«КАРТОПТЫҢ ЖАМБЫЛДЫҢ БРЕНДІ БОЛУЫНА КЕДЕРГІ КӨП»

«КАРТОПТЫҢ ЖАМБЫЛДЫҢ БРЕНДІ БОЛУЫНА КЕДЕРГІ КӨП»

Көктем келіп, дала жұмыстары қызған шақта маңдайын күнге қақтап, еңбектің көрігін қыздырып жүрген диқандар қауымының жай-күйін диқаннан сұрайық деген мақсатта «Злиха» шаруа қожалығының төрағасы Керімқұл Бегалиевпен сұхбаттасқан едік. Кешегі Ұлы Отан соғысы жылдарында халық үшін «екінші нан» саналған картоптың бабын тауып, өнімді еңбегімен облыс жұртшылығына танылған Керімқұл Мамырұлы облыстық мәслихаттың депутаты, «Amanat» партиясы облыстық филиалының аграрлық сектор бағыты бойынша комиссиясының төрағасы. Айтары бар азаматқа көктемгі дала жұмыстарының барысы, агросаладағы қолбайлау болған мәселелер және өмір жолы жайлы сауалдарымызды қойып, орамды ой, салмақты сөзіне құлақ түрдік.

– Керімқұл Мамырұлы, сіз басқаратын қожалықтың картоп өсірумен аты шыққан. «Картоп Жамбыл облысының брендіне айналады» деп жүргенімізге көп болды. Алайда әлі де айналдыра алмай келеміз. Себебі неде?

– Иә, солай. Дегенмен Жамбыл облысының барлық аудандарында картоп егіле бермейді. Тек Жуалыда ғана картоп шаруашылығы жақсы дамыған. Себебі Жуалының ауасы, суы, топырағы картоп шаруашылығына өте қолайлы. Мәселен, Шу, Қордай, Меркі секілді аудандардың да топырағы құнарлы. Бірақ табиғи-климаттық жағдайлары картоптың өсіп-жетілуіне сай келе бермейді. Күннің қатты ыстық болуы да картоптан мол өнім алуға айтарлықтай кедергісін тигізеді. Тіпті суғарғанда да ұқыптылық танытпаса еңбегің еш кетеді. Егер суғарғаннан кейін жердің топырағы қатып, кесектеніп қалса картопты қысып жіберуі мүмкін. Жалпы, картоптың өзге көкөністерден айырмашылығы жердің астында емін-еркін жатып, өсетінінде. Қызылшаны еккенде де суғарған соң жердің беті сәл ғана үлдірдей-ақ қатқылданса көк сабағы жер бетіне өніп шықпай тіреліп, қайта жер астына қарай түсіп кетеді. Ал бұдан кейін қызылшаның өнімділігі болмайды. Міне, сондықтан Жуалыға қызылшаны екпейміз. Қызылшаны еге салысымен 1-2 күнде суғарып отыру керек. Жуалы ауданында ағын су өте өзекті мәселе. «Ақсай» мен «Көксай» өзендерінің суы еріп, егістікке суы келгенше жаз болады. Біз егінді сәуірде егіп қоямыз. Тіпті мамырда еккенде де су келе қоймайды. Ал картоптың сабағы үстінде тас тұрса да жер бетіне шығып, өне береді. Тек астындағы түйнегін топырақ қыспауы керек.

Кеңестік кезеңде Жуалыда картоп шаруашылығы ерекше қолға алынғаны соншалық, Орта Азия әскери округін картоппен қамтамасыз етіп отырған. Сан түрлі тұқымын алып келіп, егіп, мол өнім алатын. Картоп шаруашылығымен айналыса жүріп Жуалы ауданында 2 адам Социалистік Еңбек Ері атанған. Өкінішке қарай, картоп шаруашылығы Кеңес үкіметі ыдырағаннан кейін құрдымға кетті десе де болады. Колхоз, совхоз тарқады. Мемлекеттің мүлкі саналатын әлеуметтік нысандардың ғимараттары болмашы ақшаға сатылды. Осылайша адамдардың ақшаға құнығуы басталып, соңы жемқорлық індетіне ұласты. Көп істің алға басуына бірден-бір кедергі – жемқорлық. Алдындағы малының бабын жасап, алқабындағы егінінің күтімін күйттеп жүріп таңның атқанын, күннің батқанын байқамайтын шаруалар жемқорлыққа бармайды. Бірақ қоғам дертінің кесапаты шаруалардың кәсібін тіктеуіне көп кедергісін келтіреді.

