ЕЛДОС СМЕТОВ СТУДЕНТТЕРГЕ АҚЫЛЫН АЙТТЫ

ЕЛДОС СМЕТОВ СТУДЕНТТЕРГЕ АҚЫЛЫН  АЙТТЫ

Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күні қарсаңында Әлемге танымал жамбылдық дзюдошы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Рио-де-Жанейродағы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Елдос Сметов қала мектептерінің оқушыларымен және студент-спортшылармен кездесті. 

Тараз қаласының олимпиадалық резервті даярлау орталығында өткен кездесуді облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы және Тараз қалалық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды. 

Атақты спортшы балалармен әңгімелесу кезінде өзінің олимпиадалық тұғырға апаратын ұзақ та қиын спорттық жолы туралы шешіле сөйлесіп, өз жетістіктерінің құпияларымен бөлісіп, біраз кеңес те бере кетті. 

Олимпиада жүлдегері жастарды салауатты өмір салтын ұстануға және спортпен шұғылдануға шақырды. 

– Мықты денсаулық үшін спортпен белсенді айналысып, жаманнан жиреніп, алдына үнемі мақсат қоя білген адам ғана дегеніне жете алады, – деді Е.Сметов. 

Жамбылдық дзюдошы кездесуге қатысқандарға алдына қойған мақсатына жетуде адам ешқандай қиындықтарға қарамай, табандылықпен ұмтылу қажеттігін айтты. Оқушылар спорт туралы, сондай-ақ спортшының жеке тәжірибесі туралы өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды.

– Елдос Сметов сияқты атақты спортшыларды балалар жақсы білуі керек. Мұндай кездесулер адамгершілік және рухани құндылықтарды нығайтуға, жастарды тәрбиелеуге үлкен үлес қосады. Олар да биік белестерге ұмтылады, өз болашағына сенімді болады, – деді облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Асқар Жұмабеков.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі