша бибі анамыздың кесенесін, «Тектұрмас» секілді тарихи жерлерімізді айтсақ та жеткілікті. Өйткені Айша бибінің  Тәж-Махалдан қай жері кем? Нағыз махаббаттың патшайымы емес пе? Алайда біз осы секілді құндылықтарымызды өз деңгейінде жарнамалай алмай отырмыз. Тарихи-мәдени ескерткіштерімізді туристер келіп, тамашалап қайтатын аумаққа айландыра алмадық. Мысалы «Тектұрмас» этно-тарихи кешенін облысымыздағы бірден-бір демалыс аймағына айналдыруға болатын еді,–дейді Айгүл Нүрпейсова.

Әлемде туризм саласы күн санап қанатын кеңге жайған сайын білікті мамандарға да сұраныс арта түсуде. Осы орайда «Туризм» мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттердің де айтарына құлақ түріп көрген едік.

Әртүрлі мамандықтың арасынан «Туризм» мамандығына қызығушылық танытқаным бекер емес. Себебі туризм саласы өте қызықты және болашағы зор қызмет болып көрінді. Өйткені қазіргі таңда әлемнің дамыған елдерінің көпшілігі аталған саланың дамуына үлкен көңіл бөлуде. Ал Қазақстанда туризм тек тұрақты даму сатысында. Сондықтан келешекте саланың мамандары үлкен сұранысқа ие болады деген ойға келіп, осыдан төрт жыл бұрын М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетіне құжаттарымды тапсыруға бел буған болатынмын. 

«Туризм» мамандығында оқитын студенттер туризмді дамыту негіздерін, оның түрлерін, туризм экономикасын, маркетинг және менеджментін, туризм индустриясы салаларындағы теориялық білімдерін қарастырады (тур агенттердің, тур операторлардың, гидтердің жұмыс құрылымын зерттейді). Сондай-ақ халықаралық туризмнің даму деңгейін саралайды. Атап өтер болсақ, Түркия, Германия, және Бразилия елдерінен арнайы профессорлар келіп, өз білімдерін ортаға салады. Үшінші курста барлық студенттер өндірістік тәжірибеден өтуге міндетті болады. Мен өндірістік тәжірибеден Жамбыл облысы әкімдігінің туризм басқармасында өттім.

Сөйтіп облысымыздағы туризмнің даму деңгейін байқадым. Сонымен қатар саланың дамуын жаңа деңгейге шығаратын бірнеше инновациялық жобалармен танысқан болатынмын. 
Меніңше, Тараз қаласында туризмнің тарихи, экологиялық және басқа да түрлерін дамытудың әлеуеті зор. Сондықтан алдағы уақытта облысымыздың, жалпы еліміздің ішкі туризмін жан-жақты дамытуды жоспарлап отырмын,–дейді М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Туризм» мамандығының 4-курс студенті Лана Орманова.

Әлемде туризмді мемлекеттің басты кіріс көзіне айналдырып отырған елдер аз емес. Мысыр – пирамидаларымен әлемге танымал. Сол секілді Түркия, Қытай, Тайланд сияқты мемлекеттер де туристерді көптеп тарту арқылы экономикасын дамытып отыр. 

Осы ретте біз М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Туризм және сервис» кафедрасының ұстаздарын да әңгімеге тарттық.

Туризм – экономиканың көп қырлы дамыған саласы. Туризм шынымен де кей елдердегі табыстың негізгі компоненттерінің бірі болып табылады. Өйткені ол олардың экономикасының дамуына және көптеген елдердегі әлемдік ынтымақтастыққа әсер етеді. Туризм жалпы ішкі өнімді қалыптастыруда, қосымша жұмыс орындарын құруда және халықты жұмыспен қамтамасыз етуде, сыртқы сауда балансын жандандыруда маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар туризм экономиканың көлік және байланыс, құрылыс, ауыл шаруашылығы, халық тұтынатын тауарлар өндірісі және тағы да басқа негізгі салаларға үлкен әсер етеді. Бір сөзбен айтқанда, әлеуметтік-экономикалық дамудың өзіндік катализаторы болып табылады. Алайда біздің елде туризм енді ғана жанданып келе жатыр.

Сондықтан да шығар салаға халықтың қызығушылығы әлі арта қоймаған сияқты. Дегенмен биыл біздің «Туристтік бизнес» мамандығына 16 студент оқуға қабылданды. «Туризм және сервис» кафедрасы 2008 жылдан бастап жұмыс істей бастаған. Ол өз ішінде «Туристік бизнес» және «Мейрамхана бизнесі» деген екі бағдарлама бойынша мамандарды даярлайды. Қазір екі мамандық бойынша 126 студент білім алуда. Кафедра мамандары оқу барысында туристік бизнестің әртүрлі салаларында, оның ішінде туристік қызмет көрсету бойынша жұмысты ұйымдастыру және жетекшілік жасау, туристік құрылымдардың қызметін болжау және жоспарлау, ішкі және сыртқы нарықтарда жаңа идеялар мен туристік қызметтерді әзірлеу жөніндегі маркетингтік зерттеулер құзыреттілігіне ие болады. Сонымен қатар ағылшын, француз, корей, түрік тілдері сияқты шетел тілдерін меңгеруге де бейімделеді.