– Ал өзіңіз шаруа қожалық құрып, картоп өсіруді қай жылдан бастап қолға алдыңыз?

– Әлгінде айтқанымдай, Кеңес үкіметі ыдырағаннан кейін біртіндеп 1-2 гектарға картоп егуді қолға алғандар шыға бастады. Қатарында біз де болдық. 2000-шы жылдары біздің әулеттің «Злиха» шаруа қожалығы да тікелей картоп шаруашылығына ден қойды. Колхоздан қалған ескі-құсқы техниканы пайдаланып, алғашында 1,5 гектарға ектік. Жыл сайын 5-6 гектардан қосып отырдық. Сөйтіп 200 гектарға картоп егетін жағдайға жеттік. Алайда кейінгі жылдардағы судың тапшылығы, тыңайтқыш бағасының қымбаттауы секілді қиындықтардың кесірінен егістік алқабын кемітіп, 50-60 гектармен ғана шектелдік. Былтыр 66 гектарға картоп ектік. Биыл да 60-70 гектарға егуді жоспарлап отырмыз.

Негізі картопқа сұраныс өте жоғары. Әр адам қыста 10 килодан тұтынғанның өзінде облыс тұрғындарының сұранысын қанағаттандыру үшін жүздеген, мыңдаған тонна картоп керек. Облыс шаруалары облысымыздың сұранысын толық қамти алмайды. Сондықтан Қарағанды, Петропавл, Ресейден де жеткізіледі. Өнім шеттен әкелінсе, бәсекелестік туындап, баға тұрақтылығына да оң әсерін тигізеді.

Сапалы, жоғары сұрыпты тұқым – мол өнім алудың кепілі. Тұқым мәселесінің де картоп шаруашылығын дамытуға тұсау болып отырған жайы бар. Кез келген тұқымды еге беруге болмайды. Кей диқандар бағасы арзан болғаны үшін сапасыз тұқым алып, ойдағыдай өнім ала алмай қалады. Енді бір пысықай алыпсатарлар Қарағанды, Петропавлдан өнімділігі төмен ең арзан тұқымды алып келіп, мақтауын асырып сатады. Біз Қарағандыдан да, Ресейден де тұқым сатып алып, егіп көрдік. Жақсы өнім бермеді. 

– Сонда тұқым біздің өңірге жерсінбеді ме, әлде басқа да себебі бар ма?

– Жерсінеді, бірақ тұқым ескі ғой. Сол себепті дұрыс өнбейді. Тек егетін тұқымды дұрыс таңдау керек. Алыпсатарлардан мейлінше алыс болып, сатушыдан тікелей алған жөн. «Не ексең, соны орасың» дегендей, жерге себетін тұқым жақсы болса, өнім де мол болады.

Біз биыл Голландия мемлекетімен жыл сайын элиталық тұқым алу үшін келісімшартқа отырдық. «Қызғалдақ елінен» алатын тұқымның бір килосы – миллион теңге төлейміз. Ақшасын толық төледік. Есептеп көрсеңіз, біршама қаржымыздан қағыламыз. Дегенмен бағасы қаншалықты қымбатқа түссе де төккен тердің нәтижесі дұрыс болсын деген ниетте алып отырмыз. 

Қанша жылдан бері картоп өсірумен айналысып, ырзығымызды жерден тауып жүрген соң енді тұқым шаруашылығына көңіл бөлуді мақсат етіп отырмыз. Қашанға дейін жоғары сұрыпты тұқымды шеттен тасымалдаймыз. Тұқым сатып алу үшін жыл сайын қыруар қаржымыздан қағылып жатырмыз. Тұқымның бағасына жол шығынын қосыңыз. Сондықтан алдағы уақытта элиталық тұқымды егіп, Жуалы ауданының, тіпті облысымыздың диқандарына береміз деп жоспарлап отырмыз. Ал бізге мемлекет субсидия төлейді.

