КАНАЛ РЕТКЕ КЕЛТІРІЛІП, СУ БЕРІЛДІ

КАНАЛ РЕТКЕ КЕЛТІРІЛІП, СУ БЕРІЛДІ

Түймекент ауылы - ауданымыздағы іргелі ауылдардың бірі. Кейінгі жылдары мұнда сырттан көшіп келушілер саны көбейе түскен. Ауыл тұрғындарының негізгі бөлігі мал өсірумен бірге, егін шаруашылығымен де айналысады. Олардың ішінде «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» пилоттық жобасынан басқа да өз үй іргесіндегі жерлерді тиімді пайдаланып, өздеріне қажетті қияр, қызанақ, картоп, басқа да көкөністер егіп отырған азаматтар емес. Олар өздерінен артылғандарын сатып та пайда табады.

Үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану үшін егін суының ауадай қажет екені айтпаса да түсінікті. Алайда, биылғы жылы жауын-шашынның мол болып тұрғанын көріп отырмыз. Дегенмен қазақта «Жеті күн жауған жауыннан, желіп өткен су артық» деген аталы сөз бар. Сол айтқандай ауылда егін суы осы уақытқа дейін өз қиындығын көрсетіп келгені де шындық.

Ауылдық округ әкімі Қанат Смағұлов  Байзақ каналынан ауылға су бөлінетін тұсын биыл ерте қолға алды. Каналдың ауылдың күн шығыс жағындағы үшке бөлініп, ауылға су келетін тұсы жылда мәселе (проблема) туындатып жататын. Келген азын-аулақ су каналдың ернеуін бұзып, ауыл халқына дұрыс жетпеуші еді.

- Біз ауыл халқының көмегімен каналдың төменгі тұсының 25 метр жеріне үлкен цемент астау қойдық. Сондай-ақ ауылдың келесі үш көшесіне су баратын 12 метр жолына салмағы 7 тонналық 2 темір құбыр қойылды. Бұдан басқа ауыл шетіндегі көшелерге су баратын үлкен арықтың 20 метр жері қазылып, жағалаулары мықтап бекітілді. Міне, бұл жұмыстарды атқаруда ауыл азаматтарының көмегі көп болды. Соның арқасында аталған каналмен ауылға секундына 50 текше метр су келіп жатыр,-дейді округ әкімінің орынбасары Талғат Мысықбаев.

Иә, Талғат айтса айтқандай биылғы жылы ерте қамданғанның арқасында ауылға 20 мамырдан бастап су келе бастаған. Байзақ каналынан үшке бөлініп, ағып жатқан су ауыл көшелеріне жетіп, бау-бақша еккен шаруаларға көп көмек болып отыр.

- Бұрнағы жылдары судан тапшылық көретінбіз. Биыл бақшамызға су ерте келіп, қазірдің өзінде 3 рет суарып үлгердік. Нәтижесінде қайсыбір өнімнің болсын шығымы жақсы. Бұл үшін ауыл басшыларына алғыс айтамыз,-дейді ауыл тұрғыны, жеке кәсіпкер Умида Сапарбаева.

Сүндетулла Әбілов,
Түймекент ауылы