МЕЙІРІМ МЕН МЕДИЦИНА ЕГІЗ ҰҒЫМ

МЕЙІРІМ МЕН МЕДИЦИНА ЕГІЗ ҰҒЫМ

18 МАУСЫМ ҚАЗАҚСТАНДА МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ КҮНІ РЕТІНДЕ АТАЛЫП ӨТЕДІ. БІЗ ОСЫ АТАУЛЫ КҮННІҢ ҚАРСАҢЫНДА ОБЛЫСТЫҚ МҮГЕДЕКТЕРДІ ОҢАЛТУ ЖӘНЕ БЕЙІМДЕУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСЫП, ТЫНЫС-ТІРШІЛІГІНЕ ҚАНЫҒЫП ҚАЙТТЫҚ. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің кезекті бір отырысында «Келесі маңызды мәселе – мүмкіндігі шектеулі адамдарға барынша қолайлы жағдай жасау. Ең алдымен барлық санаттағы мүгедектікті анықтау рәсімдерін түбегейлі жеңілдету керек. Қазір күтімге мұқтаж адамдардың өзіне тиесілі әлеуметтік қызметтерді пайдалануы өте қиын», деген болатын. Міне, Президенттің осы пәрменінен кейін қоғамда мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасау тіпті де оңтайлана түскен болатын. Біздің жазып отырған оңалту орталығы соның бір көрінісі десек қателеспейміз.

Бұл орталықта жыл басынан бері 284 адам ем алып шыққан. Қазіргі таңда 66 қызмет алушы оңалту ем-шараларын қабылдауда.

– Біздің орталық 2008 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Алғаш рет «Қарлығаш» деген атаумен ашылып, осы күнге дейін қаншама жанды оңалтты. Біздің мақсат – мүмкіндігі шектеулі жандарға қолымыздан келген көмектің бәрін жасап, олардың өздерін қоғамнан тыс санамауына, өздерін кем адам ретінде көріп, басқалардан бөлектеніп қалмауына қолдау білдіріп, көмектесу және оңалту. Әдетте біздің қоғамда мүмкіндігі шектеулі немесе мүгедек адамдарды көрсе оларды бір масыл ретінде санайтын адамдар да жоқ емес. Бұл көзқарас түбегейлі қате. Сондай-ақ біз Жаңа Қазақстан құрамыз, демократиялы ел боламыз десек, онда бірінші кезекте біз мүмкіндігі шектеулі жандарды қамқорлығымызға алуымыз керек. Өйткені олар да осы қоғамның бір мүшесі. Әрі Жаңа Қазақстан құр сөзбен құрылмайды. Ол адамдар арасындағы бір-біріне деген құрметпен, сеніммен және мейіріммен құрылады. Ал бұл қасиеттерді әркім өзінің бойынан іздеуі керек. Сонда ғана біз жарқын болашағымыздың жаңа есігін еркін аша аламыз. Ал орталықтың жұмысына тоқталсақ, үкіметіміздің қолдауының нәтижесінде қазіргі таңда бұл орталық соңғы үлгідегі заманауи жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Әрі мұнда келген адамдар тек медициналық көмек алып қана қоймай, олар өздерінің қызғушылығы бар кәсіп түрімен де, спорт, мәдени ойын түрлерімен де айналысуына толық мүмкіндік қарастырылған. Сондай-ақ біздің бұл орталықтағы орын саны шектеулі болғандықтан келесі жылдан бастап 150 орынға дейін орын қарастырылып, Тараз қаласындағы 14-ықшам ауданнан соғылып жатқан жаңа ғимаратқа көшетін боламыз. Жалпы мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамда мүмкіндігі шектеулі болмауы керек деп есептеймін, – дейді облыстық мүгедектерді оңалту және бейімдеу орталығының директоры Қарлығаш Бибазарова.

Жалпы, бұл орталық өзінің қызметіне жүгінушілердің толық мәліметін алғаннан кейін, ол адамға он жұмыс күні ішінде қандай көмек көрсете алатыны турасында жеке-жеке жоспар түзеді. Оларға көрсетілетін көмектің дұрыстығын тексеріп, әр адамның ем-шара қабылдау кестесіне сәйкес қадағалап отырады екен.

– Бұл жерге негізінен І, ІІ топтағы мүгедектігі бар адамдар келіп ем алады. Әдеттегі ауру адамдарға қарағанда мүмкіндігі шектеулі адамдармен жұмыс істеу қиын. Өйткені оларға медициналық тұрғыдан бөлек психологиялық, рухани да қолдаулар аса қажет. Мысалы, біздің қазіргі таңда көрсететін қызметтеріміз: әлеуметтік медициналық, әлеуметтік психологиялық, әлеуметтік тұрмыстық, әлеуметтік еңбек, әлеуметтік құқықтық, экономикалық, мәдени тұрғыда және әлеуметтік педагогикалық бағытта. Сондықтан бұл орталықтағы мүмкіндігі шектеулі жандар ештеңеден шектелмей, қаласа спортпен де, ән айтып, кітап оқумен де айналыса алады. Тіпті тігін тігіп, сурет салып, басқа да қолөнермен шұғылданмын десе бар жағдай жасалған. Кейде осы азаматтардың бойындағы өмірге деген қажырлылықтарына қарап, аяқ-қолы балғадай болып, жұмыс істемей үйде жататын дені сау масыл еркектерді аяп кетесің, – дейді аға мейірбике Роза Сабырқұлова.

Орталық ем қабылдаушыларды үш мезгіл тегін тамақпен қамтамасыз етеді және ай сайын мәдени іс-шара ұйымдастырып, олардың көңілін көтеріп тұрады. Сондай-ақ ем алушыларды әр жұма сайын тегін автобуспен үйлеріне апарып, бала-шағасымен жүздестіріп тұрады екен. 

– Мен аяқ астынан инсульт алып ІІ дәрежелі мүгедек болып қалдым. Алғашында психологиялық тұрғыда қатты күйзеліске түстім. Өйткені сап-сау жүріп, мұндай халге түсемін деп кім ойлады дейсіз? Оның үстіне қолдарым толық икемге келмейтін. Өзіңді-өзің еркін алып жүре алмағаннан өткен қорлық жоқ екен. Айналаң саған аяп қарап тұрғандай, сондай жаман сезімде боласың. Сөйтіп осы орталыққа келіп, мұндағы мамандардың психологиялық әрі медициналық тұрғыда көмегін көріп, тәуір болып қалдым. Қазір тіпті өзіме-өзім келіп, бұрынғы бұйығы мінезімнен де арылып, ән айтып, өлең оқитын дәрежеге жеттім. Міне, бұл мен үшін осы орталықтың екінші рет өмір сыйлауы, – дейді емделуші Алма Нұрмаханова.

Адамның жан дүниесін түсінбеу ол – рухани мүгедектік. Сондықтан мүмкіндігі шектеулі жандарға қоғам болып қол үшін созу ол біздің адами парызымыз. Адамның дене бітімі жағынан кемістігі болса да, рухани жағынан толық болуы керек. Елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдауға арналған түрлі бағдарламалар бар. Тіпті олардың паралимпиада ойындарына қатысуына да зор мүмкіндік қарастырылған. Соның нәтижесінде Зульфия Габидуллина сияқты спорт саңлақтары еліміздің көк Туын әлемнің әр тұсында асқақтатып келеді.

Шапағат ӘБДІР