– Картоп өсіретін шаруаларға мемлекеттен қолдау ретінде лизингке ауыл шаруашылығы техникалары беріліп еді. Қаншалықты қолжетімді болды?

– Техникалар сол материалдық-техникалық базасын жаңартуға ниеттенгендерге берілді. Әлі де лизингке алып жатқандар баршылық. Бірақ қазір техниканың бағасы тым шарықтап кетті. Ел Президенті де еліміздегі ауыл шаруашылығы техникаларының 70 пайызы ескіргенін айтты. Өте дұрыс. Ескі техникамен әлі есіміз шығып жүр. 70 пайызы ескірген. Ал жаңарған 30 пайызын «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы арқылы лизингке алдық. Алып та жүрміз. Бірақ кейінгі уақытта баға тым көтеріліп кетті. Мысалы, бұрын 10 миллионға алатын тракторымыз қазір 18 миллион тұрады. Тіпті қосалқы бөлшектері де едәуір қымбаттады. Одан бөлек картоп өсіруге пайдаланатын құрылғылардың да бағасы аспандап барады.

Сондай-ақ шаруалар лизингке техника алу үшін кепіл ретінде мүлкін қоюы керек. Жанға бататыны, елді мекендердегі шаруалардың кепілге қойған мүлкінің тек 30 пайыз ақшасын ғана береді. Қаладағы шаруалар мүлкінің 70 пайыз ақшасын алады. Ауылда тұрамын, үйімді кепілге қойдым делік. Үйім 10 миллион теңгеге бағаланды. Шартқа сәйкес 10 миллионның тек 3 миллионын ғана аламын. Міне, осының барлығы шаруалардың тірлігін тіктеуіне кедергісін тигізіп отыр. Шаруалар қандай жағдай болмасын ісін тастап кетпейді. Қайткенде де діттеген мақсатына жету үшін жалғыз сиырын сатса да барын салады. Себебі шаруақор адам дала жұмысына бейімделіп қалған. Бәрібір егінін егеді. Сондықтан ынталы шаруаларға мемлекет тарапынан да қолдау болса екен. Жеңілдетілген несие бар. Бірақ алған соманы 1 немесе 3 жылда қайтару керектігі міндеттелген. Әрі ай сайын төлеп отыру керек. Сондықтан кейбіреулер алған несиесінің жартысын ғана шаруасына салады да, жартысын ай сайынғы төлеміне қойып қояды. Яғни ақшаның жартысы қажетіне жарамайды. Ай сайынғы төлем үшін тұрады. Несиені берген соң 2-3 жыл «демалыс» беріп, қаржыны 5 жылда қайтаратындай етсе екен. Егер осындай мүмкіндік жасалса, кез келген шаруа 3 жылда-ақ ақшаны үйіп-төгіп қайтарады. Несие беретін қаржы ұйымдарының пейілі белгілі. Мемлекеттен төмен пайызбен алады да шаруаларға үстеме бағасымен 10-20 пайызбен береді. Айта берсе шаруалардың дала төсінде кеңінен көсіліп, еңбек етуіне кедергі болып отырған мәселелер шаш етектен.

Шаруаға қажетті қаржыны қағазбастылыққа салмай, ең бастысы 2-3 пайызбен несие беретін агробанк құрылса, ісіміз өркендеп, ел экономикасы да көтерілер еді. «Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының драйвері» деп бекер айтылмаса керек-ті. Мал, егін шаруашылығы дамыса, азық-түлік те қымбаттамайды әрі ішетін асымыз да қауіпсіз, табиғи болар еді. Ауыл көркейсе, бүкіл ел өркендейтінін ешкім ұмытпаса екен. «Ауыл – алтын бесік» деген ғой.

Айтылғандардан бөлек, уақтылы тыңайтқыш алу да бір мәселе. Дәл керек кезінде жеткізілмейді. Бұл да біраз істі кейінге тартады. 

–  «Amanat» партиясы облыстық филиалының аграрлық сектор бағыты бойынша комиссиясының төрағасысыз. Дала еңбеккерлерінің қандай мәселелерінің шешілуіне себепкер бола алдыңыздар?

