ХАЛЫҚТЫҢ ҚАЛҚАНЫ БОЛҒАН ҚАРТ ЖАУЫНГЕР

ХАЛЫҚТЫҢ ҚАЛҚАНЫ БОЛҒАН ҚАРТ ЖАУЫНГЕР

2018 жылы 1941-1945 жылдары Екінші Дүниежүзілік соғысқа Жамбыл облысынан шақырылған және майданға өзге өңірден аттанып, соғыстан кейінгі жылдары туған жері Әулиеата өңіріне оралған немесе өзге өңірден қоныс аударып, осында еңбек еткен, өмір сүрген майдангерлердің тізімі жинақталғаны есте. 

Соның арқасында аталған жылдың 9 мамырына дейін облыстағы 105 мың 50 майдангердің есімі Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағынан ашылған «Ерлік» мемориалды кешеніндегі мәрмәр тасқа қашалып жазылған еді. Одан кейін бұл тізім тағы да толыға түсіп, екі жылда өңіріміздегі майдангерлердің саны 106 мыңға дейін жеткен болатын. Ал негізінде Жамбыл облысынан Ұлы Отан соғысына 70 мыңнан астам адам шақырылған. Олардың 15 429-ы майдан даласында опат болса, 17 639-ы хабар-ошарсыз кеткен. 107-сі тұтқында қалған. Өңірімізден майданға аттанғандардың ішінде 36 260 жауынгер елге аман-есен оралған екен. Мұны сөз етіп отырған себебіміз қазір Ұлы Отан соғысының ардагерлерінің қатары шындап сирей түсті. Тіпті кейбір ауданда ардагер қалмады. Байзақ, Жамбыл, Қордай, Меркі, Ұлы Отан соғысының ардагері қалса, Тараз қаласында – 14, барлығы облыс бойынша 26 Ұлы Отан соғысы ардагері қалған.

Адамның орташа өмір сүру жасының ұзақтығы жылдан-жылға ұлғайып келеді десек те соғыс аяқталар шақта небары 16 жасында, Отан қорғауға аттанды деген бір кездегі жап-жас жауынгердің өзі қазір 100 жасқа таяған. Соның ішінде елдің тілеуін тілеп отырған көзі тірі ардагердің бірі – Мүтәліп Ережепбаев. 1926 жылы Талас ауданы, Қараой ауылында дүниеге келген майдангер қазір Тараз қаласында тұрады. 1941 жылы соғысқа өз еркімен сұранып, бірнеше мәрте өтініш жазған бозбала тек 1944 жылдың мамыр айында, яғни 18 жасында майданға алыныпты. Ол «664-ші мотоатқыштар полкі» құрамында 3-ші Белорусь майданына әскерге шақыртылған. Жауынгерлік даярлықтан өткеннен кейін Прибалтика майданында Кёнингсберг қаласы маңында шайқасқа кіреді. Кескілескен ұрыс кезінде аяғынан жарақат алғанымен, әскери госпитальде емделіп, қайтадан жауынгерлер сапына қосылып, Берлинге дейін барған жаужүрек. Өзгелер туған жеріне жеңіспен оралып жатқанда Мүтәліп Ережепбайұлы әскерде 1950 жылға дейін болған. Шені – майор.

Біз ардагермен жүздесуге үйіне барғанда редакциядан екенімізді біліп, қарт жауынгер қопаңдап қалды. Сөйтсек, атамыз бір кездері Талас ауданындағы бұрынғы «Ленин жолы» қазіргі «Талас тынысы» газетінде редактор болып еңбек етіпті. Өмір жолын, майдан даласындағы ерлік істерін сұрағанымызда оқиғалардың бірі есіне түссе, бірі түспей, қаруластарының есімін ойша іздеп біраз қиналыңқырады. Өмірлік жары Тынышбала әжейдің қайта есте ұстау қабілеті тәп-тәуір көрінді. Арасында сол кісінің де көмегіне жүгінуімізге тура келді. 

Қарт жауынгер қазір 96 жаста. Біле білгенге майдан даласында ақ қар, көк мұз жастанып, оқ пен оттың арасынан аман келу оңай емес. Әу баста жауапты хатшы, одан кейін бас редактордың орынбасары, 4 жыл бас редактор болған майдангер жеке сейфінде сақтаулы тұрған «Жамбыл жолы», «Аңызға айналған ақиқат», «Атақоныс», «Оқ пен оттан оралғандар» атты өзі жазған кітаптары мен кезінде өзі жайлы мақала жарық көрген газет қиындыларын қолымызға ұстатты. «Мен жайлы керек мағлұматты осыдан алуға да болады» деп бағыт сілтеді. Майдангердің айтқан әңгімесі мен қолға түскен деректерді салыстырғанда онша айырмашылық жоқ екенін байқап, «уақытында көне көздің жады мен зердесі мықты болған екен-ау» деп ой түйдік. «Қаруын қаламға айырбастаған» деген сөз тіркесі редакцияда бірнеше жыл еңбек етіп, қалаберді осыншама жинақ шығарған Мүтәліп Ережепбаевтай майдангер һәм қаламгерге қарата айтылса керек. Ардагердің соғыстағы ерлігі еленбей қалған жоқ. Ол «Берлинді алғаны үшін», ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордені және өзге де әртүрлі мадальдармен марапатталыпты.