«Туризм» мамандығының студенттері пандемияға дейін оқу және өндірістік тәжірибені Жамбыл облысының туристік ұйымдарында, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия, Германия мемлекеттерінде өтті. Сондай-ақ студенттер академиялық ұтқырлық бойынша Испания, Польша, Германия мемлекеттерінде оқып келді. Бізге де Германия мен Түркия елдерінен студенттер келіп, білім алып кетті. Кафедра енді болашақта осы бағыттағы жұмыстарды тіпті де жандандыра түсу ниетінде облыстағы туризм басқармасымен, туристік-ақпараттық орталықтармен және басқа да ұйымдармен коллаборация жасап жатыр. Бірақ мамандықты бітірген кейбір студенттерге туризм саласы баяу дамып келе жатқандықтан жұмыс табу қиын. Сондықтан болашақта ел көлемінде ашылған туристік нысандарға біздің даярлаған мамандар тартылса екен, – дейді М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Туризм және сервис» кафедрасының доценті Алтынай Молдашева.

Жалпы облысымызда 3 365 тарихи-мәдени ескерткіш, оның ішінде 2 934 археология, 111 тарих, 97 сәулет және 28 монументалды өнер ескерткіштері бар екен. Туристік инфрақұрылымды, қонақүйлер желісін, көлік инфрақұрылымын, сервистік қызметтерді дамыту бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп, 44 турфирма, 150 қонақүй, бір киіз үй қалашығы, 8 демалыс аймағы, 10 балалар сауықтыру лагері, бірегей емдік балшықтары мен минералды сулары бар 5 курорттық сауықтыру орны жұмыс істейді. Сонымен қатар «Батыс Еуропа –ؘ Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің бойында сервистік кешендер де салынуда. Тіпті бірнеше ірі инвестициялық жобалардың да әзірленгені бәрімізге аян. 
Бір айта кетерлігі, жұрт «Қаралма» тау-шаңғы кешені іске қосылса, облыстың әлеуетін айтарлықтай асыратынына сенген. Алайда кешен іске қосылады дегенше қысыр сиыр бұзаулайтын түрі бар. 

Жалпы мәліметтерге сүйенсек, «Қаралма» тау-шаңғы кешенінің құрылысы жеке инвесторлардың қаражаты есебінен жүзеге асырылуда. Жобаның жалпы құны шамамен 6,3 миллиард теңгені құрайды. Бүгінгі таңда жобаның бастамашысы – «Таразстрой-2004» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан 4,3 миллиард теңге қаражат жұмсалып, кешенге қажетті барлық инфрақұрылым тартылуда. Қазірге бугельді арқан жолының құрылысы бойынша жұмыстар аяқталды. Жеке инвесторлар арқан-кресло жолының, кіреберіс және ішкі алаң жолдардың, техникалық бокстың, кафенің, сервистік орталықтың құрылысын және абаттандыру жұмыстарын жүргізуде.

Бизнесті қолдау мақсатында мемлекет тарапынан жобаға «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында 542,6 миллион теңге көлемінде қосымша қаржы бөлініпті. Бүгінге дейін аспалы жол, кірме жолдар, кафе, сервис орталығы, коттедждердің құрылысы және абаттандыру жұмыстары шамамен 80 пайызға аяқталған.

Ал жобаның толығымен аяқталуы үшін енді қосымша 1,5 миллиард теңге жеке инвестиция қажет. Сондықтан жобаның аяқталу-аяқталмауы инвестордың қаржыландыруына байланысты. Егер қаражат құйылса, «Қаралма» тау-шаңғы кешені 2022 жылдың аяғында іске қосылады деген үмір бар.

Туризмді дамыту үшін бірінші қоғамның тыныштығы керек. Олай дейтінім, қоғамы тыныш емес елге қанша жағдай жасалса да туристердің ағылып келуі екіталай. Өйткені өзіміз де бір жаққа баратын болсақ, алдымен сол елдің заңдары мен қоғамына қараймыз. Сондықтан біздің қоғамға, біздің елге алдымен адамдардың шетел азаматтарына деген көзқарасын дұрыстау керек сияқты. Мәселен кафедегі қарапайым даяшылардан бастап, базардағы киім сататын адамға дейін туристерді шетелден келіп, ақшасын шашып кететін адам ретінде қарамау керек. Өйткені туристерге әрбір адамның эмоциясы бір мемлекеттің бет-бейнесіндей болып көрінеді,–дейді әркез шетелге демалуды әдетке айналдырған Ғылымбек Көксубай.

Ел экономикасын аяғынан тік тұрғызып, өзіміздің мемлекетті елге танытамыз десек, онда туризим саласын дамытуды бірінші орынға қою керек. Сонда ғана біздің дамуымыздың қарқынына қарқын қосылады. Туризм – тек қана елді дамыту, ақша табудың жолы емес, шетелден келген қонақтарға мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді, тұрмыс-тіршілігімізді, жалпы ұлттық бейнемізді дәріптеудің, насихаттаудың төте жолы.

Шапағат ӘБДІРҰЛЫ