– Депутаттыққа сайланып, «Amanat» партиясы облыстық филиалының аграрлық сектор бағыты бойынша кеңесіне төраға болған 1 жыл ішінде 4 мәрте отырыс өткіздік. Жиынға ауыл шаруашылығы басқармасының басшылығын, облыс әкімінің салаға жауапты орынбасарын және өзге де көтерілетін мәселеге жауапты тиісті органдардың басшыларын шақырамыз. Келеңсіз жайттарды, түйінді мәселелерді кеңес отырысында ашық айтып, шешілу жолдарын бірге іздейміз. Атап өтер болсақ, кеңес отырысында егістік алқаптарға су жеткізетін каналдарды бетондаумен айналысатын мердігер компаниялардың шала істері қаралды. Айталық Жуалы ауданында  4 500 метр каналды қайта жаңалап салу үшін 944 миллион теңге бөлінген. Жауапты мердігер компания құрылыс жұмыстарын өткен 2021 жылдың көктем айында бастап, маусымында аяқтау керек болған. Ал каналдың құрылысы әлі біткен жоқ. Құрылыс жұмыстарының кешігуінің себебі – жобаны ұтып алған мердігер компания ақшасы жеткенше істеп, жұмысты жалғастыруды қосалқы мердігерге қалдырған. Ал енді қосалқы мердігер табылмай отыр екен. Жұмысты бастаған мердігер қайткенде де аяғына дейін жеткізу керек еді. Жақын арада жуалылық шаруалар су сұрай бастайды. Суды жеткізетін канал әлі бітпеді. Мәселен, алқапқа 2 000 текше метр су келу керек болса, енді каналдың бетондалмауынан су техникалық кедергіге ұшырап, біразы жерге сіңіп, 500-600 текше метрі кем келеді. Міне, осы секілді мәселелерді кеңес отырысында талқылап, хаттамасын, қаулысын жазып, жоғарғы билікке де жібереміз. Жайылым тапшылығы, тыңайтқыш секілді өзге де ауыл шаруашылығы саласындағы күрделі мәселелерді талқылап жүрміз. Айтылған мәселелердің кейбір күрделілерін нысанға барып, зерделеп те анықтаймыз. 

– Жалпы өзіңіз шаруашылыққа қанша жасыңызда келдіңіз?

– Бала кезден десем, қателеспеймін. Ес жиғалы егін алқабына қалай күтім жасалатынын, суғарылатынын көріп өстік.

Жуалы ауданының Түктібай ауылында шаруа отбасында туып-өстім. Әкем Мамыр картоп суғаратын сушы, анам Алтын сауыншы болды. Отбасында 10 ағайындымыз. Төртеуі ұл, алтауы қыз. Әкеме қолғабыс ете жүріп, егін шаруашылығының мән-жайын ұғындық. 

Бала күнімізде әр нәрсеге қызығып, бәрін меңгеруге ұмтылып, «Өскенде кім боласың?» десе аспанда ұшып бара жатқан тікұшаққа қарап «Көкте қалықтап ұшқан қандай керемет! Ұшқыш боламыз» дедік. Одан сарт-сұрт етіп, жүйткіп бара жатқан пойызды көріп, шұбырған вагондарды басқарып, даланы кезген қандай рахат деген оймен «тепловозшы боламын» дедік. Кино көргенде ондағы әр кейіпкерге елітесің. Біздің кезімізде «Қыз Жібек» секілді мәні бар киноларды көрсететін. Кинодағылардың әрекетіне қарап, ерлігіне жігерленіп отырып «Төлеген боламын» дейін десем, өліп қалады. Бекежан болайын десең, жағымсыз әрекеттерге барады. Содан домбырасын тартып, әндетіп, жырлатып жүретін Шеге болайын дейсің. Міне, осылайша әр көргеніңе қызықтап, қиялға еріп, арманшыл болып өстік. Дегенмен ата-анаңнан көрген-білгеніңмен бойыңа сіңген қабілетіңе қарай іс қылады екенсің. Сол қалыппен картоп шаруашылығына келдік. Ауыл мектебінен 8-сыныпты бітірген соң әкем «Ауыл шаруашылығына бейімдеусің» деп Шымкенттегі совхоз-техникумға жетелеп алып барды. «Әке – балаға сыншы» деген. Баланың қай іске қыры барын, болашақта нанын қай саладан тауып жейтінін әке жақсы біледі ғой. Кішкентай күнімнен қасына ертіп жүріп, шаруаның қыр-сырын үйреткен әкем сөйтіп ауыл шаруашылығы техникумына оқуға түсірді. Төрт жыл оқып, «Механик» мамандығын алып шықтым. Совхозға енді жұмысқа тұрып, еңбекке араласа бастағанда жасым жетіп, әскер қатарына шақырылдым. Мәскеуде 6 ай оқу-жаттығудан өтіп, Хотилово деген жерде 1 жарым жыл Отан алдындағы борышымды өтедім. 

