«ДӘМДІ СЕБЕТ» ДҮКЕНІ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ МЕНСІНБЕЙДІ МЕ?

Тараз қаласында «Дәмді себет» дүкендер желісін білмейтін тұрғын көне шаһарда жоқ шығар. Тауарларының бағасы да өзгелерге қарағанда қолжетімдірек. Сондықтан да дүкендерінің қайсысына барсаңыз да тұтынушылар көп. Алайда келушісі көп дүкенде тауарлардың атауы тек орыс тілінде жазылған.
Біз мақаламыздың жоғарғы жағында көрсеткендей, еліміздің «Тіл туралы» Заңының 21-бабындағы соңғы өзгерісте көрнекі ақпарат мемлекеттік тілде, егер қажет болса ғана орыс тілінде жазылуы керегі нақты айтылған. Яғни аталмыш дүкеннің ақпараттық жазбасы заңды белден басып отыр деген сөз. Мұның мәнісін білу үшін аталмыш дүкендер желісінің басшылары отыратын кеңселеріне бардық. Біздің сауалдарымызға жауап берген аталған дүкендер желісінің басқарушы директоры Елена Лунина біріншіден заттың атын жазатын арнайы бағдарламада баға көрсеткіште әріп таңбалардың саны шектеулі болғандықтан қос тілде жаза алмағандарын айтты. Екіншіден, өнім шығарушылар тауарлардың атауын орыс тілінде беретіндіктен, солай жазуға мәжбүр көрінеді. Себебі бағдарламада әр тауардың атауы сәйкес келуі керек екен. Үшіншіден, егер барлық тауарларының атауын мемлекеттік тілге аударып жазатын болса, бағдарламаға тағы қомақты қаржы жұмсауы керек көрінеді. Ол шығынды тауарлардың бағасына қосады да, соның салдарынан қымбатшылық орын алуы мүмкін дейді. Тіпті Елена Владимировна сауалдарыма осындай себептерін айтумен қатар:
– Сіз орыс тіліне қарсысыз ба? Бұл мәселені көтеру өзіңіздің жеке бастамаңыз ба? Сіз ұлтшыл екенсіз, – деп жеке басыма қатысты артық сөйлеуге көшті. Ақыр аяғында кабинетінен қуды. Бұл жағдайға қатысты аталмыш компанияның директоры Алмазбек Шегебаевқа қайырылғанымызда, мәселені анығырақ зерттеп, ертесіне нақты жауабын беретінін айтты. Ертесіне «Дәмді себеттің» кеңсесіне тағы келдік.
– Негізі біз 10 мыңнан аса өнім өндірушілермен жұмыс істейміз. Солар тауарлардың атауларын орысша жазып әкеледі. Және жеткізушілер де іс қағаздарын орыс тілінде жазады. Қазір сол кісілермен осы мәселе бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. 1С бағдарламасында қазақ тілі жоқ болғандықтан, оны қостырып жаңадан сатып аламыз. Тауарлардың атауларының бәрін қазақшалап, бағдарламаға ендіру де біраз уақытты қажет етеді. Осындай жұмыстар біраз уақыт алатындықтан, нақты қанша күннен соң дүкендеріміздегі тауарлардың атауы қазақшалап жазылатынын қазір айта алмаймыз. Бірақ мейлінше жақын арада өзгерту бағытында жұмыс істейміз. Ал бағдарламаға төленетін қаржыны тауарлардың бағасына қосу-қоспауымыз да әлі талқыланады. Дегенмен барынша халыққа қолжетімді бағаны ұстауға тырысамыз. Енді біз де өнім шығарушылардың тұтынушысы ретінде олардан тауар атауларын қазақша жазуларын талап етеміз, – деген Алмазбек Жамбылұлы бізге алғашқы барғанымызда дөрекілік көрсеткен Елена Лунинаға тиісті жаза берілетінін де айтты.
Айтпақшы, бізге дейін аталмыш дүкеннің тұтынушылары тарапынан да тауарлардың қазақ тіліндегі атауы жоғы айтылыпты. Облыс әкімдігінің Тілдерді дамыту басқармасының қызметкерлері «Дәмді себеттің» 2 дүкеніне барып, заң талабын сақтамай отырғандарын ескертіп, әдістемелік көмекті тегін көрсететіндерін ұсынған. Алайда дүкендер желісінің директоры бұл жайттан мүлдем бейхабар болып шықты. Дүкендеріне облыстық тілдерді дамыту басқармасының қызметкерлері келіп, әдістемелік көмек ұсынғанын оларға ешбір жұмысшылары жеткізбепті. Енді басқарма қызметкерлері дүкендер желісінің басшылары отыратын кеңсеге барып, жұмыс жүргізетін болды.
Сондықтан біз тап болған әдепке сыймайтын жайттың заң аясында анығы қалай болатынын Тараз қалалық прокуратурасынан сұрадық. Алайда олар жағдайды зерттеп, жауапты 3-15 жұмыс күні аралығында жіберетіндерін жеткізді. Алдағы уақытта прокуратурадан келетін жауапты да оқырмандарымыздың назарына жариялайтын боламыз.
Біз көпшілік халыққа қызмет көрсететін қоғамдық орында заңның сақталуын айтып барғанымызға жоқ жерден ши шығарып, артық әңгімеге барған басқарушы директормен арада болған жайтқа облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінің директорынан да пікір алғанды жөн көрдік.
– Мемлекетіміздің заңы осы жерді мекендейтін барлық тұрғынға ортақ. Дұрыс, мемлекеттік тіл бірінші орында тұрады. Қоғамдық орындардағы көрнекі ақпараттардың алдымен қазақша, содан соң орысша көрсетілгені жөн. Заңның талабын ескертіп барғандарыңыз да құптарлық іс. Бірақ сол жерден «ұлтшылсың» деп ұлтараздық пікір туғызуға апарғаны жөнсіз болған. Бір шаңырақ астында бірге өмір сүргендіктен, этносымызға, діни нанымымызға қарамай бәріміз отандас бауырлар болып, татулықты ұстануға тиістіміз. Барынша ұлтараздық пікір туғызбаудың жолын іздеуіміз керек. Мен де ұлтым басқа болғанымен, Қазақстанды Отаным деп білгендіктен, мемлекеттік тілді үйреніп, қазір таза да жатық сөйлей аламын. Әр адамда «Мемлекетімнің тілін меңгеремін» деген мақсат болса, қанша қиын болса да үйрене алады. Сіздер айтқан дүкен, дәмханаларға енді біз де өз тарапымыздан арнайы барып, мемлекеттік тілде жазуларын ескертетін боламыз. Дегенмен заң бойынша жеке кәсіпкерлер жұмысшыны алғанда оған қандай талап қоятыны өз еріктерінде. Бірақ қызмет алушылар қандай тілде қайырылса, сол тілде жауап беруі керек. Егер қазақ тілінде қайырылған азаматқа ол тілде жауап қайтара алмаса, тіл білетін маманды шақыруы тиіс. «Қоғамдық келісім» мекемесінің негізгі көздейтіні де татулықты ту ететін келісім, – дейді «Қоғамдық келісім» мекемесінің директоры Парида Мамедова.
Енді аталмыш дүкендердегі өзгерісті асыға күтеміз. Және бұл жайтты назарда ұстап, бақылайтын боламыз.
Мұндай жағдайда облыстық тілдерді дамыту басқармасы да, тұтынушылар құқын қорғау басқармасы да өз тараптарынан тексеріс жасап, заңсыздықты кездестірсе шара қолдана алмайды екен. Ондай әрекеттер басқармалардың құзыретіне жатпайды. Сол себепті де әрбіріміз азаматтық ұстаныммен жүрген жерімізде тіліміздің құқының қорғалуын талап етіп, тіл жанашыры болайық! Сонда ғана ана тіліміздің қолданыс аясын кеңейте аламыз.