Қария бізбен әңгімесінде Анасы Бекпатша екеуі тұрмыс тауқыметін қатты тартқанын, әкесі Ережепбайға бір емес екі мәрте «Халық жауы» айыбы тағылып, ақыры 8 жылға сотталғанын, соғыстан кейінгі бейбіт өмірде әкесін іздеп жан-жаққа сұрау салып жүріп, КСРО-ның бірінші хатшысы Н.Хрущевке дейін хат жазып, ақыры әкесі ату жазасына кесілгенін білгенін, кеш те болса әділдікке қол жеткізіп, әкесін ақтап алғанын тебірене сөз етті.

– Соғыс даласында жүріп «Ұлы Жеңіс!» деген сөзді естігенде одан өзге бақытты сезіне алмадық. Соғыстан кейінгі қиранды қалалар мен елді мекендерді қалпына келтірумен айналыстық. Отанымызды жаудың сілімтіктерінен тазарту жұмысын жүргіздік. Елге келген соң Талас аудандық атқару комитетінде нұсқаушы, кадр және бөлім меңгерушісі болып еңбек еттім. Кеңшарда партия ұйымының жетекшісі қызметін атқардым. Талас аудандық «Талас тынысы» газетінде жүргенімде «Халық жауы» деп тұтқындалып, із-түссіз кеткен әкемді іздестірумен болдым. Сібірге итжеккенге айдалған әкем Ережепбайдың 1941 жылы Ресейдің Томскі қаласында қайтыс болғанын 1954 жылы Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің анықтамасы арқылы білдік. Сондағы бар жазығы әкемнің бойында бақсылық қасиетінің болуы. Атам Бексейіт қожа Мәңішұлы да Қызылорда, Әулиеата, Ташкент өңіріне белгілі бақсы болған. Оның Қобызбен жын-шайтанды аластайтын, кісі емдейтін қасиеті болған. Қазір ол қобыз Алматы қаласындағы ҚР Орталық мемлекеттік мұражайда сақтаулы тұр. Журналистік ізденістің арқасында әкемнің сүйегі қайда қалғанын білдім. Бұл менің перзенттік парызым еді.
Алла басымызға сынақ ретінде талайлы тағдырды да, бақты да берді. Қиындықты мойымай шама келгенше еңсеруге, бақты пенделікке салынбай көтеруге тырыстық. Мемлекет кезінде Отан қорғау жолындағы ерлігімізді елемей жатқан жоқ. Жылда Ұлы Отан соғысы ардагері ретінде арнайы сый-сияпат алып тұрамын. 2005 жылы Тараз қаласы «Астана» ықшамауданынан екі бөлмелі пәтер берілген. Қосағым Тынышбала екеуміз 3 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірсек, қазір 1 ұл, 3 қызым қарайып алдымда жүр. Үлкен әулет болып өсіп-өндік, шөберемнің өзі отбасын құрарлық жасқа жетті.

Құдайым бейбіт өмірден айырмасын. Ұрпағымыз ешқашан соғыс деген тажалды көрмесін. Еліміз аман, жұрт тыныш болып, тәуелсіз еліміз мәңгі жасай берсін! – деді қарт жауынгер.

Сөз арасында қария әкесін жиі сөз етумен болды. Бойында баланың жастайынан әкеден айырылғандағы күйзелісі, баланың әкеге деген перзенттік сағынышы қалып қойғандай көрінді. Бұл кісінің қаламгерлігімен жұрт оның кезінде жазған мақала-очерк, топтама өлеңдері арқылы таныс екеніне шүбәміз жоқ. Соның ішінде ақындық қасиет те әкесінен дарығанын тәптіштеумен болды. Өзінің қаламынан туған жыр жинағын парақтап отырып, «Майданнан хат» деген өлеңге көзіміз түсті. Соғыста жараланып, анасына жазған хат мәтініндегі өлең адамды тебірентпей қоймайды.
М.Ережепбаевтың болмысына қатысты кезінде ҚР Тұңғыш Президентінен бастап, мүйізі қарағайдай ақын-жазушы, ғалым-тарихшы сынды елеулі тұлғалар тарапынан да аз пікір айтылмапты. Соның ішінде Халық жазушысы Шерхан Мұртаза: «Мүтәліп Ережепбайұлы менен 6-7 жас үлкендігі бар қария кісі, демек менімен замандас адам. Біз екеуміз де советтік кезеңде өмір сүрдік, оның заңымен, идеологиясымен өстік. Қоғамда бәріміздің өмір салтымыз бір болды. Дегенмен Жамбыл Жабаевты тануға қатысты біздің пікірлеріміз бірдей бола бермеуі мүмкін», – деп пікір білдірген екен. Бұл Мүтәліп Ережепбайұлының жыр алыбы жайлы «Жамбыл жолы» атты еңбегіне қатысты жазылған лебіз. Автордың Жамбыл Жабаевтың ақындық қырын зерттеу, осы жолда көп ізденгенін, оны ақын, жыршы ретінде қатты бағалайтынын әр сөзінен ұғындық. Тіпті майдангердің «Алланың өлшеп берген жасы бар. Десе де Жамбылдың жасына жетсем арманым жоқ» деген сөзі де жан тебірентті.

Кезінде Отан үшін отқа түсіп, жаудан жасқанбай, жеңіс туын желбіреткен майдангерлердің ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Олардың ерлігі, өмірлік жолы ұрпақ үшін мәңгі өнеге болатыны ақиқат.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