Ауылға оралған с оң баяғы к олхоздың шаруашылығына кірістім. Бірден механик болмай, алдымен трактор тізгініне отырдым. Трактор айдап жер жыртып жүріп картоптың тұқымын сепкенді, күтіп-баптағанды, жалпы еккенінен тергеніне дейінгі жұмыстарының бәрін көріп, осы іске қызығушылық туды. Кейін Шымкенттен дәм бұйырып, сол қалада жұмыс істеп жүріп, сонда үйлендім. 1996 жылы өзімнен кейінгі інім Нұржігіт ауданымыздан шаруа қожалық құрды. Бастапқыда қожалықтың атын атамыздың атымен «Бегалы» деп ашады. Бірақ іс дұрыс жүрмей қояды. Содан ойлана келе әжеміздің  есімімен «Злиха» деп атайды. Себебі інім екеуміз бала күнімізде Злиха әжеміздің баласы болдық. Түнде де екеуміз екі жағында жататынбыз. Бізге бар мейірім-шапағатын төгіп өсірген еді. Құдірет-ай десеңізші, қожалықтың атын үлкен анамыздың есімімен атаған соң-ақ іс алға басып, дөңгеленіп кете берді. Осыдан кейін балаға есім берумен қатар, өзіңізге қымбат санайтындарға да ат қойғанда дұрысын таңдап, мағыналысын қою керек екен деген ой түйдім. Негізі атқа да байланысты екен ғой. 

Злиха әжем өте көпшіл, қонақжай, жомарт жан еді. Үйден кісі арылмайтын. Дастарқан жиылмайтын. Ол заманның дастарқаны қазіргідей емес. Ең бастысы нан бар әйтеуір. Шақпақ қант болатын. Ол бізге өте дәмді, аса қат тәттінің бірі еді. Қолға түссе, бірден бас салып жей салмаймыз. Көшеге шығып, достармен бірге бөлісіп жейтінбіз. Жазушы Шерхан Мұртаза айтпақшы, ол кезде тәтті-дәмді тағам қат болса да адамдарда бауырмалдық, мейірімділік қасиет мол еді ғой. Біздің үйден үш үй бұрын тұратын атамыз болатын. Сол кісі таңалагеуімнен оянып алып, бәріміздің үйіміздің терезесін қағып «Тұрыңдар!» деп оятып шығатын. Тура бір өз отбасының адамдарын оятқандай. Бүкіл ауыл сол кісінің айтқанын тыңдайтын. Үлкеннің сөзінен аттап кетпейтін де, сөз қайтармайтын да. Міне, көрдіңіз бе, ол заманда менікі-сенікі, сен басқа үйденсің, бөтенсің деген жоқ. Бір ауылдың адамдары бір үйдің адамдарындай тығыз қарым-қатынаста өмір кешетін. Қазір біреудің терезесін таң азаңмен қағып көрші, бірден полиция шақырып, шағымданып шыға келсін. Тіпті мектепте мұғалім тілазар балаға «Тәйт» деп қалса, басы бәлеге қалады. 

Ол заманда материалдық жағынан жетіспеушілік кезең ғой. Біз бір-біріміздің киімімізді киіп өстік. Тіпті әпкелеріміздің аяқ киімдерін де киетінбіз. Әпкем таңертең оқиды. Түсте келгенінше күтіп отырамын да, келе салысымен аяқ киімін киіп алып мектепке кетемін. Ол қыздың әлде ұлдың аяқ киімі ме, оған қарамаймыз. Ең бастысы – мектепке жалаңаяқ бармасаң, білім алудан қалмасаң болды. Сонда аса жоқшылық емес қой. Әкеміз де, шешеміз де жұмыс істейді. Дегенмен көпбалалы отбасылардың балалары бірінің киімін бірі киетін. Шүкір, нан мен сорпа ішсек те тамақ тоқ, аш жүргендер жоқ. Мен үнемі жүрген жерімде айтамын «Шаруа еш уақытта байымайды, бірақ тоқ жүреді» деп.