ЗАҢ ТАЛАБЫ САҚТАЛУЫ ШАРТ

Мемлекеттік тілді қолданудағы заңдылықтарды сақтамаған жайттарды «Светофор» дүкендер желісінен де, «Эльба» дәмханасынан да кездестірдік. «Светофор» дүкенінде келушілердің назарына ұсынылатын ақпараттық хабарламалар тек орыс тілінде жазылса, тауар атауларының қазақша аудармасы қате берілген. Ал «Эльба» дәмханасында тағамдардың атаулары мен ас мәзірі тек орыс тілінде көрсетілген. Біз аталмыш кәсіпкерлік нысандарына облыстық тілдерді дамыту басқарамасының қызметкерлерімен бірге барып, мамандар дүкен, дәмханалардың басшылығына, қызметкерлеріне заңнан ақпар беріп, кемшіліктерді түзетуді ескертті. Қажет болса, әдістемелік көмек көрсетуге даяр екендерін де жеткізді. Енді осы нысандардағы аталған олқылықтардың жөнделуін асыға күтеміз және бақылауда ұстаймыз. Осындай жайтқа Қолбасшы Қойгелді көшесінде орналасқан Халыққа қызмет көрсету орталығында да кездестік. Яғни орталықтағы кассада келушілердің назарына ұсынылған хабарландыру тек орыс тілінде жазылыпты. Халыққа қызмет көрсету орталығының сол бөлімшесінің басшысы Шалхар Елемеске жеткізгенімізде, ол касса «Қазпоштаныкі» екенін айтып, соларға ескертті. Енді ол хабарландырудың мемлекеттік тілге өзгертілуін де бақылауда ұстаймыз.

Қамар ҚАРАСАЕВА