Енді мүгедектігі бар баланы емдеуге алып жүретін ата-анасына барлық шығыны өтеледі

Енді мүгедектігі бар баланы емдеуге алып жүретін ата-анасына барлық шығыны өтеледі. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев айтты.
– Мүгедектігі бар баланы санаторий-курорттық емдеуге алып жүретін ата-анасының (заңды өкілінің) біріне мекемеде орналасу, тамақтану, жатын орны сияқты бірінші қажеттілік болып саналатын шығыстарының құны өтеледі, - деді депутат.
Оның сөзінше, бұл бастама шалғай аудандардағы әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың мүгедектігі бар баласына жан-жақты санаторий-курорттық ем-дом алуға жол ашады.
– Бүгінге дейін бұл мәселені жергілікті бюджет арқылы тек қана 3 аймақта, оның ішінде Нұр-Сұлтан қаласы, Қарағанды және Павлодар облыстарынан алып жүруші заңды өкілдеріне қаржы қарастырылған еді, - деп түсіндірді Бейсенбаев.
Мәжілісмен атап өткендей, бұл аса маңызды нормалардың бірі. Өйткені қазірдің өзінде көптеген ата-ананың әлеуметтік жағдайы баласымен бірге санаторий-курорттық ем-домын алуға жете бермейді.
– Жалпы заң жобасындағы қарастырылған қаржының басым бөлігі осы позицияны іске асыруға бағытталады. Біздің алдын ала жобалық есебіміз бойынша 3 жылдың ішінде кемінде 62 мыңнан астам баламен ата-атасы немесе олардың заңды өкілдері санаторий-курорттық ем-домға бірге барады. Сондай-ақ заң жобасының аясында емханалардағы қызметті бірінші кезекте алу, үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдарды нотариустық қызметтер жасауда ақы төлеуден босату нормасы, 50 мың балаға арналған психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар құру қағидаты, адам саудасының құрбаны болған шетелдік азаматтарға жан-жақты әлеуметтік қызмет көрсету бойынша нормалар енгізілді, - деді ол Мәжілісте.
Сонымен қатар оның мәліметінше, осы заң жобасының аясында 3 жылдық республикалық бюджеттен 5,9 млрд теңге қаржы қарастырылған.