Әжемнің шешемізге ас-ауқат әзірлегенде «Екі-үш ожау артығырақ пісір, кім біледі үйге біреу келіп қалар» деп ескертіп отыратынын талай естідік. Үнемі өз отбасымен қатар келу-келмеуі белгісіз қонақтарды да ойластырып жүретін. Қолы ашық, пейілі кең әжеміздің әрбір әрекетінен біз бойымызға тәлім сіңіріппіз. Оны кейін аңғардық қой. 

Інім ашқан шаруа қожалыққа Шымкентте жүріп те қолымнан келгенінше көмектесіп тұратынмын. Ауылға келгенде жұмыс барысын байқап, білгенімді айтатынмын. Содан бір күні әкем: «Бала енді үйге қайт. Ініңе көмекші болып, істі бірге атқарыңдар» деді. Тұрақты жұмысым бар, жай-жағдайым жақсы. Бірден көшіп келуге келісе қоймап едім, әкем: «Мен өлгеннен кейін келгеніңді не істеймін», деді. Осы бір ауыз сөзден-ақ қарт әкенің көзі тірісінде балаларын қасында ұстап, ақылын айтып, білгенін көрсетіп, біздің қызығымызды көргісі келгенін ұқтым. Сөйтіп 2000 жылы ауылға көшіп келдік. Үш жыл әкем қасымызда жүріп, бар білгенін айтып, үйретті де дүниеден өтті. Інім Нұржігіт екеуміз қожалыққа ие болып қалдық. Інім шаруаға бір иығын беріп тұратын өте іскер және ізденімпаз. Шаруаға қатысты семинарлар болса ешбірінен қалмай, еңбектен алған тәжірибесін ғылыммен толықтырып жүретін. Тіпті шетелдерге де барып, озық техникаларын көріп келіп, лизингпен алды. Соның көмегімен өнімділік артып, қожалығымыз нығайды.

Жұбайым Жұмағыз екеуміздің шаңырағымызда үш қыз, бір ұлды тәрбиелеп, өсірдік. Қазір бәрі де үй-жайлы, бізге немере сүйгізді. Ұлым Кәрімжан агрономия мамандығын оқып, меңгеріп, қазір менің жолыммен еңбек етіп жүр.

– Сөз соңында жастарға деген ағалық ақылыңызды тыңдасақ...

– Бастапқыда Жуалы аудандық, қазір облыстық мәслихатта депутаттықты атқара жүріп, жастармен жиі кездесемін. Өз балаларымды тәрбиелегенде олардың достарына да ақыл-кеңесімді айтып жүремін. Мектептерге де жастармен кездесулерге барып тұрамыз. Былайша айтқанда жастармен тығыз байланыстамын. Оларға ылғи айтатыным – адам мамандықты өзінің бойындағы бар қабілетіне қарай таңдаса, адаспайды. Әрі нағыз істің шебері болып шығады. «Шымшық сойса да қасапшы сойсын» деген сөз бекер айтылмаған. Егер әр істі өз шебері атқарса, сапасыздық та, сыбайластық та болмас еді. Өзінің түпкі діттеген мақсатын дұрыс қойған адам ақшаны көздемейді, еңбекке бас ұрады. Ал еңбеккер нанын адалынан жейді. Тек байлықты ойлай беру, оңай жолмен олжа табу адамды аздырады. Қазір жастардың, тіпті кіп-кішкентай балалардың өзі телефонда отырады. Телефонның, техниканың тілін білген жақсы. Тек жақсы мақсатқа ғана қолданса. Әйтпегенде қайтып келмес алтын уақытты телефонға ұрлатасың, ертең қарттық келгенде босқа өткен жастығың үшін өкінесің. Жастар осыны ескерсе екен деймін.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Қамар ҚАРАСАЕВА