Ең бастысы – ел бірлігін сақтау

Ең бастысы – ел бірлігін сақтау

Тараз қаласы мәслихатының депутаттары Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент Мәжілісінің отырысында  «Қасіретті қаңтар» сабағы: қоғам тұтастығы – Тәуелсіздік кепілі» тақырыбында сөйлеген сөзін жан-жақты талқылап, берілген тапсырмалар бойынша ой-пікірлерін ортаға салды.

 Ең алдымен сөз тізгіндеген қалалық мәслихаттың хатшысы Батырбек Құлекеев сын сағатта шұғыл әрі батыл шешімдер қабылдаған Президенттің тапсырмаларын тілге тиек етті.

Қиын қыстау сәтте Мемлекет басшысы билік тізгінін нық ұстап, нақты шешімдер шығарды. Ел арасына сызат түскенде халыққа аса қажетті мәселелерді тапсырды. Жедел әрі жүйелі, шұғыл әрекеттердің нәтижесінде Елордамыз да, басқа да шаһарларымыз орнында. Ендігі ортақ басты міндетіміз – билік пен халық арасындағы байланысты нығайтып, бірлігімізді арттыру, – деді қалалық мәслихат хатшысы

Өз кезегімен сөз алған қалалық ардагерлер кеңесінің төрайымы Күләш Әбдікешова бейбіт шеруге ең алдымен көпбалалы аналардың шыққанын, оның арты үлкен бас көтеруге ұласуының басты себебі әлеуметтік жағдайдың төмендігі екенін жеткізді. Ал қалалық Қоғамдық кеңестің төрағасы Сембек Сейдәзімов: «Президентіміздің батыл шешімдерінің арқасында жағдай тез арада шешіліп, небәрі үш, төрт күнде тұрақталды. Алыс-жақын шетелдерде мұндай мәселелер айлап, жылдап әзер дегенде шешіледі. Осының өзі Мемлекет басшысының кемеңгерлігін көрсетеді. Одан кейін облыс орталығындағы бейбіт шеруде көбіне жастар, жасөспірімдер жүрді. Бірақ жастарға біржақты кінә арта беруге болмайды. Басты кінә оларда емес, сол жастарға дұрыс тәрбие бере алмай жүрген өзімізде. Сондықтан осы мәселеге баса назар аударуымыз керек» деп өз ойымен бөлісті.

Басқосу барысында халық қалаулылары орын алған жағдайдың себеп-салдарын, алдағы уақытта қайталанбас үшін қалай жұмыс жасалу қажет екенін саралады.  

Нұржан ҚАДІРӘЛІ